Оқиға • 30 Шілде, 2020

Абай мұражайының бас шырақшысы

1011 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Бір жылдың төлі болып саналатын құрдасы Әлихан бастаған Алаш арыс­тарының бірден-бір тілектес, ниеттесі болған әкесі Мұхамедхан ұсталып кеткен соң институттан қуылған Қайымның ендігі жалғыз қамқоршысы Мұхтар Әуезов болды. Жақсы ағаның ақыл-кеңесімен ол студент кезінің өзінде ғы­лыми тұрғыдағы оннан астам зерттеу ең­бегін жазып үлгерді. Мұның сыртында өлең жазып, аудармамен де айналысты. Соның нәтижесінде жасы жиырманың ортасына келмей жатып, республика Жазушылар одағының мүшелігіне өтіп үлгерген.

Абай мұражайының бас шырақшысы

Адамды тану жөнінен қамшы салдырмайтын, бір жағынан ағасы іспеттес Мұх­тар Қайымның бойынан имандылық пен адалдықты қапысыз аңғарғандықтан оған отызыншы жылдардың аяғынан бас­­тап жауапты да нақтылы міндеттерді жүк­теген. Абай және оның шәкірттері мұра­сының жоғалып кетуінен қауіптенген Мұхаң ескі заманның есті әңгімелерін білетін қариялардан дерек алып қалу, ақын өлеңдерінің текстологиясын зерттеу, Абайдың алғашқы мұражайын ашуға негіздеме жасау жұмыстарын сенімді шәкірті Қайымға жүктеген. Осыдан кейін-ақ Қайым әрі досы, әрі әріптесі болып табылатын Борис Акерман деген азаматпен жүк машинасымен Шыңғыстауды ерінбей-жалықпай айлап аралап, Абайды көзі көрген қариялармен де әңгімелесуге уақыт таба білді, ақын шығармаларының шынайылығын да анықтап бақты. Са­пар барысында ақын өміріне қатысты тұр­мыс­тық заттар да табылып жатты. Сол кез­дің өзінде 500 жәдігер нақтыланып, оларға ғылыми сипаттама берілген екен. Со­лайша Қайым Мұхамедханов 1940 жылы Семейде ашылған Абай мұражайын ұйым­дастыруға өлшеусіз еңбек сіңірді.

Ұстазы Мұхтар Әуезовпен бірге мұра­жайға лайықты ғимаратты таңдасқан да Қайым. 1940-1944 жылдары Бекбай Байы­совтың үйінде ашылған мұражай 1944-1967 жылдары Әнияр Молдабаевтың үйіне жайғасты. Бұл екі үйдің де Абайға ерекше қатысы бар еді. Әниярға қамқорлық танытып оқытқан да өзі. Ақын 1875-1904 жылдары Семейге келіп жүргенде осы үйлерге түседі екен.

Қайымның Семейдің көне тарихын да жақсы білетіндігі мұражайды түбегейлі жабдықтауға септігін тигізіп жатты. Ежел­гі Семейдің облыстық статусты иеленген он тоғызыншы ғасырдың ортасынан бастап өркендеп, өркениетке бір табан болса да жақындай түскені де рас. Соның айғағындай, аталған ғасырдың сексенінші жылдары Семейге ат басын тіреген Шо­қан сынды ғұлама ғалымның ең жақын досы, халқымыздың жанашыры, өзі де атақты ғалым Г.Потаниннің бұл қаланың Сібірдегі қалалардан айырмашылығы көп екендігін айта келіп, Семей Орта Азия ше­біндегі бейнебір Одесса сынды қала, тек ондағы корабльдерді түйелер керуені алмастырады деп іш тарта баға беруі де сондықтан.

Айтты айтпады, тоғыз жолдың то­ра­бындағы Семей ендігі жерде өсіп-өр­­кен­дей түскен. Оған сол шақта бұл қа­ла­ға өз заманының ойлы азаматтары­ның көп­­­­теп жинақталуы да аз әсер етпеген. Бұл жағдай америкалық жиһангер Джордж Кеннанның да назарынан тыс қал­­маған. Соның айғағындай, оның дала қазағы Абайды кітапханада кезіктіріп, ерекше таңырқайтыны да бар емес пе? Семейліктердің сол шақтағы рухани ты­ныс-тіршілігін айғақтайтын мұндай жарқын мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мәселен, мұнда ағайынды Бело­сюдовтар деген болған. Олар Крепостной көшесіндегі екі қабатты жеке меншік үйле­рін шын мәнісіндегі өлкетану мұра­жайына айналдырған. Әлгі ағайынды азаматтар тек өлке өміріне қатысты экспонат, құжаттармен шектелмей, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, салт-дәстүріне, әдеби мұраларына ден қойып, кәдімгідей зерттеу жұмыстарын жүргізген. Соның бірер дәлеліндей, айдаудағы поляк ақыны Гус­тав Зелинскийдің «Қазақ» атты поэмасын безендіріп шығарған да, Абай поэзиясын орыс оқырмандары арасында алғаш насихаттаушылар да осылар.

Ендігі бір дерек, 1878 жылы Семей­де облыстық статистика комитеті құрылға­н, оның бірінші хатшысы болып, ке­йінде Абаймен досжар ретінде қатты сый­лас­қан Е.Михаэлис тағайындалған. Ең кереметі сол, осы комитет құрамында Абай да болып, оның жұмысына белсенді түрде қызу араласқан. Онымен бірге онда басқа да қазақ азаматтары болғандығы енді анықталып отыр. Аталған коми­тет өздерінің негізгі шаруаларымен бір­ге, өлкені зерттеп, білуді де басты мін­деттерінің бірі деп есептеген. Ең алдымен археология мен зоологияға қатысты коллекциялар молынан жинақталған. Мұның өзі Михаэлисті Семейде мұражай ашуға да итермелейді. Ал бұл кезде жоға­рыда аталған коллекциялармен бірге, бі­раз мөлшерде кітаптар да жинақталып қал­ған еді. Соған орай, күн тәртібіне ен­ді мұражаймен бірге, қоғамдық негіз­де­гі кітапхана ашу туралы мәселе қоса кө­те­ріледі. Осылайша, 1883 жылы Семейде екі игілікті шаруа қатар жүзеге асырылады.

Жоғарыда ұлы ақынның статистика комитетінің жұмысына бірден араласып кеткенін айттық. Және бұл араластық ақыл айту, кеңес берумен шектелмеген. Со­ның айғағындай, мұражай ашылған соң арада жыл өткенде Абай атамыз оған тіке өз тарапынан 60 құнды дүниесін өт­­кізген. Соның тең жарымы Семейде ал­ғашқы Абай мұражайы ашылғанда соған беріледі. Мұның ішінде кешегі қазақ өмі­рінен, Абай заманынан мол мағлұмат бе­ретін небір құнды мұралар бар. Соның біразы ақынның өзі, айналасы тұтынған зат­тар болуы тіптен ғанибет. Абайдай да­ныш­панның ұлттық құндылықтарға деген жанашырлығына және сүйсінесің! Әйтпесе, балапан басына, тұрымтай тұсы­на дейтін аумалы-төкпелі кезеңдерде небір асыл құндылықтарымыз шет жұртқа бел асып кете барды емес пе! Ұстазы Әуезов бас­тап, шәкірті Мұхамедханов қостап, сол асыл құндылықтарды енді жаңадан ашылып жатқан Абай мұражайына келу­шілерге әп дегеннен жарқыратып көрсе­туге ұмтылыстары сүйсінтеді.

Қайымды ұстазы Әуезовтің тапсырмасымен қырқыншы жылдардың басынан Абай мұражайын құрып, қалыптастыруға бел шеше кірісіп кетті дедік. Бірақ өкі­нішке қарай келер 1941 жылы басталып кеткен сұрапыл соғыс бұлардың осы мақсаттағы барлық ойы мен мақсаттарын бұзып кеткен. Сол сын сағаттың өзінде билік «халық жауларының» ұрпақтарына сенбей, күмәнмен қарады. Сөйтіп, Қайым еңбек армиясына алынып, қара жұмысқа жегіледі. Жас ғалым 1941-1942 жылдар аралығында Свердловск, Магнитогорскіде болып, қорғаныс шебін жасақтауға қаты­сады. Жанкешті еңбегі үшін медальмен де марапатталады. Алайда үздіксіз қара жұмыс салдарынан денсаулығынан айы­рылып, госпитальдан бір-ақ шығады. Со­дан кейін жұмысқа жарамсыздығы салдарынан елге қайтарылады.

Ал одан кейінгі екі аралықта Қайымның республикамыздың алғашқы әнұранына байланысты 1943 жылы жарияланған бай­қауда жеңімпаз атанып, атақ-даңқы бүкіл ел көлеміне мәшһүр болатындығы өз алдына бір әңгіме. Оған да Әуезов­тің қозғаушы болғандығын көзіқарақты оқыр­ман жақсы біледі. Демек, Мұхаң ке­шегі аға досы, Алаш арыстарының бір­ден-бір қамқоршысы Мұхамедханның өзі жасынан білетін баласына, оның қа­рым-қабілетіне қалтқысыз сенген ғой. Қайымның елуінші жылдардың басында үш-төрт жыл айдауда болып, тозақ пен азаптың небір түрін бастан өткеріп келгенімен: «Мен қыстың қаһарлы аязды күні өмірге келгенмен, өмірімде жар­қын, күн шуақты күндер көп болды», дейтіні де сондықтан. Мұндай сөзді шын­дығында рухы биік адамдар ғана айта алса керек. Ал Қайым 1942-1947 жылдар аралығында Қазақстан Жазушылар одағының Семей, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарындағы уәкілі болып қызмет атқарғанымен, мұражай ісі­нен, сонымен бірге ғылыми жұмыстан сырт қалмаған. Әуезовтің ұсынысымен Абайдың 100 жылдығын әзірлеу жөніндегі мерейтойлық Үкіметтік комиссияның ғы­лыми хатшысы бола жүріп, ол сол кездің өзінде Абайдың бұған дейін мәлім емес тоғыз өлеңін ғылыми тұрғыдан айналымға қосты. Ал қырқыншы жылдардан бастап сексенші жылдар аралығын қамтитын қырық жыл аралығында Абайға тиесілі әлгіндей өлеңдер саны отыздан асып жы­ғылады. Және соның бәрі ғылыми тұр­ғыдан нақтыланып, дәлелденген.

Ал 1947 жылы мұражай республика Ғылым академиясының қарамағына өткізілген кезде, академия президенті Қаныш Сәтбаевтың бұйрығымен жасы отыздан енді асқан Қайым Мұхамедханов мұражай директоры болып тағайындалады. Ол бұл жұмысты ұстаздық һәм ғылыми жұмыстарын қоса жүргізе отырып атқа­рады. Соның нәтижесінде мұражайда Абайдың өмірі мен шығармашылығына тікелей қатысы бар аса құнды қолжазбалар мен құжаттарды жинақтау, Абайдың ақын­дық мектебін зерттеу мәселелері жос­парлы түрде өз жалғасын табады. Алдыға қой­ған биік мақсат жолында ешкімге жал­пақтап, жалтақтауды білмейтін Қайым жо­ғарыға хат жазып, орынды тілек айту­­дан еш жасқанбаған. Соның бір дәле­ліндей, ол соғыс енді ғана аяқталған 1945 жылдың күзінде КСРО Ғылым ака­демиясы қазақ филиалының басшысы Қ.И. Сәтбаевтың атына Семейдегі Гоголь атындағы кітапхананың қорындағы баға­лы кітаптардың көбі соғыс кезінде та­лан-таражға түсіп кеткендігін, араб әрпі­мен жазылған кітаптардың жаппай құр­тыл­ғанын, жалпы Семейдің мәдени хал-жайы еш сын көтермейтіндігін ашына отырып баяндайды.

Ал 1949 жылдың ортасында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Д.Оңдасынов, КП(б)К Орталық Коми­тетінің хатшысы І.О.Омаров және ҚазКСР Ғылым академиясының президенті Қ.И.Сәт­баевтың атына жолдаған хатын­да енді бір бес жылдан кейін Абай­дың өмірден озғанына жарты ғасыр бо­­ла­тындығын айта келіп, соған орай жо­­ға­рыдағы бас­шылық алдына нақты ұсы­­ныстарын жет­кізеді. Бірінші кезек­те Абайдың зира­тының басына мазар тұрғызу, Семей мен Алматыда ұлы ақын­ның ескерткішін орнату мәселелері айты­лады. Ол мұнымен де шектелмей, осы ша­руаларға байланыс­ты қай кезде байқау өт­кізу керектігі жөнінде де өз ойын ортаға салады. Жиде­байдағы Абай қыстауын жөндеуден өткізіп, көріктендіру, Абай бейнесін мүсін және сурет өнерінде айшық­тау және оған белгілі тұлғалардан кім­ді тарту мәселелері де Қайымның наза­рынан тыс қалмаған.

Осы орайда ол сол тұста өзіне жа­был­­­ған жала, өтірік, өсектен де еш тай­сал­маған. Айталық, 1951 жылы ақын мұ­­ра­жайы туралы жазылған бір мақала тақырыбы «Мұражайды ескі-құсқыдан тазарту» («Очистить музей от хлама») деп аталады. Мақала тақырыбының өзі айтып тұрғандай, бұл нағыз жаптым жала, жақтым күйенің өзі еді. Орынсыз қиянатқа төзбеген Қайым Пушкин, Толстой, Лер­мон­тов мұражайында олардың ата-ана­ла­рының суреті жоқ па екен деп сала­ды. Оны айтасыз, осындайда еске тү­се­ді, сексенінші жылдардың ортасында Ал­ма­тыдан келіп, Абай мұражайына бас сұққан бір басшы қандасымыздың «мұнда кешегі алашордашыл Тұрағұлдың суреті неге тұр?» дегенін де өз құлағымызбен естігенбіз.

Сондай сорақылықтың бірін сұхбат барысында Қайым ағаның өзі де айтқан. «Қырқыншы жылдары Абай мұражайы ашылғанда мұражай төрінен Абайдың кейбір жақын-жуық туыстары мен шә­кірт­тері ескі заманның кертартпа өкіл­дері ретінде шеттетіліп, олардың орны­на сол шақта Социалистік Еңбек Ері атан­ған еңбек адамдарының қойылғанын қай­терсіз!.. Ал Мұхаңның тікелей ақыл-ке­ңесімен Абай мектебін зерттеуге кіріс­кен мен ат­қа теріс мінгізіліп, қуғын-сүр­гінге ұшы­­радым. «Марксизм-ленинизм мекте­бі дегенді білуші едік, Абай мек­тебі деген қайдан шықты?» деп дау­рық­ты көкезу «данышпандар». Сөйтіп елуін­ші жылдардың басында жиырма бес жыл­ға сотталып кете бардым». Осыны есті­генде атақты роман-эпопеясына «Абай жолы» деп ат қойып, айдар таққан Әуе­зов қандай ержүрек деп іштей таңғалған­быз. Өйткені сол кездегі атаудың көбі «Ленин жолы», «Коммунизм жолы» болып келді емес пе! Иә, солайша сонау 37-ші жылғы зұлматтың екінші толқыны жа­қын­дап келіп қалған. Яғни Қайым Абай мұра­жа­йына директор болып бекітілген соң арада төрт жыл өткенде, нақтылап айт­қан­­да 1951 жылдың желтоқсан айының ба­­сында жоғарыда айтқанымыздай 25 жыл­­ға айдалып кете барған. Бірақ осы орай­да Қайымға ұлтшыл ретінде айып та­ғылғанына еріксіз таңғалады екенсің! 1948 жылы Семейге келген орыстың көр­нек­ті жазушыларының бірі Всеволод Ива­нов­тың сол «ұлтшыл» Қайымға осында Дос­тоевскийдің мұражайын ашуға кө­мек­­­тесіп, мұрындық болуын өтінетіні бар. Ал сол шақта басымен қайғы болып кет­­кен Қайымның кейінірек болса да осы мә­­селеге өзіндік үлесін қосқаны тағы шын­­дық.

Хакім Абайдың биылғы 175 жылдық ме­рейтойындағы мына бір сәйкестікке кө­ңіл бөлмесе болмайды. Іргетасын ұста­зы Әуезов пен шәкірті Мұхамедханов қалаған Абайдың қорық мұражайының құрылғанына биыл 80 жыл толып отыр. Оның Әуезовтің ұсынысы бойынша рес­публика Үкіметінің қаулысымен Абай­дың туғанына 95 жыл толуына орай 1940 жылдың 16 қазанында ашылғанын айт­тық. Сонда енді арада бес жылдан соң Абайдың жүз жылдығы да көзді ашып-жұмғанша жетіп келетінін Мұхаңдар ал­дын ала есептеп отырған ғой. Бірақ сол екі аралықта сұрапыл соғыс басталып ке­тетіндігін білген жоқ. Бірақ соған қа­ра­­мастан, Абайдың ғасырлық тойы өз за­манына сай жақсы өтті деуге әбден болады. Қарауылда өткен тойға атақты жазушы, ғалымдармен бірге аты аңызға айналған, «қазақ даласының батыры» атанған Қажымұқан да қатысып, оған қарсылас шықпаса да халқымыздың дар­қан дәстүрімен сыйға түйе тартылыпты. Пәлен шақырымдық аламан бәйгенің қызығы мұның сыртында дегендей...Сол аламан бәйгеде атамыз Әлінің Абай аудандық оқу бөлімінің атынан қосқан сұр атының бәйгенің алдын бермей көмбеге бірінші болып келгенін, біз, ол кісінің ұрпақтары әлі күнге дейін мақтанышпен сөз етеміз. Кешегі сұрапыл соғыстан әбден қалжырап, шаршап-шалдыққан елдің еңсесі осылайша бір көтерілген екен.

Рас, оның бәрі – өткен күннің әңгімесі. Ал бүгінгі күннің әңгімесіне келетін бол­сақ, мұражай өмірінде өзгерістер мен жа­ңалықтар баршылық. Оның ең бас­ты­­сына тоқталатын болсақ, ақынның ту­­ға­нына 150 жыл толуына байланыс­ты ЮНЕСКО деңгейінде өткізілген дү­­бір­лі мерейтой қарсаңында Семей өңі­­рін­дегі Абайға қатысты мәдени мұ­ра­­­жайлардың басы бір орталыққа шоғыр­­лан­дырылып, Ахмет Риза мешіті мен мед­ресесі Семейдегі мұражайдың қа­сы­на көшіріліп, қалпына келтірілді. Жиде­байдан 6400 гектар мөлшерде таби­ғи қорық аймағы бөлініп, 1990 жылы бұ­рынғы мұражай Абайдың мемлекеттік тарихи және әдеби-мәдени мемориалдық мұражайы болып қайта құрылды. Оның құрамына қазірде Семей қаласындағы Абай мұражайы, Әуезов және Алаш арыс­тары мұражайы, Абайдың Жидебайдағы қорық мұражайы, Мақаншыдағы Әсет Найманбаев мұражайы, Көкбайдың ме­шіт-медресе кешені және Шәкір Әбе­новтің мұражай үйі кіреді. Бүгінгі күні мұражай қорында жалпы алғанда 20 мың­ға жуық экспонат бар.

Ал Жидебайдағы қорық алқабына кі­ретін тарихи орындарға келетін болсақ, олар Абайдың мұражай үйі, «Абай-Шә­кәрім» мазар кешені, Еркежан зираты, Құдайберді, Зере, Ұлжан зират қор­ғаны, Зұлғарыш қыстауы – Ақ баз, Кең­гірбай (Би ата) мазары, Құнанбай құ­дығы, «Шә­кәрімнің саят қорасы» экс­позициясы болып бір-біріне жалғасып жатыр. Абай­­дың Жидебайдағы қорық мұражайы ақын­ның 125 жылдық мерейтойында рес­­публика Үкіметінің қаулысымен қал­пына келтіріліп, мұражай ретінде ашыл­ған еді. Ақынның көзі тірісіндегі біраз дүниеліктер, жиған кітаптары, тоғыз­құ­малақ тақтасы, қойын сағаты мен тіс қабы және басқа да бағалы заттар да осында.

 Осы арада ерекше тоқталып айта ке­тетін бір жайт, хакім ақынның бұл жол­ғы кезекті дүбірлі мерейтойында оның әкесі, «қарадан шығып хан атанған» Құнан­байға ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазақстан Рес­публикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ақындар Меккесі атанған Жидебайға былтырғы жылы арнайы ат басын тіреген сапарында жергілікті басшыларға осыған дейін Абайдай да­нышпанның әкесі Құнанбай тұлғасына жеткілікті көңіл бөлінбей келе жатқанын айта келіп, осы жолы мұны ескеру керек деген еді. Мемлекет басшысының осы сапарынан кейін Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізу жөнінде арнайы Жар­лығы шыққан болатын. Ел жақтан алдағы ақын тойына дейін Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің қорымы абаттандырылып, осында Құнанбай мұражайы ашылатындығы жөнінде игі хабарды естіп отырмыз. Мұның сыртында биылғы жылдың басында осы Абай елінің түлегі, академик, тарихшы ғалым Ерлан Сыдықовтың Мәскеуден «ЖЗЛ» сериясымен «Құнанбай» атты деректі кітабының шығуы оңды шаруа болды. Аталған кітаптың тұсаукесер рәсімі Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында ақынның мерейтойы аясындағы бір шара ретінде мағыналы түрде өткізілді.

Енді Абайдың Семейдегі бас мұра­жайының құрамына нелер кіретіндігін толықтырып айта кетсек дейміз. Қазірде оның құрамы көпес Р.Ершовтың үйі, ақынның 150 жылдығында бой көтерген жаңа ғимарат, Ахмет Риза мешіт-медре­сесі, «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұра­жайы, әкімшілік ғимараттан тұрады. Бас мұражай экспозициясында «Абай дәуірі», «Абай – бейнелеу өнерінде», «Абай мен Семей шаһары» атты тақырыптық көр­ме залы, «Абай шығармаларының қай­нар бұлақтары», ақын дастандарына арналған «Шығыс залы», «Грек залы», «Жаз» өлеңіне арналған зал, «Абайдың ақындық мектебі», «Абайтану», «Абай ха­лық жүрегінде», «Сыйлықтар» залы ор­наласқан. Оларда Абай өмірі мен шығар­машылығы, оның ақындық, туыстық айна­ласы, замандастары мен шәкірттері жай­лы мол мағлұмат жинақталған. Ақын отбасынан қалған көне мүліктер, түпнұсқа құжаттар, Абай дәуірін, оның қоғамдық қызметін бейнелейтін этнографиялық және архивтік деректер, шығыс ғұламаларының сирек кездесетін шығармалары, батыс философтарының туындылары, қазақ өмі­рін қаз-қалпында сипаттайтын алты қанат­ты киіз үй де жаңа ғимаратқа кеңінен жайғасқан.

Бала Мұхтар Абайды жеті жасында Жи­дебайда көрген екен. Алматыдағы Әуе­зов мұражайында Мұхаңның өзі сызып, қағазға түсірген Абай үйінің жобасы сақталған. Мұхаңның сол сызбасын, басқа да айтқан ақыл-кеңестерін басшылыққа алған әр жылдардағы мұражай басшылары қажымас қайрат, зор ізденіс үстінде бүкіл ел көлеміндегі ең ірі қорық мұражайын қалыптастыра білді. Солардың ішінде, әрине Қайым Мұхамедхановтың жөні бө­лек. Осы мұражайды 1976 жылдан бастап ширек ғасырға жуық басқарған Төкен Ибрагимов деген азамат: «Мұражайдағы әрбір мүлік Қайым аға жайында сыр шерте алады. Кәкең мұражайдың әкесі болды», деген еді. Абайдың 150 жылдығы мұражайды Төкен басқарып тұрған шақта өткен еді.

Белгілі ақын Кашаф Туғанбаевтың да аталған мұражайға сіңірген еңбегін айт­пасқа болмайды. Бірақ, өкінішке қарай, ол кісі өз орнын зейнетке шыққан облыс көлеміндегі ірі шенеунікке босатып беруге еріксіз мәжбүр болады. Белден басқан ондай да заман болғанын айтпасқа болмайды. Кейінгі жылдары мұнда бұған дейін Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында әкімшілік қызметінің түрлі сатысында істеп ысылған журналист-жазушы Болат Жүнісбеков те басшы ретінде жемісті еңбек етті. Сол Болат бауырымыз мен бас­тықпын деп шіреніп тұрмай, Абай мұра­жайының ауласын өзі сыпырысудан да арланбайды екен. Қазірде мұражайды филолог ғалым Жандос Әубәкір екінші қайтара келіп басқарып отыр. Ол – бұл екі аралықта қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мұражайын, республикалық «Қазқайтажөндеу» мекемесін басқарып келген жас та болса іскер басшы. Және олардың бәрі Қайымды ұстаз тұтып, оны мұражайдың бас шырақшысы деп қадір­лей білген жандар!

 

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,

журналист-жазушы

 

Алматы