Аймақтар • 30 Шілде, 2020

Алматыда полицейлер Құрбан айт кезінде бақылауды күшейтті

296 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген режімге ауыстырылды. Бұл туралы Polisia.kz-ке сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Алматыда полицейлер Құрбан айт кезінде бақылауды күшейтті

Патрульдік нарядтардың орналасуы тығыздалып, учаскелік инспекторлардың алдын алу жұмыстары жандандырылды.

– Тәжірибе көрсеткендей, департаменттің қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ететін барлық бөлімшелерінің үйлесімді жұмысының арқасында мереке күндері қылмыстардың ең аз саны тіркеледі. Әдетте, олар тұрмыстық сипатта болады. Ал қылмыс пен құқық бұзушылық жасалған жағдайда полиция барлық қажетті шараларды қабылдайды. Сондай-ақ, Алматы облысы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің міндетін атқарушының 2020 жылдың 31 шілдесі мен 2 тамызы аралығында Алматы облысының аумағында Құрбан айт мерекесі күндері коронавирустық инфекцияның таралуына ықпал ететін барлық белгіленген талаптарды сақтау және бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу туралы қаулысы ерекше орындалатынын атап өткен жөн, – дейді Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Бағдат Әшімов.

Құрбан айт мерекесі күндері барлық ұйымдарда, сондай-ақ жеке үйлер мен мешіттерде адамдар көп жиналатын бұқаралық іс-шараларды өткізуге; облыстың орталық мешітімен белгіленген онлайн режимінде құрбандық шалуды жүзеге асыратындарды қоспағанда, облыс аумағында союды ұйымдастыру және өткізу, көліктен және жеке үйлерде мал сатуға тыйым салынады; 31 шілдеден 2 тамызға дейін мал сою цехтары мен базарларының қызметі тоқтатылады.

– Облыстың елді мекендеріне кіре берісте онлайн режимінде құрбандық шалуды жүзеге асыруға арналған жануарларды қоспағанда, облыс аумағына жануарларды әкелуге жол бермеу және жолын кесу бойынша бақылау ұйымдастырылады. Сонымен қатар, белгіленбеген жерлерде тұрғындардың мал союына жол бермеу мақсатында мал соятын барлық орындар мен цехтар ерекше бақылауға алынды, – деп толықтырды Бағдат Әшімов.

Сонымен қатар, полиция қызметкерлері азаматтарға ең алдымен өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау керектігін еске салады. Тәртіп сақшылары ең бастысы – азаматтарды құқықтық тәртіпті, заңдылықты және карантиндік нормаларды сақтауға, сондай-ақ Құрбан айт кезінде Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қоғамдық тәртіпті сақтауға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-әрекеттеріне түсіністікпен қарауға шақырды.