Қазақ бейнелеу өнерінің жарқын құбылысы болған Қастеевті бала жасынан қастерлеп өскен ол туған елі мен өскен жерін перзенттік махаббатпен жырлайды. Еліміздің тарихи даму жолындағы сан-салалы өзгерістерге суреткер зердесімен көз салып, өткен мен бүгінді бедерлеген көркем шежіре іспетті талай туындыны өмірге әкелді. Құрманғазы Ақашевтің кейінгі жазылған жұмыстарының қатарындағы шоқтығы биік туындысының бірі «Ол жасаған тарих» картинасы. Мұнда ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы батыл да бірегей шешімнің ел бірлігі мен дамуының символына айналғанын көрсететін тарихи сәт көрініс тапқан. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен астананың алғашқы бас жоспарын жасаған сәулетші Кисе Курокава Еуразияның жүрегіне айналар арман қаланың келешек келбетін бағамдап, сары жазық атырапты қиял көкжиегінде ұштастыра әңгімелесіп келеді. Иә, суретші осынау тағдырлы да тағылымды сәтті жеткізу жайын көп ойланды. Үлкен кенептегі соңғы шешімге тоқтамастан бұрын, ондаған үлгіні сызып, тастай берді. Белгілі өнертанушы Галина Поваляшко Құрманғазы Ақашевтің тарихи кең ауқымды туындыларымен танылып, тақырып сырын терең меңгерген өнер иесі екенін айтады.
– Суретші үшін тарихи оқиғаларды түсіру, түрлі бейнелер мен дәуір рухын жеткізу өте маңызды. Құрманғазы Ақашев өзінің кәсіби шеберлігімен және сюжеттік бейнесінің тереңдігімен танымал. Өте қарапайым көрінетін композицияда ой, жігер, армандау, жеңіске жету рухы ерекше көркем жеткізілген. Көркем концепцияға сәйкес келетін колористикалық шешім бар. Көптеген нәзік түсті нюанстарға қанық түстер табиғи үйлесе кеткен. Бүгінде қала барлық қазақстандықтың мақтанышына айналды, тәуелсіздік пен болашақтың нышаны іспетті. Ал Құрманғазы Ақашевтің керемет еңбегі осы бір жүзеге асқан арманның көркем дәлелі емес пе?! Суретші түрлі жанрдағы картиналар жазды, олар отыз жыл бойы көрермендердің, өнертанушылардың және әріптестерінің назарын аударып келді, – дейді Галина Поваляшко.
Зеңгір аспан, күздің қоңырқай тартқан жауынды жылы күні төңірекке тыныштық сыйлап, маңайдан жаңбырдың, сыздың иісі аңқитындай. Ал енді басталған құрылыстың алыстан талып жеткен дыбысы бірте-бірте күшейе келіп, сан алуан бояумен тұтастық тапқан. Халық тарихына байыпты, зерттей қараған суретші шығармашылығына қашанда кеңдік пен тереңдік тән. «Әңгіме», «Жайлауда», «Керуен», «Көш», «Саржайлау» картиналары соны дәлелдейді.
– Тақырыптық жұмыспен оқуды бітірген соң айналыса бастадым. Ең алғашқы жұмысым «Әңгіме» деп аталады. Абстракция, я болмаса сюрреалистік жұмыс болсын, оның өзегінде идея жату керек. Натурамен жұмыс істегеннен кейін адам жаттығады. Қазір кез келген тақырыпты бірден бастап, бірден аяқтаймын, – дейді суретші баспасөзге берген сұхбатында. Халқымыздың сенімі мен тағдыр-талайының нышанына айналған астана тарихы жөнінен сыр шертер туындылар аз жазылған жоқ. «Ол жасаған тарих» картинасы көз алдымызда өзгеріп, бой көтерген, көркейген астананың қуанышына сүйінген, сүйсінген халық толқынысын бере білуімен құнды.
Құрманғазы Ақашев – Суретшілер одағының мүшесі. 1964 жылы Алматы облысы Қапал ауданында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетін тәмамдаған. 1992 жылдан бастап көптеген халықаралық байқаулар мен симпозиумдарға қатысып келеді. 2007 жылы Түркияның Ыстанбұл қаласында, 2009 жылы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік музейде, 2010 жылы Астана қаласында жеке көрмелері ұйымдастырылды. Қазіргі таңда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті көркемсурет факультетінің оқытушысы болып қызмет етеді.