Руханият • 03 Тамыз, 2020

Өмірдің жалынан ұстаған...

678 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

2000 жылдан бастап 2008 жылға дейінгі аралықта Тараз мемлекеттік университетінде Дулаттану орталығын ашып, жұмыс істеп жүрген кезімде мен осындағы біраз қаламгермен таныстым. Солардың ішінен марқұм Бақтияр Әбілдаұлы мен Елен Әлімжан екеуімен тарихты жақсы білетіндіктерінен де жақын араласып, дос-жар болып кеттім. Елен де менімен әңгімелесуге құмартып тұрды. Біз саябақтарда қыдырып немесе қала сыртына саяхаттап сұхбаттасатынбыз.

Өмірдің жалынан ұстаған...

Кейде біздің немесе оның үйінде мар­­құм Зейнегүл жеңге­міздің шайын ішіп отырып әңгі­ме­лесетінбіз. Содан бері Елен­мен достығымыз әлі де жал­­ға­сып келеді. Сондықтан оның шығар­ма­шылығы, арман-мақ­саты, мінез-құлқы сын­ды көптеген дүниесінің құпиясына қанықпын.

Ол да менен парсы тіліндегі қазақ­қа қатысты деректерді, жалпы ислам шығы­сының мәдениеті туралы сұрай­тын. Мен де одан туған өлкесінің тарихы мен тұл­ғалары, кеңестік-орыстық әдебиет пен мәдениет туралы біраз нәрсе білдім. Кейде екеуміздің әңгі­меміз қазақ қоғамының өткені мен бүгініне ұласып кететін.

Мен де сол кезеңде жазылған мақала­ла­рымды, әсіресе парсы тілінен аударған деректерімді алдымен облыстық газеттегі Еленге әкелетінмін.

Келе-келе ол өз жазғандарын маған оқытып жүрді. Мәселеңки, «Қызыр ба­ба» және «Ақ періште – арманым» ат­ты пьесаларына ислам діні тұрғы­сы­нан баға беруімді өтінді. Мен, әрине өз пі­кі­рімді айттым.

Мен жақын араласқан екі мы­ңыншы жылдар Еленнің нағыз шығармашылық шағы болды. Бірақ оның мына мәселені жазғым келіп жүр немесе жазып жатырмын деп алдын ала жар салып, жарнамалайтын әдеті жоқ еді. Не де болса, бі­тірген соң бір-ақ көрсетеді.

Ол негізінен үш жанрда жа­­зады. Мә­­селен, ауыз екі әңгімеде Елен кав­каз­дық­тардың қызу қандылы­ғын, не­міс­тердің машина құсап жұмыс істей­тінін, дәлдігін, кәрістердің еңбеккештігін, жапондардың жанкештілігін, өзбектердің саудагерлігін бүкіл әлем біледі. Ал, қа­зақ қандай қасиетімен танымал? Әл­де, біздер, жазушылар, халқымыздың қасиеттерін таныта алмай жүрміз бе деген сұрақты көп қоятын. Нәтижесінде қаламынан «Қазақ қандай халық?» деген көсемсөз туып, Еленнің өзі он бір жыл меншікті тілші бол­ған «Еgemen Qazaqstan» газетінде жа­рық көрді.

Сол мақаласында ол көп пікірлерді шола келіп халқымыздың басты қасиеті Кісілік деген байлам жасады.

Бірде ол Алматыға келіп, республика­лық телеарналардың бірінде Бауыржан Момышұлы туралы хабарға қатысты. Бірақ хабардан ренжіп шықты. «Тәуел­сіздік алғанымызға қаншама жыл өтсе де Баукеңді әлі сол кеңестік өлшеммен бағалайды» деп кейіді сонда. Көп ұза­май «Еgemen Qazaqstan» газетінде Елен­нің «Бауыржан Момышұлы кім? Бұл сұрақтың толыққанды жауабын беретін уақыт жетті» деген мақаласы жарық кө­ріп, онда Баукеңнің соғыс батыры және жазушы ғана емес, Алаш арыстарының идеясын өлтірмей, ісін жалғаған қоғам қайраткері екенін 30 томдығына енген тың деректер негізінде дәлелдеп берді.

Ол Әулиеата өңірінен түлеп ұш­қан Құрманбек Сағындықов, Тәкен Әлім­құ­лов, Шерхан Мұртаза, Әкім Та­рази, Әл­дихан Қалдыбаев және басқа прозашы ағалары туралы да сыпыра мақ­тау немесе өзін қоса насихаттайтын естелік, сапарнама емес, шығармаларын сараптай алған сындарлы мақалалар жазды. Сондықтан да қаламгердің тың, тосын пікірлермен ерешеленетін осындай көсемсөздері газет тігіндісінде қалып қой­май, кейін басқа басылымдарға да көшіріліп басылып жатады.

Мен Қазақстан-Иран мәдени байланысы аясында парсы тілінде «Қазақтың әдебиет тарихы» атты кітап жаздым. Он­да көптеген қазақ жазушыла­ры мен ақын­дарының өмірбаянын, шығарма­шылығын парсы оқырмандарына таныс­тырдым. Сол жинаққа Еленнің енуіне ол Жамбыл облыстық телерадио компания­сын басқарып жүргенінде «Желтоқсан жаңғырықтары» атты сериялы хабарлар түсіртіп, онда 1986 жылы Алматыда болған оқиғаны кеңес өкіметі ыдырамай жатып, Қазақстанда бірінші болып көрсеткені шешуші рөл атқарды. Өйткені ирандықтар оның осы азаматтық позиция­сын бағалады.

Мәселеңки, ақсақал ғалым-сын­шы­мыз, академик Серік Қирабаев жазу­шының «Ескі жара» атты тұңғыш хикаятында жасында жасаған жауапқа тар­тылуға лайық қателігін қайтып қай­­та­ламаспын деп өзіне серт берген сов­хоз директоры Серікбаевты сол сөз­де тұрарын, не қателігін жасырып жап­қан Қадыр қарияға «тірі болсам, осы жақсылығыңызды қайтарамын» деген уәдесін орындап, оның күйеубаласының қылмысын жасырып жабарын білмей «екі оттың арасына салып қинап, осы арқылы геройдың ішкі дүниесіне, өткен өміріне талдау беретінін» атап өтеді («Шындық және шығарма», А. 1981ж. 44 бет).

Ал жазушының «Екі дүние айрығы» деген алғашқы драмасына («Жанталас» деген атпен сахналанған) Қалтай Мұха­меджанов «авторы өмірдің тура жалы­нан ұстаған» деп пікір білдірген екен. Бір қызығы, ол драма жазылып жат­қан­­да дүниені екі айырған 1986 жылғы жел­тоқсан оқиғасы өтіпті. Аузы дуалы Қал-ағаң ғана тауып айта алатын бұл пікір­дің дәлдігін Еленнің кейінгі шығар­малары да дәлелдейді.

Тоқсаныншы жылдары драматургтің комедиялары еліміздің бірсыпыра театр­ларында қойылып жатты. Солардың ішінде «Бір қазаққа – бір қатын?!» әлі күн­ге дейін театр репертуарларынан түс­кен емес. Тіпті орыс тілінде де қойы­лып жүр­генін білдім.

Ал өзім де куә болған Шерхан Мұр­таза «Тақталастай» өмірлік өзекті дүние­нің жүгін көтеріп тұрған бір-ақ дүниемен де әдебиет әлемінен орын алуға болады» деп бағалаған аталмыш комедия М.Әуезов атындағы академиялық театр­дан бастап, бірсыпыра қазақ және орыс театрларында қойылды. Жазушының өзі бұл комедияның желісін «орға құлаған үш қазаққа қарауылдың керегі жоқ, олар онсыз да бірін-бірі шығармайды» деген анекдоттан алдым дейді. Шынын­да да комедияның бірінші бөлімінде бір орын­таққа таласқан Қауғабай, Дауғабай, Жауғабай үшеуі бір-біріне ор қазып, бә­рі соған құлап тынады. Ал екінші бө­лі­мінде оқиға түгелдей осы шұқырда өте­ді. Өйткені олар ордан бірін-бірі шы­ғар­майды. Ал олар сөйтіп жатқанда орын­таққа жат біреу келіп жайғасады. Үш жүз­дің өкілдерінің бейнесін жасауда сәл қиыс кетсе сәтсіздікке ұшырайтынын біле тұрып жазған жазушы Қауғабай, Дау­ғабай, Жауғабайларды әдеби кейіпкер ретінде типтендіре алған. «Тақталастың» Жамбыл театрындағы алғашқы премье­расын Жоғарғы Кеңестің депутаттары Шер­хан Мұртаза мен Арғынбай Бек­­бо­сын көрмек болған екен. Бірақ олар бір күн қалғанда шұғыл Алматыға ша­қы­рылып, ертеңіне премьера өтіп жат­қанда тақталастың көрінісіндей болып, Жоғарғы Кеңес тарап кетіпті. Бұл оқи­ға­ларды айтып отырған себебім қо­ғам­дық құбылыстар қашанда ақын мен жазу­шы­ның шынайы пиғылының дерегіне айналса, оның шығармасының төңірегінде бір құбылыстың жақсы немесе жаман жайтынан белгі беретін оқиғалар орын алып жатады. Оны сезе білу не ұға білу үшін өзге­шелеу түйсікті қажет етеді.

Билікке ендігі жерде Доллара Ақша­қызы келе жатқанын «жариялаған» «Жан­ұран» комедиясы қойылғанда да осыған ұқсас жайттар болған. Ол комедияны облыс күндері аясында жамбылдықтар елор­дамыздағы Қ.Қуанышбаев атын­дағы театр сахнасында ойнап жатқан күні биліктен жік шығып, өкімет мүше­ле­рінің кейбіреуі оның құрамынан шы­ғатындықтарын жа­риялапты. Ал Біш­кек­те төңкеріске ұлас­қан ереуілдер басталуына байланысты «Жанұранның» «Ұчур» театрындағы қыр­ғызша премьерасы ке­йінге шегеріліпті деген хабарды естіп, қа­лам­гердің ішкі сезі­мі мен қоғам арасында байланыс бар екендігіне бұрын сеніп жүрсем, енді анық куәсі болдым.

Бұл жағдайлардың бәрі кездейсоқтық болғанның өзінде де жазушының қазіргі қоғамның сыздаған жарасын тап басып жазатындығын көрсетеді. Қырғыздың халық жазушысы Мар Байжиевтің «адамдар қоғамындағы ауыр проблеманы жеңіл жанрмен бере білуі «Жанұран» авто­рының шеберлігі» деген бағасы да біздің пікірімізді растайды.

Кейінірек жазушы драма жаза бастады. Сөйтіп драматургияның бұл күрделі екі жанрына да тілі оралымды тең шебер екенін дәлелдеді. Республикалық конкурста бірінші бәйге алған «Бауыржан Момышұлы» драмасын алайық. Баукең өмірі туралы Александр Бектен бастап, кім жазбады? Бейбіт өмірін де өзі айтып, біраз жазушыларға қағазға түсіртіп кетті. Елен Әлімжан солардың бірде-бі­рін қайталамайды. Драмада үш-ақ ке­йіпкер бар. Бауыржан Момышұлы, көп жылғы досы Галина Павловна және көп жылғы бақталасы аты жоқ генерал. Басқаша айтқанда олардың бірі ізгіліктің, екіншісі – зұлымдықтың көрі­нісі. Осылай автор Баукеңді етегінен көп тартқан Алматының өсек-аяңы басым­дау өмірінен биіктетіп, батырдың да, басқаның да тағдырын ойнатқан Мәскеуде болмыспен бетке бет келтіреді.

Елен Әлімжан «Төле би» драмасында да тыңға түрен салған. Өйткені біз сахнадан Төле бидің Тәуке ханның тұсындағы «Жеті жарғыны» жасасқан үш бидің бірі болып, дәуірлеп тұрған тұсын да немесе әдеттегідей «жер дауына, жесір дауына, ұрлық-қарлыққа, барымта-сырымтаға би­лік айтып жатқанын да көрмейміз. Біз­дің көретініміз халқының жартысы орыс­қа, жартысы қалмаққа бодан болып, бірең-сараңы шөре-шөре жүрген кезіндегі иығынан басқыншылар қарауыл қарап тұрған Төле бидің Ұлы жүзді билеп тұрған тұсындағы сыртқы және іш­кі саясаты. Халық үшін дәл осындай қы­сылтаяң шақта Орта жүздің Барақ сұл­таны Кіші жүздің ханы Әбілқайырды өлтіреді. Автор, міне, осы өлімге қатысты билікті айтқызып, Төле биді тағы биіктен көрсетеді.

Драматургияда осындай табыстар­ға жетіп, тіпті прозашылығы ұмытыла бас­таған автор соңғы кезде «Ақ періште – ар­маным» атты әңгіме-хикаяттар жи­на­ғы (2016 ж.) мен «Анажар» романын
(2019 ж.) жарыққа шығарды.

Бұл туындыларының кеңестік кезең­дегі прозаларынан ерекшелігі қоғамда болып жатқан күрделі өзгерістердің хал­қы­мыздың санасына қалай әсер етіп жат­қанын қалт жібермей суреттеп қалуға ты­рысуында. Мәселеңки, жазушының «Тар­ғыл сиыр» атты әңгімесі бар. Жұ­мыс­сыз қалып, қыдырымпазданып жүрген Жетен үйіне келсе, әйелі есіктің алдына жайма жасап, сары ала, көк ала тауарларды саудалап тұр. «Бұл не?» деп қабағын түйеді еркексінген Жетен.

– Бұл тарғыл сиыр, – деп жауап береді әйелі.

Олардың тарғыл сиыры мұқтаждықпен сатылып кеткен еді. Орнын осы жайма ба­сыпты. Елен Әлімжан прозасының шоқ­тығы биігі, сөз жоқ, «Анажар» романы.

Бұл романда заманның да, адамның да шындығы шиыршық атып жатыр. Тілі де төгіліп тұр. Әсіресе Анажардың балалық шағы өткен Сандықтаудағы табиғатпен тығыз астасып кеткен адамдар өмірі әсерлі суреттеледі. Бірақ қала қатыгез, әрі аяр екен. Әжесінің қойнынан шығып келген қыз тіпті өз ата-анасын да жатырқайды, олардың аяр өмірін қабылдамайды. Әні үшін құлай сүйген ұстазы Пендеден де қайыр болмайды. Опық жеп тынады одан. Әр адамның өзінің құтқарушы періштесі болады деп сенетін қыз аңырап аспаннан сол серігін шақырады. Оның орнына жер бетіне жұмақ орнатамын деп тепсінген Әділетті жолықтырады. Келе-келе Әділет те әділдікті емес, өз компаниясының мүд­десін жоқтаушы ғана болып шығады. Бұл өмірдегі ендігі бар үміті Пендеден пайда болған жалғыз қызы Ақперіште еді. Сол перзентін жер періштесі етіп тәр­биелеп шықпақ еді. Тура өз басынан өткен жағдай қайталанып, қатыгездіктің құрбаны болды ол да. Осының бәрі өмір­ден түңілдірген Анажар ақыры өзіне өзі қол салуға бекінеді.

Жертірліктілерден, оның ішінде ата-анасынан да көңілі біржола қалған қыз оларға еш салмақ салмай өз көрін өзі қазуды ұйғарады. Міне, осы өз көрін өзі қазу үстінде ол бүкіл өмірін ой елегінен өткізеді. Әрі, қабірханада көзқарасына әсер еткен адамдармен кездеседі. Осылай оның бұл дүниеден баз кешкен көңіліне сәуле түсіп, ақыры үміті қайта жалғанады. Әсіресе Америкада жұмыс істейтін сыныптас сырласы Ақбикешпен арадағы әңгіме қатты әсер етеді оған. Ақбикеш күйеуі екеуі де биофизик ретінде күнәға батыра беретін жасанды адам жасаумен айналысады екен.

Бірақ жан-рухы табиғи болғанымен денесі жасанды адамдарды жасағандар оларды қандай мақсатта пайдаланады? Одан да күйіп-жанатын жүрегі бар жер­тірлікті адамның әлі де пайда­ланыл­маған мүмкіндіктерін ашқан жөн емес пе? Осы сұрақтар Анажардың жерде әлі де бітпеген шаруасы бар екеніне көзін жеткізеді.

«Анажар» біздіңше қазақ әдебиетіне интеллектуалды роман ретінде кірді.

Сексенінші жылдардан басталған та­рихи сілкіністердің қазіргі қазақ пси­­хо­логиясына әкелген өзгерістері олар­дың діни танымына да тікелей қа­тыс­ты. Егемендіктің елең-алаңында жа­зыл­ған «Айт күні» атты әңгімесінде Елен Құ­дайды мойындамайтын лектор-атеистің сеніміне қалай селкеу түскенін суреттеген еді. Ал әлі сиясы кеппеген «Ал­тын жүлге жыры» атты романында жазушы бас кейіпкері Мекемтас Мыр­захметұлының абайтанудағы тұрпайы социологиялық көзқарастармен қалай күрескенін ғана сипаттамайды, кеңестік мектепте құдай жоқ деп тәрбиеленген, жоғары оқу орнында өзі атеизмнен дәріс оқыған ғалымның бір Жаратушыға деген сенімі кезең-ке­зеңімен қалай қалыптаса бастағанын да суреттейді.

Жазушының «Баймырза» атты әңгі­месі бар. Үлкен қызметтегі нағашысы көптеген сауда нысандарын атына жаз­­дырып қой­ған Баймырза әп-сәтте қала­­ның бай жігі­тінің біріне айналып, мырзалығымен ел аузына ілігеді. Тіпті «Қаламгер» кафесіне келіп жазушы-журналистерді сыйлап тұрады. Сол үшін де журналистер оны тамсана мақтап, жарыса жазып жатады.

Сол мақсатпен үйіне барған кезекті журналист оның өміріндегі бір құпияны көреді. Мәжіліске депутат болсам деп жүрген Баймырза отбасын құра алмайды екен. Өйткені қандай әйел болса да екі-үш аптадан кейін оны жалықтырып жібереді. Сондықтан кәдімгі төсенішін жаңалағандай әйелдерді де ауыстырып отырады. Тіпті осындай екі-үш апта жар болып кетуге машықтанған қыздар да бар көрінеді арамызда. Баймырза керемет үйде тұрады. Бірақ онда отбасы да, ұрпақ та жоқ. Соған қарамастан «Келешектің қамқоры» деген мақала жазады. Біздің қоғамымызда және адамдарымыздың санасында осындай процестер де жүріп жатқанын суреттей білген Баймырза әңгі­месі ақшаға құныққан қоғамның ке­ле­шегіне ойландырады. Сонда ата-бабаларымыздың адамдық құндылыққа қалыптасқан қоғамы өз орнын ақшамен ауыстырып жатқан заманға қадам басқан болса, оның шығу жолы қалай болмақ деп ойландырады.

«Баймырза» әңгімесі орыс тілінде және түрік тілінде жарық көрді. Маған тү­рік тілінде шығарған «Көркем өнер» журналының иесі жазушы Арслан Байыр: «Баймырза әңгімесіне тәнті болып, жур­налдың басты мақаласы етіп жарияладым. Қаламгердің әңгімесінің көркемдік қуатымен бірге, оқиғалардың құрылым жүйесінің адам зейінінің логикалық заң­дылығына сәйкес келетінін», айтып риза болған. Баймырза – өмір сияқты. Бастау бұлағының бағыт ағысынан оны батпаққа ма, теңізге ме, мұхитқа ма алып бара жатқан тағдырын көресің. Өмір иесі – адам. Өмір бағытын таңдаушы да адам. Тағдырыңды қалай тағайындамақсың! Ойлан, демек кейіпте қаламгердің ойына ұшырасып тұрғандайсың!

 

Ислам ЖЕМЕНЕЙ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, филология ғылымдарының докторы