Аймақтар • 03 Тамыз, 2020

Тараз қаласын абаттандыру жұмыстары әлсіз жүргізілуде

468 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ағымдағы жылы Тараз қаласындағы 163 ауланы абаттандыруға 2,3 миллиард теңге бөлінген. Бұл орайда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Әйтеке би көшесіндегі №30 көпқабатты үйдің ауласындағы абаттандыру жұмыстарының сапасын барып тексерді.

Тараз қаласын абаттандыру жұмыстары әлсіз жүргізілуде

Аталған жұмыстың құны 13,6 миллион теңгені құрайды. Ал, бұл жұмыстарды мердігер «ERK-Astana» компаниясы жүргізуде. Бүгінде тұрғындардың өздері аулаларын күтіп-баптауға белсене кірісіп кеткен. Көпқабатты үйдің төрайымы Мадина Атажанова атқарған жұмыстары үшін серіктестік директоры мен жұмысшыларына алғыс білдірді. Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа аула арықтары арқылы су жеткізу мәселесін шешіп, жергілікті тұрғындардың аулаларын көгалдандыру ісіне көмектесуді тапсырды.

 Сондай-ақ, қазіргі кезде Тараздағы Желтоқсан және Дулати көшелерінің қиылысындағы суармалы арық жүйесін қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Мұнда 36 шақырымды құрайтын арық қалпына келтіріледі. Алайда, оның бүгінге дейін тек 8,5 шақырымы ғана жөнделген. Бұл үшін Бердібек Сапарбаев мердігер компанияның жұмысын сынға алды. Сондай-ақ, ол «Жайлау» шағынауданындағы № 1,3,4,6,7 үйлердің аулаларын қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары туралы да айтты. Бөлшектелген жиектастардың сапасына айрықша назар аударды. Әкім жарамсыз деп табылған жиектастардың әлі де 10 жылға жарайтындығын айтып, бұған кеткен ақшаны балалар мен спорт алаңдарын абаттандыруға жұмсаған дұрыс екенін жеткізді. Бұл ретте Бердібек Сапарбаев облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевқа жақында Тараз қаласының тұрғындары шағымданған жиектастарды ауыстыру және аулалардағы ағаштарды кесу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың қаншалықты орынды екеніне талдау жүргізуді тапсырды.

Қазіргі кезде Тараз қаласының «Бәйтерек» шағын ауданындағы № 13, 14, 15 көпқабатты үйлердің аулалары да абаттандырылуда. «Алимансур» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Мәмбет Сағынбековтің айтуынша, 25 мамырда басталған жұмыс 10 тамызға дейін аяқталады. Алайда, әкім бұл жерге абаттандыру жұмыстарының 2017 жылы ғана жүргізілгенін, енді мұның не қажеті бар екенін ескертіп, оның орнына жолдарды сапалы жөндеген дұрыс екенін жеткізді. Жалпы, Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, аулаларды абаттандыру кезінде мердігерлер кемшіліктер жіберген. Сондай-ақ, бұл Тараз қаласы әкімдігі басшылығының салғырттығынан орын алған. Бүгінде Сыпатай батыр, Көшеней, Қойгелді, Ниетқалиев көшелері мен Абай және Жамбыл даңғылдарының бойындағы М-2 жылу магистралін қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бердібек Сапарбаев Қойгелді көшесіндегі жол жамылғысын қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Асфальттың бірінші қабаты төселген. Сметалық құжаттарға сәйкес, екінші қабатты төсеу жоспарлануда екен. Бірақ банкротқа ұшыраған мердігер компанияның жұмысты аяқтауға қаражаты жоқ болып отыр. Екі жылдан бері қазылған жолдар Тараз қаласы тұрғындарының шағымдары мен наразылығын тудыруда. Бердібек Сапарбаев қала әкіміне тиісті барлық мемлекеттік органдарды қатыстыра отырып, бұл мәселені шешуді тапсырды.