Ассамблея құрамындағы этнос өкілдері «Біз біргеміз» акциясы аясында «Сұлтан», «Ізмағанбетов», «Дәурен» жеке шаруа қожалықтарының басшыларымен бірге №2 облыстық инфекциялық аурухана мен өкпе аурулары диспансерінде ашылған провизорлық бөлімнің 135 медицина қызметкеріне 5 литр шұбат, сиырдың 40 литр, ешкінің 5 литр сүтін, 35 кило қияр жеткізді. Сондай-ақ Ассамблея еріктілері мен өзге ұлт өкілдері «Атырау дәрі-дәрмектері» чатын ашып, арзан әрі қажетті дәрі-дәрмектер бар дәріханалар, көмек алу нысандары жөнінде күнделікті ақпарат беруде. Бұл чатқа қосылған 600-ге жуық тұрғынның 40 пайызы қажетті дәрілерін тапқан. Аталған топта тегін дәрі-дәрмек таратып жүрген еріктілер де бар. Олар көмекке мұқтаж 27 отбасына көмек көрсетті.
«Атырау дәрі-дәрмектері» чатының тіркелушілері артық дәрілерін өзге тұрғындарға тегін ұсынады. Кейбірі бір-бірімен алмастыруда. Ассамблея жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жетекшісі, «Сарайшық» шаруа қожалығының директоры Тамилла Розметова облыстық аурухананың 150 медицина қызметкеріне ешкінің 20 литр сүті мен айран, ірімшік, сүзбе, йогурт өнімдерін әкеліп берді. Ал Атырау облысы ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Нұржан Ермұқанов «Атырау Рауан» қоғамдық қорымен бірлесе облыстық, инфекциялық ауруханаларға, өкпе ауруларын емдейтін диспансерге, жеті аудандағы орталық ауруханаларға 17 млн теңгеге сатып алынған оттегі концентраторының 100 данасын табыстады.
Атырау облысы