BBC агенттігінің хабарлауынша, 30 шілдеде ел астанасы Минскіде 60 мыңнан астам адам шеруге шыққан. Олар қазіргі президент Александр Лукашенкоға наразылық білдіріп, Светлана Тихановскаяны қолдайтынын жеткізген. Оппозиция өкілдерінің айтуынша, Беларусь тарихында бұрын-соңды мұндай деңгейдегі шеру болған емес.
Көшеге шыққан демонстранттар Беларусьтің мемлекеттік туын да, оппозицияның ақ-қызыл түсті байрағын да көшеде желбіреткен. Кей митингшілер саяси тұтқындарды босатуды, өзгерісті талап еткен.
Тұрғындар наразылығының басты себебі мынада. 9 тамызда Беларусьте президенттік сайлау өтетінін жоғарыда айттық. Осы саяси додаға оппозиция атынан Сергей Тихановский қатысуға ниет білдірген. Бірақ Беларусь орталық сайлау комиссиясы оның өтінішін қабылдаған жоқ. Осыдан кейін оның жұбайы Светлана Тихановская сайлауға түсуге талпынып, ақыры оның кандидаттығы ресми бекітілді.
Іске белсене кіріскеннен кейін, Светлана ханымның жақтастары көшеге шыға бастаған. Алғашқыда мыңдаған адам жиналған митингтен кейін наразылар саны ұлғая бастады. Осылайша өткен бейсенбіде 60 мыңға жуық адам көшеге шықты. Митингке келген С.Тихановская да алда-жалда президенттік лауазымға сайланса, бүкіл саяси тұтқындарды босатып, жаңадан сайлау өткізуге уәде берді.
Жалпы, сайлау қарсаңында Беларусьте әрдайым наразылық акциялары өтеді. Мәселен, 2010 жылы он мыңдаған адам қарсылық білдірсе, 2006 және 2017 жылдары да түрлі митингтер ұйымдастырылған болатын.
Сарапшылар бұған дейін алдағы сайлауда Александр Лукашенконың асығы алшысынан түсетінін болжаған-ды. Бұған себеп жетерлік. Ел тізгінін 25 жыл ұстаған саясаткер әлі де билігін жалғастыруға мүдделі. Оның үстіне, түрлі агенттіктер жүргізген сауалнама қорытындысында Лукашенконың бәсі жоғары тұр. Әйтсе де, өткен аптадағы наразылық акциясы «Батьканың» күтпеген қиындыққа тап келгенін аңғартады.
Оның үстіне, таяуда елдегі тұрақтылықты бұзу үшін арнайы келді деген желеумен Ресейдің бірнеше азаматы ұсталды. БЕЛТА агенттігінің таратқан мәліметіне сүйенсек, Беларусь мемлекеттік қауіпсіздік қызметі оларды «ЧВК Вагнера» әскери компаниясының мүшелері деп таныған.
Осыған байланысты шұғыл жиналыс өткізген Беларусь президенті Александр Лукашенко мұны «төтенше жағдай» деп жариялады. Ол Ресейді «лас ниеті» үшін кінәлап, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасына жағдайды мұқият зерттеуді тапсырды. Ресейдің Беларусьтегі елшілігі Беларусь сыртқы істер министрлігінен Ресей азаматтарының ұсталғаны туралы ресми хабарлама алғанын айтты.
Осыдан кейін елдегі бірқатар бұқаралық ақпарат құралы ұсталғандардың президенттік сайлауда елдің тыныштығын бұзуға келгенін жарыса жазып жатыр. Кей медиа өкілдері ұсталғандардың арасында Донбасстағы қақтығыстарға қатысқан азаматтар бар екенін хабарлады.
«Олардың әрқайсысында кішкентай қол жүгі мен үлкен үш чемодан болды. Минскіге 24 шілдеден 25-іне қараған түні келіп, қонақүйден 25 шілдеде шығуы керек еді. Бірақ олар қонақүйде 27-іне дейін болып, аумақтағы басқа демалыс орнына көшіп кетті. Өздерін ұстауы қатардағы туристерге ұқсамайды, бәрі әскери үлгіде киінген. Спирттік ішімдік ішіп, көңіл көтеретін орындарға барған жоқ. Өздеріне назар аудартпауға тырысты. Қонақүй мен санаторийдің аумағын мұқият зерттеп жүрді. Бүгін түнде мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің «А» тобы ОМОН-ның көмегімен 32 адамды ұстады», дейді БЕЛТА агенттігі.
Осы оқиғадан кейін Беларусь Ресеймен арадағы шекараға қосымша күш тартып, қауіпсіздікті күшейтті. Жалпы, «ЧВК Вагнера» ұйымының мүшелері Таяу Шығыс пен Африкадағы қарулы қақтығыстарға қатысқаны есімізде. Рейтер агенттігі олардың Сирия, Украина үкіметіне жасырын бағынатын күштерге көмек көрсеткенін жазады.
Германиялық Deutsche Welle газеті Беларусь аумағынан «ЧВК Вагнера» ұйымының мүшелері ұсталуы кездейсоқ оқиға емес деп есептейді. Басылымның пайымдауынша, А.Лукашенко осындай тәсіл арқылы халықтың қолдауына ие болуды көздейді. Бұған дейін оның сайлауы кезінде митингтер басталып, жасырын ұйымдар «майдан» бастауға тырысатынын айтқан-ды.