Аймақтар • 06 Тамыз, 2020

"Маньяк шықты" деп елді дүрліктірген тұрғын еш жазасыз кетті

446 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір көптеген адамдардың қоғам алдындағы жауапсыздығының шектен шыққан кезеңі болып тұр. Соның ішінде біреуге деген өкпесін оның суретін әлеуметтік желіде "бұл маньяк" деп фейк жариялау арқылы кек алғандар да шығып жатыр.  Сондай әбес қылықты жуырда Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлют ауданы орталығының бір тұрғыны жасаған.

"Маньяк шықты" деп елді дүрліктірген тұрғын еш жазасыз кетті

Халықтың дүрлігіп, шошынатынын, соның ішінде жүрегіне тосын салмақ түссе ауырып немесе тіпті талып қалатын жағдайға ұшырап қалатыны барларын ойламаған ақылсыз әйел өзінің танысының суретін WhatsApp желісіне салып, астына: "Сақ болыңыздар! Мамлютка қаласында, жұмысшы кентінде маньяк пайда болыпты, кешкілікте ол өз құрбанын аңдиды. 2020 ж. 30.07. жас бойжеткеннің соңынан қуған, абырой болғанда, қашып құтылған. Бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған" (Мәтін өзгеріссіз келтірілген) деген сөздер жазған.

Бұл суық хабар аудандық полиция қызметкерлеріне жеткен соң шұғыл қимылдаған сақшылар хабарламаның авторын тез арада табады. Ол аудан орталығының 27 жасар әйел тұрғыны екен. Өзгені де, қоғам алдындағы жауапкершілікті де ойламай, тек өзін ғана ойлаған ол 1982 жылы туған танысының суретін салып, жоғарыда айтылған мәтінді ватсаппен таратқан...

Оның ісі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-ші бабындағы "Жала жабу" бабы бойынша айыпталып, әкімшілік сот отырысы болған. Нәтижесінде жәбірленуші талап-арызынан бас тартып, әйелмен татуласуға келісіпті. Ал ақпараттың жалған екендігі полиция бөлімінің 20 қызметкерінің күшімен 2-3 сағат бойы WhatsApp мессенджерінде тіркелген аудан орталығының барлық топтарына жеткізілген.

Сөйтіп жалған хабар таратушы ешқандай жазасыз кетті. Жәбірленуші талап-арызынан бас тартқан соң солай болады. Ал "маньяк жүр" деген дабылдан шошып, қаншама адамның қорқып-үріккені, соның кесірінен денсаулықтарына залал келгені үшін ешқандай жаза берілмейді. Ондайды біздің солқылдақ заңдарымыз ескермеген.

Солтүстік Қазақстан облысы