10 Сәуір, 2010

БАЙҚОҢЫР — ӨЗ ҚАЛАМЫЗ

914 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының азаматтарына көрсетілетін әлеу­меттік көмек мөлшері бірдей жағ­дайда өмір сүріп жатқан Ре­сей Федерациясының азамат­та­рына қарағанда, айтарлықтай тө­мен. Тағы бір мәселе – “Бай­қо­ңыр” кешеніндегі Ресей  ұйым­да­рында жұмыс істеген Қазақ­стан азаматтарына зейнетақы та­ғайындаудағы келеңсіздіктер. Еліміз зейнетақы жинақтаушы қорларына міндетті зейнетақы жарналарының төленбеуінен зей­нетақы тағайындау бары­сын­да ұсынылатын ресейлік рубль­мен көрсетілген жалақысы ту­ра­лы анықтама есепке алынбайды. Сол себепті, ресейлік рубльмен көр­сетілген анықтама берген өтініш иесіне ең төменгі зей­нетақы тағайындалады. Байқоңыр қаласындағы қазақ тіліндегі мектептерде жалпыға бірдей білім беру ісі екі елдің са­лалық министрліктері арасын­да­ғы келісім-шарт негізінде жүргі­зіледі, яғни қазақ тіліндегі мек­тептер оқушыларын Ресей білім беру стандарттарымен оқытады. Оқулық мәселесі толық шешіл­ме­ген. Қазіргі кезде біздің оқу­шы­ларымызға 11 535 кітап же­тіс­пейді. Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде қазақ тілі үйретілмейді. Ерекше назар бөлетін жағ­дай, бұл – Ресей оқулық­тары­ның қазақ сыныптары оқушы­ла­ры үшін қазақ тіліне аударылған ке­зінде қайта өңделмей, сол қал­пында берілуі. Мысал үшін 1 сы­ныптың “Бізді қоршаған әлем” оқулығын алып көрелік. Онда: “Өз еліміз және қаламыз (ауы­лы­мыз) туралы біз не білеміз?” деген сұрақ бар. Соған жауап бы­лай беріліпті: “Біздің еліміз Ресей деп аталады. Ол – әлем­дегі ең үлкен ел. Бұл – біздің Отанымыз”. Сондай-ақ, Ресейдің елтаңбасы, Ресейдің туы қоса көрсетілген. Ойлап қарасақ мұндай балаларда қандай пат­риот­тық сезім болуы мүмкін. Қа­зақстан Республикасының Конс­ти­туциясында көрсетілгендей, мемлекет білім берудің жалпыға міндетті стандарттарын белгілей­ді, демек, кез келген оқу орны­ның қызметі осы стандарттарға сай болуы шарт. Сондықтан, еліміздің Білім және ғылым ми­нистрлігі Байқоңырдағы қазақ тілінде оқытатын мектептерде оқы­тудың Қазақстанның мемле­кеттік стандарттарын енгізуге, қажет болса қалалық білім бөлі­мін ашуға шаралар қолдануы керек деп есептеймін. Байқоңыр қаласындағы тұр­ғын­дардың коммуналдық ақыға төлейтін қаражаттары басқа қа­ла­лармен салыстырғанда, біршама жоғары. Оның басты себеп­тері­нің бірі – жанар-жағар майдың Ре­сейден әкелінуінде, энергия­мен қамтамасыз етуде келісім-шарт­тардың энергия өндіруші­лер­мен тікелей жасалмайтын­ды­ғында. Сондай-ақ, Байқоңыр қа­ласының аумағы жалға беріл­ген­дігін ескеріп, Қазақстан азамат­та­рын сумен қамтамасыз ету жүйесін  республикалық бюджет­тен субсидиялау дұрыс деп есептеймін. Сонымен, Байқоңыр қала­сын­да тұратын Қазақстан азамат­тарының күнделікті өмірде кез­десетін мәселелерін: тұрғын үй­мен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, құқық қорғау, шағын және орта бизнесті дамыту, қор­шаған ортаны қорғау және эко­логия, қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының, байланыс қызметінің ауқымын кеңейту, елі­міздің мемлекеттік органдары­ның әкімшілік ғимараттарының жағдайын жақсарту мәселелерін шешсек, Байқоңыр қаласындағы әліге дейін қордаланып келген проблемалар жойылып, сондағы Қазақстан азаматтарының конс­ти­туциялық құқықтары толығы­мен қамтамасыз етілген болар еді. Бақберген ДОСМАНБЕТОВ, Сенат депутаты.