Саясат • 07 Тамыз, 2020

Бекте де береке болмай тұр...

263 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты айтып отырмыз, баяғы. Өзекке түскен жегіқұрттай болған бұл қоғамдық кесел мемлекетті экономикалық шығынға батырып қана қоймай, елдің берекесін де қашырып тұр. Төзімнің түбі, шыдамның шегі деген болмау­шы ма еді? Түйені түгімен жұттырған тойымсыздық пен тоғышарлыққа тосқауыл болар айла-шара жеткіліксіз болғандықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы жаңа толықтырулар пакетіне қол қойған болатын. Соған сәйкес бағынышты қызметкері жемқорлықтың желкенін керген жағдайда басшының қызметтен кетуі мақұлданды. Нәтиже бар ма?

Бекте де береке болмай тұр...

 

Байқап отырсақ, бар сияқты. «Көп асқанға – бір тосқан» қайтсе де болады. Өткен жылдың өзінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардағы, квазимемлекеттік сектордағы 324 заңсыз әрекет әшкереленді. Ауыз жаласқан 196 сыбайлас сазайын тартып, жемқорлық фактосы бойынша заң алдында жауап берді. Өкініштісі сол, аталған 196 жем­қордың 82-сі түрлі деңгейде ел басқару ісіне араласып жүрген басшылар болып шықты. Ел мүд­десін елемеген парақор да, мем­ле­кеттік бағдарламаны жүзеге асы­рамын деп, «халықтың қамын емес, малын жеген» жүзі қара жем­қор да, мемлекеттік сатып алу­лар кезінде ел сеніміне селкеу түсір­ген «пайдақор» да, қызметін асыра пайдаланған пысықай да осы 196-ның арасынан табыла­ды. Мұндай «басшыларды» басшы деу­ге де ауыз бармайды. Бас­­тықтың өзі қастық жасаған соң, өңгесі қарап қалсын ба? Қара­май­ды.

Жуырда Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігі 2020 жылдың алғашқы жарты­жыл­ды­ғын қорытындылап, тір­кел­ген сыбайлас жемқорлық құ­қық бұзушылықтарының 10%-ға төмендегенін алға тартты. Әри­не бұл жұмыстар аталған ведомство тарапынан жүргізілген ауқым­ды алдын алу – ағарту жұ­мыс­тарының нәтижесі деуге бо­лады. Агенттік төрағасының бірін­ші орынбасары О.Бектенов баян­дағандай, есептік кезеңде аса ауыр қылмысты анық­­тау және жо­лын кесу 3 есеге, ауыр сыбайлас жемқорлық қыл­мыстарын анықтау және жолын кесу 10%-ға артып отыр.

Осылай деп бөркімізді ас­панға ата бергенде, тазымыз­ көрініп қалмасы бар ма? Мына­ сорақылыққа қараңыз, жемқор­лық­тың жолын кесумен қатар, осы арсыздықпен әшкереленген тұлғалардың саны артыпты. Рес­публикалық деңгейді – 28, об­лыс­тық деңгейдегі – 65, қалалық және аудандық деңгейдегі – 72 басшының бассыздығы анық­талып, қылмыстық жауап­кер­шілікке тартылып үлгерді. Өтел­ген залал сомасы 33,3 млрд теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылғыдан да асып түсті. Заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшіге берілетін сыйлықтың өзі 2 АЕК-тен, яғни 5 мың теңгеден аспауы керектігін ескерсек, мың емес, млн емес, млрд-тап жұта берген басшыларға не деуге болады? Бұл аздай Сатып алу мониторингі нәтижелері бойынша 6 млрд тең­геге жуық бюджет қаражатын тиім­сіз пайдаланудың жолы кесіліпті.

Қынжылтатыны сол, жарты жылда жағымсыз әрекетке барып үлгерген әлгі әр бесінші жемқор – мемлекеттік органның немесе ұйымның басшысы. Сонда дейміз-ау, өткеннен сабақ деген бол­маушы ма еді? «Өткен» деп ата тарихты қозғап, ғасыр қатпарын қазбалап жатқан жоқпыз. Былтыр ғана 196 жемқордың қолына кісен салынған жоқ па еді? Басқасы басқа, әріптесі әшкереленіп жат­қаны туралы хабардан ел басқару ісіне араласып отырған тұлғаның мүлдем беймәлім болуы мүмкін емес жағдай. «Өгізге туған күн бұ­зауға да туады». Біле тұра білмеу мен көре тұра көрмеудің кері – осы!

Әл-Фараби «Тәрбиесіз беріл­ген білім – адамзаттың қас жауы» дейді. Ел басқару ісіне жеткен қабілеттің мемлекеттің мүлкіне қол сұқпау ұстанымына жетпей қалғанын көріп, қайран қаласыз. Бәлкім, біз білме бермейтін «басшы болсаң жасап қал – әлің жеткенше асап қал» деген ұран, жоқ ұстаным қалыптасты ма екен? Әйт­пегенде, жемқордың саны жыл санап артудың орнына, кемуі керек еді ғой деген ойда қаламыз.

Мемлекеттік органдар мен ұйымдардағы сорақылық сондай бо­лған соң, квазимемлекеттік сектор оңсын ба? Оңып тұрған жоқ. Аталған сектор ұйымдарының арасында жемқорлыққа ең бейім «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қызметінде 45 тұлғаға қатысты 81 жемқорлық қылмыс тіркеліп, 34 тұлға сотталды. 45 тұлғаға – 81 іс!!! Әрқайсысы бір асап, екі жеген деген сөз. Тіпті кейбір басшылар вагондарды кедергісіз өткізу үшін кәсіпкерлерден ірі көлемде пара бопсалаумен айналысып, ұйымдасқан қыл­мыс­тық схема арқылы заңсыз ба­йып үлгеріпті. Бұған дейін жаз­ғанымыздай, құны 5 мың тең­геден асқан сыйлықтың өзі пара ретінде есептеліп жатқанда, бұлар пара сомасын 100 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін жеткізіп отыр. Қай бетімізді шымшиық?

Мемлекеттік органдардың жағдайына қайтып оралайық. Қолымызға түскен дерекке сен­сек, өткен жылдан бері 1590 лауа­зымды тұлға жемқор­лық мәселесіне қатысты жауапкер­ші­лікке тартылып, 213-і қыз­меті­нен айырылған көрінеді. Со­ны­мен қатар қол астындағы қыз­мет­керінің әрекетін жөндеп қадағалай алмаған 648 басшы да жазасын алыпты.

Қызметкердің әркетіне қарай басшысын жазалау мәселесі бұған дейінгі Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің екі ведомствоға бөлініп, Мем­лекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі болып қайта құрылуынан бастау алды деуге болады. Осылайша өткен жылы Президент Жарлығымен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өз алдына отау құрған болатын. Бұл қадам сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында түбегейлі бет­бұрыс жасауға мүмкіндік берді.

Мүмкіндік деп дербес депар­таменттің құзырын кеңейт­кен құжатты айтуға болар еді. Өткен жылы 26 қараша­да Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы жаңа толықты­ру­лар пакетіне қол қойып, ол 10 желтоқсанынан бастап қолда­нысқа енгізілген еді. Яғни ба­ғынышты қызметкері жемқор­лық­қа жол салған болса, саяси қыз­метші де лауазымынан айырылады.

Алайда қарапайым халық бұл құжаттың маңыздылығын әлі де болсын толық түйсіне қойған жоқ сияқты. Ең алдымен «саяси мемлекеттік қызметшілер деген кім?» деген мәселеге тоқталайық. Саяси қызметкер – Мемлекет басшысына тікелей бағынып, есеп беретін министрлер мен оның орынбасарлары, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен олардың орынбасарлары. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері, олардың орынбасарлары, аудан әкімдері.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төр­ағасы Алик Шпекбаев басшыларды қызметтен босатудың тікелей тетіктерін Facebook-тегі өзінің жеке парақшасында былай түсіндіреді: «Саяси басшының өз қызметін доғаруға өтініш беруінің басты шарты – оған тікелей бағынышты қызметкерге қатысты заңды күшіне енген соттың айыптау үкімінің болуы немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы шешімнің қабылдануы (амнистия, шынайы өкіну, тарап­тардың татуласуы және т.б). Бас­шының жұмыстан кетуге өтініш беретін мерзімі – 10 күнтіз­белік күн. Екінші шарт – тікелей бағынышты қызметкер жа­саған қылмыстың басшының саяси лауазымға тағайындалған күні­нен­ бастап 3 ай өткеннен кейін жасалуы».

Ведомство басшысының ай­туынша, «Қызметтен кету» түсі­нігі тек саяси қызметшілерге қа­­­тысты қолданылады. Жұ­мыс­­тан кетуді қабылдау немесе қабылдамау – саяси мем­лекет­тік қызметшіні тағайын­даған тұлғаның құзіре­тінде. Яғни орталық мемлекеттік ор­ган­дардың басшылары, об­лыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астана­ның әкімдері үшін – Прези­дент, вице-министрлер үшін – Премьер-Министр, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерінің орынбасарлары үшін – облыстар­дың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың әкімдері құзіретті тұлға ретінде саналады.

«Мұндағы мәселе ұжымда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды өз міндетінде жүйелі түрде елемеуге қатысты болып отыр. Біздің міндетіміз – басшыларды өз ұжымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алумен және ескертумен сөз жүзінде емес, іс жүзінде айналысуға мәжбүрлеу», дейді А.Шпекбаев.

 

P.S. «Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – ел қалар, берекең кетсе – нең қалар?!» дейді халқымыз. Бұрынғыны қайдам, бүгінгінің «бектері» құр кетпей, мемлекеттің бюджетімен қалтасын қалыңдатып, қарнын қампайтып кетіп жатыр. Оған өзіміз де, көзіміз де үйреніп алды. Көз үйренгені былай тұрсын, осы қамсыздығымыз келе-келе етімізден өтіп, сүйегімізге сіңбесе жарар еді. Ел басқару ісіне араласқан «бектер» кетуін кетіп жатқанымен, жағдай оңала қойған жоқ. Енді қайтпек керек? Ойланарлық жайт...