Таным • 07 Тамыз, 2020

Бақыт және бақытқа жеткізетін жол

10837 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Орта ғасырлық көрнекті ойшылдар, әсіре­се гуманитарлық ғылым саласы өкілдері өз шығармаларында адам баласының игілік­ке, ізгілікке қалай қол жеткізе алатыны туралы көп ойланып, толғанған. Олардың ішінде Отырар перзенті Әбу Насыр әл-Фарабидің жөні бөлек. Оның осы мәселеге қатысты, яғни бақыт туралы пайымдаулардан тұратын екі еңбегі бар. Алғашқы­сы «Китаб ат-танбиһ ала сабили ас-сағада» – «Бақыт жолын сілтеу жайлы кітап» деп аталса, екіншісі «Китаб тахсил ас-сағада» – «Бақытқа жету жайлы кітап» деген атаумен әйгілі.

Бақыт және бақытқа жеткізетін жол

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбаев, EQ

Әбу Насырдың осы екі дүниесі де отырарлық кемеңгердің туғанына 1100 жыл толуына арнап Алматыда орыс, қазақ тілдерінде 1975 жылы жарыққа шықты. [Әл-Фараби. Әлеуметтік-этика­лық трактаттар. Алматы, «Ғылым», 1975, 418бет]. Аса жауапты бұл істі жүзеге асырғандар КСРО Ғылым ака­де­миясының академигі, КСРО ҒА Шы­ғыс­тану институтының директоры, көр­некті мемлекет және ғылым қай­раткері Б.Ғ.Ғафуров (1908-1977), қа­зақтың талантты философ ғалымы, про­фессор Ағын Қасымжанов (1931-2000) және Алматыдағы әл-Фараби орта­лығының ғалымдары Е.Д.Харенко мен Б.Я.Ошерович. Олар ұлы ойшыл шығармаларын орыс тіліне аударып, алғы сөзін жазып, зерттеген әрі Еуропа халықтарының тілдерінде шыққан нұс­қаларымен салыстырып, ескерту, түсі­ніктерін де жазған еді. Бұл шаруа оңай атқарылатын мәселе емес-ті. Бұны айтып отырғанымыз, аталмыш ғалымдардың барлығы дүниеден өтіп кетті. Қазір арамызда жоқ. Бірақ олар Әбу Насыр әл-Фарабидің жоғалдыға саналған жазба мұраларын іздеп тауып, аударып, зерттеуде орасан зор қызмет атқарды.

Олар Әбу Насырдың бақыт жайлы алғашқы шығармасы араб тілінде 1927 жылы Үндістанның Хайдарабад шаһарында, екінші рет те сонда, үшінші рет осы жұрттың Бомбей қаласында 1937 жылы басылым көргендерін айтқан.

А.Қасымжанов пен Е.Д.Харенко Оты­рар ойшылының аталмыш трак­тат­тарының латын, түрік, испан тілдеріне де тәржімаланғандығына назар аудара отырып, олардың араб тіліндегі нұсқа­ларының қай елдерде сақтаулы екенін де анықтай алған. Әрине одан кейін де Әбу Насырдың көптеген еңбектері әлемнің бірқатар елдерінде жарық көрді. Ол жайлы АҚШ библиографы Николас Решер арнайы зерттеу жазған.

Дін қызметінде жүрген жылдары бірде Иранның астанасы Тегеранда өт­кен халықаралық ғылыми-теориялық кон­ференцияға қатыстым. Әдеттегіндей уақыт тауып, осы елдің кіндік қаласының кітап дүкендерін аралау үстінде Әбу Насырдың «Китаб ат-танбиһ сабил ас-сағадасына» кез болдым. Онда бақыт жайлы аталмыш трактатқа қоса Әбу Насырдың «Ат-Тағликат» – «Афористік жазбалар» және «Рисалатани фалсафиа­тани» – «Философиялық екі трактат» атты дүниелері де беріліп зерттелген екен. Араб тіліндегі бұл кітапты құрас­тырып, зерделеген доктор Жағфар Йасин. Еңбек 354 беттен турады.

Отырар кемеңгері «Китаб ат-танби­һінде...» Платон мен Аристотель ойларын аша отырып, ғылымын жалғастырған, жетілдіріп тереңдеткен.

Әбу Насыр әл-Фараби адамды бақыт­қа не нәрсе жеткізеді деген сауалға жа­уап іздеген. Оның ойынша, адам ба­­ла­сы бақытқа жету үшін талпынатын мақсаттар көп. Әуелі ол білімді, со­нан соң қанағат, қанағатшылық, ақыл-парасат, жақсы мінез-құлық, кі­ші­­пейілділік, (жаман сөз айтпау, зор­лық-зомбылық жасамау, отбасына жақ­­сы қарау, сауапты іс жасау) секілді этика ғылымына қатысты жайттарды сөз еткен. Сондай-ақ ұстамдылық, сөз­ге тапқырлық, ысырапшылдық, жо­март­тық, рахат сезім деген не, абзал іс­тер, адам мақсатының түрлері, білім мен өнер, олардың түрлері, философия және оның түрлері, философ деген кім, оған қойылатын талаптар қандай, логика өнері, грамматика өнері секілді т.б. өзекті мәселелерді сөз еткен.

Енді осылардың кейбірі туралы тара­тыңқырап айтайық.

Бақыт және бақыт жолына көңіл аударғанда Әбу Насырдың бұл мәселеге ғалым, үлкен парасат иесі ретінде қа­рап, оларды ғылыми тұрғыдан қарас­тырғандығын байқаймыз. Өз ойларын ежелгі грек кемеңгерлерінің тұжы­рым­дары мен айтқандары, түйген ойларына зер сала, ғалым ретінде терең ой жібере отырып зерделеуге тырысқан.

Әбу Насыр адам бақыт биігіне жету үшін, соған жеткісі келетін кісіден сол жолды игерудің әдісі мен амалын табуды талап ететінін ескертеді де «алдымен ескертіп алайық, адам өмірінде кездесетін жағдайлар мыналарға бө­лі­неді: артынан мадақтауға және жаз­ғыруға болмайтын жағдайлар және ма­дақтауға немесе жазғыруға болатын жағдайлар» дейді. Сөйтеді де, «артынан [не] мадақтауға немесе жазғыруға болатын жағдайларда адам бақытқа жете алмайды. Нәтижесінде әрі мадақтарға, әрі жазғыруға болатын жағдайлардың жиынтығы қосыла келгенде ол бақытқа жетеді» деп ой түйеді де осы екі жағдай­ды тізбелеп анықтама береді.

«Әл-Фараби этикасының ең жоғары категориясы – бақыт, өйткені басқа бір­деңе үшін емес, тек өзі үшін қажет болатын игілік және ең жоғары игілік осы бақыттың басына шоғырланған. Атап айтқанда, космология мен этика, жалпы философиялық конструкция (құрылым) және оның практикалық мағынасы осы шеңберде ұштасады. Өйткені фило­со­фия болмайынша, дүниенің жалпы үйлесімін, оның құрылысының сұлу­лығын ұқпайынша шын бақытқа жетуге болмайды. Бұл дүниеде рахат деп білетініміз басқа дүниеде азапқа айналуы мүмкін... Әділеттіктің үстем болуының шарты ретінде басқа дүниеге жүгіну, осының керісінше – шын дүниедегі тежеусіз жалмауыздықтың үстемдігі, ождан мен намысты баса-көктеу үшін өтелетін ақы сияқты нәрсе, ақы дегенде, теориялық ойы әлденеше рет қайта оралған және кейін Кант (1724-1804) өте күшті түрде айтып берген ақыл сияқты нәрсе...

Жеке бас тұрғысынан қарағанда, ба­қыт дегеніміз әл-Фарабидің пікірінше, адамның адамгершілігіне негізделеді. Осы ұғымға, философиялық зеректік пен терең ақылдылық үстіне, жақсы мінез-құлық та кіреді...

Ақыл-ой, адамгершілік этикалық-адамгершіліктен айырғысыз нәрсе: ақылды, демек, ол адамгершілігі мол, қайырымды адам. Жетілу үшін өзіңе өзің барынша адал болуың қажет, мұның әсіресе өз бойыңда бар абзал қасиетті тани білуге, соларға ие болуға және соны дамытуға қатысы бар...

Ақыл-парасат пен ағарту ісінің күрес­кері, соғыстар мен зорлық-зомбылыққа ашына қарсы шыққан әл-Фараби ізгі тілекті адамдардың бәріне жақын, әрі қымбат» деп жазған Б.Ғафуров пен А.Қа­сымжанов.

Әбу Насыр әл-Фараби бақыт деге­ні­міз игілік дейді де игілікті игіліктер ішін­дегі ең қадірлісі, ең үлкені және ең жетілгені санайды, солай тұжырым жасайды. Оның ойынша әрбір адам бақытты өз түсінігінше бақыт деп біледі. Кейбіреулер бақытты байлық деп ойлайды. «Адам баласы жалпы жасанды жолмен жасаған ақыл-парасат арқылы бақытқа жете алмайды. Нені және қа­лай ажыратылатынын ол өзінің бүкіл өмір бойында біліп отыратын ақыл-па­расаттың арқасында ғана бақытқа жетеді деп есептелінеді» дейді.

Отырарлық кемеңгер меніңше әдеп­сіз, тәрбиесіз, біліксіз адам бақытты бола алмайды деп санайтын сияқты. Адам бақытты болу үшін жақсы іс іс­теуі керек, жақсыға жақсылық жасау­ға, абзал әрекетке тырысуы ләзім. Кі­сі жақсы мі­нез-құлқымен ғана ба­қыт­қа ие болады. Сондай-ақ ол ұстам­ды­лық, сабырлықты да жақсы құлық деп есептейді. Ол жо­марттықты да ізгі іске қосқан. Ал са­раң­­дықты жаман қасиетке жатқызады. Әбу Насыр тойым­сыздық, қомағайлық, аш­көздік секілді қылықтардан аулақ бо­луға шақырады.

«Ал егер өз бойында жоқ бола тұ­рып, адам өзін ізгі қасиетті адамға, жү­ріс-тұрысы жөнді адамға жатқызса, онда ол адамда өзі жайлы жалған пікір туғандығы.

Егер адам өз ойында жоқ нәрселерді өзіне жатқыза беретін болса, онда ол адамда көлгірсушілік пайда болады».

Адамның өз ожданы алдында абзал, шыншыл болуы адам өзіне өзі ізгі қасиетті болуынан, жүріс-тұрысы ізгі болуынан ғана туады» деген ой түйеді ұлы даланың дана тұлғасы. Көлгірсуді атай отырып ол оны жаман қасиет деп есептейді.

Жаман мінез-құлық (дөрекілік, са­быр­сыздық, ашушаңдық, төзімсіздік, жа­рамсақтық, тәкаппарлық) әл-Фарабидің пікірінше рухани кесел.Оны жою үшін тән кеселін емде қолданатын дәрігердің тәжірибесіне еліктеуің керек», дейді қазақ жерінің парасатты ұлы.

Ал енді адамдар арасындағы достық туралы Әбу Насыр қандай ой айтқан деген мәселеге келейік. Әбу Насыр әл-Фараби «доскерлік – адамшылықтағы жақсы қасиет, бұл өзі адамның басқа адамдармен тиісті шамада қарым-қа­ты­нас жасауынан туады, осының арасында ол өзінің жүріс-тұрысынан, сол адам­дармен әңгімесінен жақсы ләз­зат алады. Бұл жөнінде артық кету – жарам­сақтыққа соғады, ал достыққа кемтар бо­лу – тәкаппарлыққа итереді. Ал енді осы ретте ол басқаны ренжітетін іс жасаса, онда бұл дүрдараздыққа апарып соқтыратынына» көңіл аударған.

Адам баласы бақытты болуы үшін өзін өзі барлық жағынан жетілдіріп оты­руы қажет. Ол үшін үнемі ізденісте бол­мақ керек. Бұл айтылғандардың бәрін ол этикаға жатқызған және бақытты жо­­ғарыда айтқанымыздай этика ғылы­мы­мен байланыстырған.

«Ең алдымен біліп алатын нәрсе: адам тамаша әрекеттерді кездейсоқ жа­­сауы және өзінің ықтиярынсыз жасауы мүмкін. Осындай жағдайларда жа­салған ондай тамаша әрекеттер бақытқа жеткізбейді. Егер осы әрекеттер оның өзі­нің ықтиярына және [өз еркімен] таң­дауына негізделген болса, [сол жағ­дайда] ол бақытқа жетеді. Егер ол осы әрекеттерді тек кейбір нәрселер жөнінде ғана және оқта-текте ғана жасайтын бол­са, мұндай кезде де ол бақытқа же­те алмайды. [Адам] өзінің барлық әре­кетінде тамаша әрекетті қалайтын болса және өмір бойында осылай ететін бол­са, сонда ғана ол бақытқа жетеді. Дәл осы шарттарға жанның да тамаша аффек­тілері сәйкес келетіндей болуға тиіс», деп са­найды Әбу Насыр әл-Фараби.

«Әлеуметтік-этикалық көзқарас­тар­ды әдеттегенде отырарлық данышпан ежелгі грек ойшылдары Аристотель мен Платонның ықпалында болды. Әлеу­­меттік көзқарастар саласында Пла­­­тон­ның, этикалық көзқарастар сала­сында Арис­тотельдің ықпалы басым бол­ды», дейді А.Х.Қасымжанов пен Е.Д.Харенко.

Иә, Әбу Насыр әл-Фараби бақытқа же­туге бастайтын жолға да айрықша на­зар аударған. Екінші трактатта әл-Фа­раби өлгеннен кейінгі баянсыз бақыт туралы емес, тірі адамның бақыты ту­ра­лы айтады. Оған жету үшін адам өзін өзі жетілдіре отырып, қиын жолдан өтуі керек. Бақыт проблемасын сөз қыл­ғанда әл-Фараби үнемі мына әдіс­ті қолданады: оң құбылыс пен теріс құ­бы­лысты қарама-қарсы қояды, оларды біресе біріктіре, біресе ажырастыра қа­­растырады, өйткені бақытқа жету шарт­­тары оң құбылыстарды да, теріс құ­­былыстарды да қамтуға», мақтауды да сөгісті де ала жүруге» тиіс. Бұл фак­тор­­лар адам қылықтарының – сорақы және жақсы қылықтарының негізі болып табылатын қара күш, мінез-құлық, ақыл-парасат қабілеттерінің белсенді түрде өзара әрекеттесуі арқылы көрінеді. Жақ­сы әрекеттерді орындау адамның игі ниетті еркімен және өз қалауымен үй­леседі және адамның өмір бойына осылайша болып отырады. Жақсы әре­кеттерде зорлау, кездейсоқтық, тұ­рақ­сыздық бақытқа жеткізбейді...

Адамның жетілуі мінез-құлықтың жетілуімен үйлес келеді, осыдан келіп бақытқа жету мен мінез-құлықтың же­тілуі арасында байланыс туады», дейді.

Сөйтіп ол «Бақытқа жету жолын сіл­теу» трактатында және басқаларында әл-Фараби Аристотельдің әрекеттері мен қайырымды істердегі орта шама туралы пікірін дамытады.

Екінші трактатта Әбу Насыр әл-Фа­раби адамның мақсатын немесе міндетін баяндайтын, мақсатқа жету жолы мен құралдарын көрсетеді, сөйтіп, мақсатқа адамның жетілуі арқылы жетуге болады, ал адам ақиқатқа тану арқылы жетіледі деген қорытындыға келеді», деп санай­ды отандас ғалымдарымыз.

Әбу Насыр әл-Фарабидің «Китаб тах­сил ас-сағада» – «Бақытқа жету туралы кітап» трактаты бірінші трактатына жақын деу керек». Екі трактаттың екеуінде де пайымдаудың байланысы сондай – мұның біріншісін екіншісіне кіріспе етіп алуға болар еді. Бірінші трак­таттың пайымдаулары этика саласына жатады, мұнда бақытқа жетудің мақсаты мен құралдары анықталады. Екінші трактатта гносеологиялық (дү­ние­­танудың нысандары мен әдістерін зерттейтін сала, таным теориясы) және онтологиялық (болмыс туралы ме­та­физикалық ілім) мәселелерге көбі­рек көңіл бөлген. Оны оқу үстінде ға­лым шығармасынан Аристотельдің «Екін­ші Аналитикасының» ықпалын сезесің, ол әсіресе «бастамалардың бас­тамасын» іздеу туралы сөз болғанда байқалады. «Анық» және «жорамал» ақиқат туралы пікірлер Аристотельдің «Софистикалық бекерге шығаруларын» еске салады» [Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. Алматы, «Ғылым», 1975,374-387-беттер].

«Бақытқа жету туралы кітап» 1961 жылы Бейрутте жарияланған. Сонан соң 1962ж. АҚШ-та Нью-Йоркте ағылшын тілінде шыққан. Сондай-ақ оның түрік тіліндегі де басылымы барлығын айт­қан жөн. Бұл дүниенің нұсқалары Бри­тан музейінде, Үндістанның Рампур университетінде, Ташкенттегі Әбу Рай­хан әл-Бируни атындағы Шығыстану, Санкт-Петербургтегі Шығыстану инсти­тут­тарының қолжазбалар қорында және т.б. жерлерде де сақтаулы.

«Китаб тахсил ас-сағада» Әбу На­сыр әл-Фараби шығармашылығының соңғы кезеңінде жазылған болуы керек. Бұл – бұдан бұрынғы үш еңбекпен салыстырғанда («Бақыт жолын сілтеу», «Аза­маттық саясат», «Мемлекеттік қай­рат­кердің нақыл сөздері») ең маңызды да өрелі еңбек, сондықтан әл-Фарабидің басқа трактаттарына қарағанда «саяси» деген ат бұған көбірек лайықты. Сонымен қатар бұл туынды ойшылдың саяси трактаттарының ішінде айрықша орын алады. Мұнда басқа еңбектерде баяндалмаған мәселелер қарастырыла­ды, көптеген философиялық ұғымдарға анық­­тамалар беріледі.

Әбу Насыр әл-Фараби «Китаб тахсил ас-сағада кітабын» «Адам бойын­да дарыған, халықтар мен қала тұрғын­дарына тән және бұл дүниеде тиесілі бақытқа жетуіне, о дүниеде асқан ра­хат­қа кенелуіне де септігін тигізетін төрт түрлі нәрсе бар, бұлар: теориялық ізгіліктер, ойшылдық ізгіліктер, этика­лық ізгіліктер және практикалық ізгі­ліктер» деп жіктеуден бастайды. Әрі қарай осылардың әрқайсысына түсінік немесе анықтама береді.

Әбу Насырдың бұл айтқандары қазір де өміршең. Білімсіз, жігерсіз, білім жо­лында қиындыққа шыдай алмайтын, табанының бүрі жоқ адам имам да, әкім де, билеуші де, заң шығарушы, фи­лософ та болып жарытпақ емес. Туа бітті зейінсіз, білімге дегенде құш­тар­лығы, қызығушылығы жоқ, теория­лық ғылымды игеруге қабілетсіз адам философ болып та жарытпақ емес деген ойға берік тұрақтайды Отырар кемеңгері. «Теориялық ғылымдар жағынан кемелдене тұрса да жалған және дүмбілез философтар, сайып келгенде, ғылымнан бірте-бірте алшақтай береді, ал ізгілік арқылы кемелденерлік жасқа жеткенде ондай адамдардың білімі толық сөніп бітеді» дей келе ол Платонның осылай деп ескерткенін алға тартады. Сондай-ақ ол «философия көздейтін мақсатты сезінбейтін адамды өресіз философқа балайды. Осылардың бәрін айта келе: «Осындай сипаттағы философия бізге гректерден: Платон мен Аристотельдан келген. Олардың әрқайсысы бізге философияны беріп қана қойған жоқ, со­нымен қатар оған апаратын жолды да, оның құлдырап, ғайып болған кезінде, оны жасау жолын да көрсетіп берді. Біз ең алдымен Платонның философиясын және мұның сатыларын баян­даудан бастаймыз. Біз Платон фило­софиясының бірінші бөліміне кірі­семіз, онан соң рет-ретімен жүріп оты­рып, оның философиясының соңғы бө­ліміне жетеміз. Бізге Аристотель ұсын­­ған философия жөнінде де осылай жасаймыз. Бұдан көрініп отыр­ған нәрсе – олардың бізге берген тәліміндегі мақсаттың бір­ыңғай екен­дігі. Осылардың екеуі де бәз-баяғы бір философияны – Платон философиясы мен оның бөлімдерін, бөлімдерінің сатыларын бастан-аяқ баяндап беруге тырысқан» дейді. [Әл-Фараби. Әлеу­меттік-этикалық трактаттар... XXIX, XXX; 5, 7, 19-21, 274-286, 303, 308, 329-331, 336-337, 343-344, 352-372, 413-беттер]

Әбу Насыр әл-Фараби «Бақыт жолын сілтеу» мен «Бақыт жолы жайлы» трак­таттарын жазуда өзі жоғарыда айтып өйткендей гректің аталған ой­шыл­­дарының еңбектерін жақсы зерде­леген. Платон мен Аристотельдің фи­ло­софиялық атауларын жақсы түсіну, оларды игеру, оларға толыққанды тү­­сін­дірме жасау үшін ежелгі грек ті­лін өте жақсы білу керек еді. Әбу На­сырдың сөз болып отырған трактаттарын оқи отырып, оның грек тілін және өзге де тілдерді жақсы білгендігіне көз жетеді. Ибн Халликан өз шежіресінде Әбу На­сырдың жетпіс тілді білгендігін бостан босқа айтпағаны түсінікті болса керек.

 

Әбсаттар қажы Дербісәлі,

ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор