Руханият • 07 Тамыз, 2020

Әлияның ізі қалған мекен

1217 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Биыл Кеңес Одағының Батыры, қазақтың аяулы қызы Әлия Мол­дағұло­ваның туғанына 95 жыл. Отаны үшін отқа түсіп, жас өмірін қиған ба­тыр қызға хал­қы­мыз­дың, сондай-ақ басқа да көптеген елдің құр­­меті ерекше. Әлияның ерлігіне ба­сын иіп, құрмет көрсете­тін жұрт­­тың ішінде, әсіресе Ресей халқының орны бөлек.

Әлияның ізі қалған мекен

Бүгінде Әлия Молдағұлованың есімі Қа­зақстан мен Ресей арасын жал­ғап жатқан алтын көпір десе болады. Екі елдің ортақ тұлғасына айналған батыр­дың ерлігін насихаттауда қос тарап тізе қоса жұмыс істеп келеді.

Ресей жағының батыр есімін ұлықтау бағытындағы қызметінің бір парасы осы мемлекеттің Ярославль облысы Некра­сов ауданы Вятское селосында қолға алынған шаралардан айқын көрінеді.

Уақыт бойынша сәл шегініс жасайық. 1942 жыл. Ұлы Отан соғысының өршіп тұрған кезі. Ленинград қаласы жаудың қор­шауында екінші қысын өткізіп жатыр. Осындай аласапыранда Әлия тәр­биеленіп жатқан Ленинградтағы №46 балалар үйінің тәрбиеленушілері Ярос­лавль облысындағы Вятское селосына кө­шіріледі... Вятское мектебінің сол кез­дегі мұғалімі Т.Суворованың естелі­гін­де Вятское селосы тұрғындарының бала­ларды қалай қарсы алғаны, олардың арасындағы Әлия туралы былай деп жазады: «Біз балаларды аш-жалаңаш екенін алдын ала сезгенбіз. Сол себепті қарсы алуға шыққанда жылы киімдермен, тамақ алып шықтық. Оларды өз көзі­мізбен көргенде төбе шашымыз тік тұрды. Балалардың азып тозғанын, құр сүлдері қалғанын айтып жеткізу қиын. Кейбір балалар өз бетімен жүре де алмайтын. Мен сабақ беретін сыныпта қазақ қызы оқыды. Сымбатты қыз бала өте пысық болатын. Қара көздері шоқ­тай жанып, ерекше көзге түсетін. Бұл Әлия Молдағұлова еді. Сабаққа өте ықыласты болды. Сыныпта ол Ли­дия Новикова деген қызбен бір партада отырды. Қыздар достасып кетті, Әлия­ның достары көп болатын. Балалар оңал­ғаннан кейін, бос уақыттарында кол­хозшыларға көмектесіп, жауды же­ңуге үлес қосты. Әлия барлық жерде ал­дың­ғы қатарда жүретін. Жалпы, Ленин­град балаларының еңбек сүйгіштігі, бел­сенділігі, адалдығы бәрімізді сүй­сіндіретін».

Мұнда Әлия 1942 жылдың наурыз-сәуір-мамыр айларында оқиды да 7-сы­нып­ты бітіріп, бірге оқыған құрбы­ла­рымен бірге Рыбинск қаласына ұш­қыш­тар даярлайтын техникумға оқуға кетеді.

Вятское селосы Ухтомка өзенінің жаға­сында, облыс орталығы Ярославль қаласынан 38 шақырым жерде орна­ласқан. Село үлкен тармақталған музей орталығы болып саналады. Бір жерде 12 музей бар, 30-дан астам ескерткіш қайта жөндеуден өткен.

Вятское халқы сонау қиын кезде өздерінен пана тапқан, кейін Кеңес Ода­ғының Батыры атанған қазақтың қар­шадай қызы – Әлияның есімін мақ­тан тұтады, ардақтайды. 1942 жылы батыр қыз оқыған мектеп қазір дәл сол күйінде сақталған. Осы ауылдың балалары өткен жылға дейін сол мектепте оқыған. Биылдан бастап басқа мектепке көшіпті. Әлия оқыған мектеп қас­қайып әлі тұр. Мектепке 2018 жылы Әлия­ның суреті бейнеленген ескерткіш тақта орнатылған. Ол тақтада «Алия Молдагулова, славная дочь казахского народа, училась в Вятской школе с марта по май 1942 г. Героически погибла в боях за Родину» деген жазу бар. Ескерт­кіш тақ­та 2018 жылы салтанатты түрде ашылған.

Ал 2019 жылдан бастап Вятское орта мектебінде Әлия Молдағұлованы еске алу мақсатында Некрасов ауданына қарасты барлық мектеп оқушылары ара­сында пневматикалық винтовкамен көздеп атудан турнир өткізу дәстүрге айналған. 2019 жылы І ашық турнирі өткізілсе, ІІ ашық турнир 2020 жылдың 28 ақпанында ұйымдастырылды және осы күні мектептің ішінен Ә.Молдағұловаға арналған музей ашылды. «Она училась в нашей школе» деп аталған бұл іс-шараға қазақстандықтар атынан мен және Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептің мұғалімі Жәмила Мұхамбеталы қатыс­ты. Қазақстаннан барған бізді Некра­сов ауда­нының басшысы Алексей Николае­вич Ко­ротаевтың өзі бас болып қарсы алды.

Мектепке кірген бойда оқушылар ара­сында Әлияның жерлестері келді деген сөздер естіліп жатты. Мектептің сал­танат залында шараның ашылуы өтті, Әлияға арналған әдеби музыкалық композиция көрсетіліп, әндер шырқалды. Қойылымдар кезінде әр оқушының Әлия­ны жанындай жақсы көретіні, жанына жақын екені сезіледі, кеудеңде мақтаныш сезімі орнайды. Осылайша сол күні сонау Ресейдің бір бұрышында жат­қан Вятское мектебінде тек ғана Әлия туралы әндер орындалып, Әлияға арнал­ған жырлар оқылды.

Іс-шараға жиналған халық мектеп ішіндегі Әлияға арналған музейдің ашылу салтанатына қатысты. Музейдің ашылу салтанаты да өте жоғары дәрежеде өтті. Жиналған халық жаңадан тұсауы кесілген музейге кірді. Жерлестері атынан му­зейге қазақ қызының ұлттық киімі, батырдың кіндік қаны тамған Бұлақ ауы­лының топырағы және «Алия – Ве­ликая дочь Казахского народа» деген та­қырыппен жасалынған стенд табысталды. Бұл стендте Қазақстан және Ресей жеріндегі Әлия есімімен аталынатын оқу орындар, музейлер, көшелер, ескерт­кіштер, тума-туыстарының су­рет­­тері беріліп, екі ел арасындағы бай­ла­ныс туралы мағлұмат ұсынылған. Төр­ден орын алған қазақ қызының киімі музей сәнін келтіріп-ақ кетті. Елден барған стенд те, туған жерінің топырағы да өз орындарын тауып орналасты.

Негізі, ұйымдастырушылар Әлия музейін ашпас бұрын көп ізденіпті. Жер­гілікті суретшілердің қолдарынан шық­қан Әлияның портреті ілінген, өмір­баяны жазылған. 1944 жылдың 14 қаңтары күнгі Әлия құрамында болған 54-атқыштар дивизиясының жауға қар­сы шабуылының схемасы үлкейтіліп ілін­ген. Мектептің архивінде Әлия Молдағұлованың 7-сы­ныпты бітірген кездегі орыс тілі, орыс әдебиеті, геомет­рия, алгебра пән­дері­нен емтихан тап­сырғаны туралы хаттамалардың түп­нұсқасы сақталған. Екі жа­ғы кортонмен қапталған, тігілген, шақпақ жазу дәп­терінің бетіне қолмен жа­зылған 7 «б» сыныбының геометрия пәнінен емтихан қорытындысы туралы протоколында 24 оқушының тізімі тұр. Ә.Молдағұлова бірінші тұр. Жанында «отлично» деген жазу бар. Алгебра пәнінен толтырылған хаттамадан ғана «хорошо», ал қалған пәндерде тек «отлично» деген жазуды көресің. Беттері әбден сарғайған, сақтал­ғанына 78 жыл өткен хаттамалар 1942 жылдың 25 мамыры күні тол­тырылған екен. Бұл түпнұсқаны олар көздерінің қарашығындай сақтап отыр, оның дәлелі – музейге тек көшірмелері ғана ілінген, ал түпнұқса кілтпен жа­былған қобдишада сақталынады екен.

Музейде Әлияның балалар үйінде өз қатарларымен пионерлік жиында түс­кен сапта тұрған суреті ілінген (ол суретте 8-ші тұрған Әлия деп жазылған). Су­рет­ке жа­қынырақ қарасаңыз, Әлияны дәл та­нисыз және Ленинградтағы балалар үйінің басшылығына арнап өз қол­дарымен жазған 1942 жылғы жаңа жыл­дық құттықтауын көресіз. Ол құт­тық­тықтаудың соңғы жағында құт­тық­тау­шылардың атынан бес оқушының аты-жөні жазылған. Үшінші болып Әлия Молдағұлованың есімі тұр.

Музей сөрелеріне қазақтың ұлттық тақиясы, домбыра, Қазақстан жалау­шасы, Қазақстанның Талдықорған об­лысынан 1970 жылдары мектеп оқу­шылары жазған хаты және Ресейлік Дарья Александровна Тимошенконың «Пос­ледний бой Алии Молдагуловой» атты кітабы қойылған. Айта кету керек, 2018 жылы Д.А.Тимошенконың «Пос­ледний бой Алии Молдагуловой» атты кітабының тұсаукесері осы Әлия оқыған Вятское орта мектебінде өткен болатын. Соғыс даласынан табылған көптеген зат осы музейге қойылған. Му­зей өте жақсы жабдықталған. Қа­зақ­станнан өте алыста жатқан осы бір селоның тұрғындарына және ұйымдас­тырушыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Біз ұйымдастырушыларға Әлия жерлестерінің қашан да музей жә­дігер­лерін толықтыруға көмектесуге да­йын екенін жеткіздік. Осы музей ішінде Ақтөбе облыстық Әлия патриоттық тәр­бие беру орталығы мен Вятское орта мек­­тебі арасында алдағы уақытта өзара қарым-қатынаста болу үшін меморан­думға қол қойылды.

Әлияға арналған шараның екінші бөлімі – турнирдің ашылу салтанаты мектеп спорт залында өтті. Ярославль облысына қарасты аудандардан 13 команда жиналыпты. Тағы да бір мақтанышпен айтатын жайт, осы 13 команданың бірі Ярославль облысының Рыбинск қала­сындағы авиация колледжінің сайып­қырандары. Бұл – 1942 жылы Әлия Молдағұлова оқыған ұшқыштар даярлайтын техникум. Бұл жерде Вятское мектебінің соғыс жылдарында Әлия оқыған Рыбинск қаласындағы ұшқыштар даярлаған оқу орнымен қазіргі таңда тығыз байланыста екені көрініп тұр.

Турнир өтетін залда «Турнир по стрельбе из пневматической винтовки, посвященный памяти Героя Советского Союза Молдагуловой Алии» деген сөз­дер жоғарыға ілінген. Қазақстан мен Ресей­дің тулары қатар қойылыпты. Екі елдің Гимні қатар орындалды. Мұ­ның да Ресей халқының Қазақтың батыр қызына деген құрметі екені анық. 13 коман­даға алғашқы әскери тәртіп бе­ріліп, шара ережесімен таныстырылды. Ша­раның бас қолбасшысына әр команда коман­дирі әскери рапорт беріп, рапорт соңында өз Отанымызға Әлиядай қызмет жасаймыз деп уәделерін беріп жатты. Тур­­нирге қатысушы 13 командаға қо­йы­латын талаптардың ішінде Әлия Мол­дағұлованың өміріне қатысты сұрақ­тарға жауап беру де бар екенін айта кет­кеніміз жөн.

Жарысты бақылау және бағалау үшін шақырылған қонақтар да жай ма­мандар болмады. Турнирге барлық коман­даның үлкен дайындықпен келгені олардың әрбір жасаған қимылдарынан және Әлия Молдағұлова туралы берілген сұрақтарға еш мүдірместен жауап бергенінен аңғарылып тұрды. Осы іс-шараны ұйым­­дас­тырушылардың бірі, Әлия му­зейі­нің меңгерушісі, осы Вятское мек­те­бінің түлегі, мек­тептің орыс тілі мен әдебиеті пәні­нің мұғалімі Любовь Абра­мова бізге: «Мен осы селоның тұр­ғыны, Вятское орта мектебінің тү­легі ретінде біле­тінім, бұл жердің әрбір тұрғыны Әлия Молдағұлова туралы жақсы біле­ді. Біз мектепте оқып жүрген кезі­мізде мұғалімдеріміз Әлия туралы көп айтатын. Біздің мектепте Әлия Мол­дағұлованың оқығаны біз үшін мақтаныш. Ендігі біздің міндетіміз – келер ұрпаққа Әлия есімін жеткізу және Әлияға арналған осындай шаралар өткізу арқылы жас ұрпақты өз Отанын шын сүюге тәрбиелеу. Вятское мектебінің көптен бергі жоспары Әлия музейін ашу болатын. Міне, бүгін Әлия музейі ашылды, енді жастар Әлия өмірімен толығырақ танысатын болды. Бұл менің де жеке арманым еді. Өйткені Әлия менің жаныма бала күнімнен жақын. Мен Әлия туралы өлеңдер шығарамын, Әлия оқыған мектеп орналасқан көшеде тұрамын, қызметім де Әлия өмірімен байланысты. Ендігі жоспарым – осы мектепті Қазақстанмен байланыстыру. Әлия үшін қызмет жасауға әрқашан дайынмын», деп ағынан жарылды.

Ал турнирді қорытындылау сөзінді Вятское орта мектебінің директоры Васи­лий Григорьевич Петров осындай іс-шараларды Қазақстанмен бірге өт­кіз­сек, тіпті жақсы болатынын айта ке­ліп, «Әлия Молдағұлова – Вятское мектебінің түлектерінің ішіндегі жал­ғыз Кеңес Одағының Батыры. Батыр оқыған мектепте қызмет ету үлкен жауап­кер­шілікті талап етеді. Біз мектеп ұжымы Әлия Мол­дағұлованың туған жері Қазақ­стан­мен байланыс жасауға дайынбыз. Осы шараға Әлияның Қазақстаннан келіп қатысып отырған жерлестеріне алғыс айтамыз. Турнирді қорытындылау оңайға түскен жоқ, өйткені жарысқа қатысушы әрбір өрен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловадай боламын деп, бар күш-жігерлерін салды», деді.

Іс-шара аяқталысымен селоны арала­дық. Міне, 1942 жылы Әлия Молда­ғұлова оқыған мектеп қасқайып әлі тұр. Мектеп орналасқан көше өте жақсы абаттандырылған. Сол көшеге батырлар аллеясы орналастырылған. Онда Әлия Молдағұлованың үлкен суреті тұр. Көше басында, мектепке жақын маңда ескі құдық бар екен. Тұрғындардың айтуынша, бұл құдықты халық соғыс жылдарында да пайдаланған. Мектеп те осы құдықтан су алған. Әлияның да осы құдықтың суын ішіп, осы көше бойында жүгіргені анық... Су құбыры жүргізілгеннен кейін бұл құдықтан су алатындар азайған. Соңғы жылдары құдықтың сырты жаңартылыпты. Біз осы құдыққа шелек салып, су алып іштік. Сол сәтте: «бір кездері біз тұрған жерде Әлия да тұрып, осы құдықтың суын ішті ғой...» деп ойладық. Вятское селосы бізге өте ыстық көрінді. Өйткені бұл жерде Әлияның ізі қалған. Бұл жерге Әлия жерлестері әлі талай келіп тағзым ететіні сөзсіз.

Тағы бір айта кететін жайт, Әлия оқыған осы мектепке жақында Қыр­ғыз елінің танымал мүсіншісі, Ресейдегі, Қырғызстандағы бірнеше ескерт­кіш­тердің авторы, Мәскеу қаласының тұр­ғыны Азамат Акматұлы Асанбаев арнайы барып мектеппен танысыпты және Ә.Молдағұлованың 95 жылдығына арнап осы мектепке Әлияның мүсінін жасап беруге уәде берген. Тіпті алғашқы жұмыстары басталып та кетіпті. Мектеп ұжымы Әлия мүсінін мектеп алдына орналастыруды жоспарлауда.

 

Бағдаш ТУПЕНОВА,

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері,

Ақтөбе облыстық Әлия патриоттық тәрбие беру орталығының директоры

 

Ақтөбе облысы,

Қобда ауданы,

Әлия ауылыф