Саясат • 07 Тамыз, 2020

Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – негізгі міндеттердің бірі

698 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратында Қаржы министрі Е.Қ.Жамау­баев­тың және Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Ж.Қ.Эли­мановтың қатысуымен экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлады akorda.kz сайты.

Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – негізгі міндеттердің бірі

Мемлекет басшысының коронавирус инфекциясымен күресуге бөлінген бюджет қаражатының мақсатты және ұтымды пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз ету, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың заңсыз айналымының жолын кесу, сондай-ақ қаржы пирамидаларына қарсы күрес жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға ерекше назар аударылды.

Жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша заңсыз айналымнан 9,6 млн астам медициналық бетперде, 65 мың литр антисептиктер, 819 млн теңге сомасына түрлі дәрілік препараттардың 388,2 мыңнан астам орамасы алынып, аумақтық денсаулық сақтау органдарына берілді.

Бұдан басқа Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының көлеңкелі экономикаға қарсы күрестің кешенді тәсілін ұйымдастыру және көлеңкелі айналымды қысқарту жөніндегі тапсырмасын орындау мәселесі
қаралды.

Осылайша, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл шеңберінде жалған шот-фактураларды жазып беру фак­тілері бойынша анықталған қыл­мыс­тардың саны 2,5 есеге артты (2019 жылдың 6 айында 94-тен осы жыл­дың ұқсас кезеңінде 242-ге дейін).

Аталған саладағы қылмыстың ұйымдасқан түрлерімен күрес бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Мысалы Атырау облысында сотқа ұйым­дасқан қылмыстық топқа қа­тыс­ты қылмыстық іс жіберілді, олар 1,8 млрд теңгеге жалған шот-фак­ту­ралар шығарған.

Қабылданған шаралардың, оның ішінде заңнамалық сипаттағы іс-әрекеттердің нәтижесінде қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру сомасы бес жылда алғаш рет 36%-ға төмендеді.

Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – мемлекетке келтірілген экономикалық залалды өтеу. Бірінші жартыжылдықта Қаржы мониторингі комитеті 743 қылмыстық істі тергеді, оның 560-ы мәні бойынша сотқа қарауға жолданды.

Осы қылмыстық істер бойынша анықталған залал сомасы 38,4 млрд теңгені құрады, оның шамамен 32 млрд теңгесі мемлекетке келтірілген залал. Мемлекет кірісіне 21,1 млрд теңге өтелді, 9,6 млрд теңгелік мүлікке тыйым салынды.

Тағы бір басты бағыт – қаржы пирамидаларымен (29 қылмыстық іс тіркелген), заңсыз ойын мекеме­лерімен (117 қылмыстық іс, 160 орын жо­йылған), сондай-ақ жалған ақша жа­саумен (161 іс) күрес мәселесі.

Сонымен қатар өз қатарларында сыбайлас жемқорлық көріністерінің жолын кесу бойынша жұмыс өзекті болуда, оны тұрақты форматта жүр­гізу қажет.

Кеңес қорытындысы бойынша Президенттің көмекшісі – Қауіп­сіздік Кеңесінің хатшысы Ә.Ө.Исе­кешев елдегі қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық ахуал жағдайында ел басшылығының жоғарыда аталған тапсырмаларын іске асыруды ерекше бақылауға алу қажеттігін, бұл ретте адал кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.