Қазақстан • 10 Тамыз, 2020

40 мыңға жуық қазақстандықтың мүгедектік мерзімі автоматты түрде ұзартылды

437 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Карантиндік шаралардың ұзартылуына байланысты 3-16 тамыз аралығында 7887 азаматқа мүгедектік мерзімі автоматты түрде үш айға ұзартылды. Бұған дейін карантин кезеңінде 31 963 қазақстандыққа мүгедектік мерзімі үш айға ұзартылған болатын. Бұл ретте мемлекеттік жәрдемақыларды төлеу бұрын белгіленген мүгедектік тобы бойынша жүзеге асырылады.

40 мыңға жуық қазақстандықтың мүгедектік мерзімі автоматты түрде ұзартылды

Сонымен қатар, 16 наурыздан 7 тамызға дейін 13 509 қазақстандық мүгедектікті eGov.kz порталы арқылы онлайн-режимде сырттай рәсімдеді немесе ұзартты. Бұл мүмкіндік автоматты түрде ұзартумен қатар, мемлекеттік мекемелерде адамдардың көп жиналуын болдырмау және коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупін азайту мақсатында мүгедектігі бар адамдарға берілді. СOVID-19 таралуына байланысты шектеу шараларының енгізілген барлық кезең ішінде азаматтар мүгедектікті белгілеу және куәландырудан  қайта өту үшін электрондық форматта өтініш бере алады.

Өтініш беру үшін eGov.kz порталында авторлану қажет және электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) болуға тиіс.

Порталға кіргеннен кейін жоғарғы оң жақ бұрышында ашылмалы тізім бар батырманы басып, «Электрондық өтініштер» және «Қызметке онлайн тапсырыс беру» дегенді таңдау қажет.

Содан кейін өтініш беруші өзінің жеке кабинетіне кіреді, ол жерде «Құру» түймесін басу керек. Содан кейін сіз жолдарды толтыруыңыз керек («өңір», «нақты тұратын мекенжайы», «ұялы телефон» және т.б.). «Алушы» жолында «Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық департаменті» тармағын таңдаңыз. Бұдан басқа, құжаттардың фотоға түсірілген немесе сканерленген көшірмелерін қоса беру қажет. Тізімді «Қажетті құжаттар тізімі» сілтемесіне өту арқылы көруге болады.

Соңғы әрекет ЭЦҚ-кілттің көмегімен өтінімге қол қою болады. Ол үшін «Сертификатты таңдау» батырмасын басу және атауы «RSA...» - дан басталатын файлды таңдау қажет, содан кейін жүйе ашық парольді енгізуді талап етеді.

Өтініш беру нәтижесінде өтінімге жеке кабинетте статус беріледі.

Айта кетейік, 16 және 18 жасқа толған мүгедек балаларға қатысты сырттай қайта куәландыру қарастырылған. Оларға мүгедектік қолда бар құжаттар негізінде және алдыңғы куәландыруға сәйкес мүгедектік дәрежесін ескере отырып белгіленеді.

Естеріңізге сала кетейік, алғаш рет Қазақстан аумағында төтенше жағдай режимі енгізілген кезеңде мүгедектік мерзімін автоматты түрде ұзарту бойынша шаралар қабылданған болатын. Қайта куәландыру мерзімі төтенше жағдай кезеңіне және бір ай бұрын (2020 жылғы 16 ақпаннан бастап) келген адамдарға мүгедектік мерзімі 3 айға ұзартылды.