Экономика • 11 Тамыз, 2020

Жезқазғанға газ жеткенде...

604 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі аясындағы ауқымды жоба – «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысы небір қиындықтарды артқа тастап, өзінің түпкі мақсатына таяп та қалды.

Жезқазғанға газ жеткенде...

Қазірдің өзінде бұл бағытта қол жеткізілген нәтижелер туралы ауыз толтырып айтуға болады. Соның бірі – Қызылордадан еліміздің бас қаласына тар­тылған газ құбыры бойынан Жезқазған аймағын газбен қамту мақсатында автоматты газ тарату стансасының (АГТС) салынуы.

Бүгінде бұл мекеменің жұмысын «Интергаз Орталық Азия» АҚ Жезқазған желілік-өн­дірістік басқармасы қамтамасыз етеді. Басқарма бұл стансадан бөлек магистральды газ құ­бы­рының Қызылорда облысы шекарасы мен өңірдегі Жәйрем елді мекеніне дейінгі ара­лы­ғын­дағы бөлігіне де қызмет көр­сетеді.

Таяуда, Nur Otan партиясы Жезқазған қалалық филиалының мониторинг тобы «Сарыарқа» магистральды газ құбырынан Жезқазған қаласына газ тарататын желілердің құрылысымен танысты. Құрамында Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбеков, Nur Otan партиясы Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сәкен Смағұлов, партиялық бақылау комиссиясының мүше­лері Ақансері Сүлейменов, Абай Бағчай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғам­дық кеңес мүшесі Дархан Мұхан бар мониторинг топ мүшелері газ желілері тартылған Талап ауы­лы мен Жезқазған қаласының іргесіндегі Пристанционный елді мекенінде болып, атқа­рылған қыруар жұмыстың нәти­жесіне көз жеткізді.

 «Интергаз Орталық Азия» АҚ Жезқазған же­лілік-өндірістік бас­қармасының басшысы Ал­дияр Абшекенов бүгінде стансадағы барлық қон­­дырғылар қалаға газ жіберуге дайын екенін ай­тады.

– Құбырлар қалаға толық тартылып біткеннен кейін, біз газ жібере бастаймыз. Қазір ма­гис­тральды құбырдан газ келіп тұр. Бұл АГТС-те табиғи газды тазалау, жы­лыту, қысымды тү­сі­ру, есептеу, иіс қосу үдеріс­тері жүреді. Мұның барлығын біз тек­серіп, дайындап қойдық, – деді ол мониторинг топ мүшелеріне жағдайдың барысын баяндаған кезінде.

Жезқазғандағы автоматты газ тарату стан­сасында штаттық кес­­теге сай 19 адам жұ­мыс­пен қа­мтамасыз етілген екен. Нақты айт­­­­қанда, алты адам тұрақты түр­де жұмыс істей­тін болады, оның төртеуі – жергілікті тұр­ғын. Қал­ған­­дарына жұмыс вахталық әдіспен ұйым­дастырылады. Ауы­сыммен жұмыс істей­тін­дерге қала маңын­дағы Талап ауылы­нан бір үй жалға алынып, олар­дың тұр­мыстық жағ­дай­лары толы­ғымен жасалған көрінеді.

Жалпы, жергілікті автомат­ты газ тарату стансасынан Жез­қазған қаласы мен Талап ауылына газ құбыры былтыр тартыла бастаған болатын. Бұл төрт қосылу кезеңінен тұратын ауқым­­ды жобаның бірінші сатысы еді. Былтыр мердігер компания «Әлия-Сервис» ЖШС ал­ғашқы кезеңнің бірінші кезегіне сай газ тарату стансасынан Жез­қазғанның кіреберісіне дейін және Талап ауылына газ құбы­рын тартты. Яғни аталған ауыл­дағы 154 үйдің ауласына газ жет­кізілген болатын. Биыл вок­зал маңындағы 286 үйге газ құбыры тартылды. Айта кете­тін бір жайт, жоба жұмысына төменгі, орташа және жоғары қы­сым­дағы газ желілерін тарту, газ тарату бекеттерін, әр абонентке есептеу құралдарын орнату кіреді. Ал келесі жылы бірінші қосылу кезеңінің екінші кезегіне сай, Геология елді мекеніндегі үйлерге газ тартылатын болады.

Қазіргі таңда мердігер компания тартылған құбырларды ауа қысымымен сынап болып, құбыр бойына белгілер орнатып, көшелердегі газ тарату бе­кет­­терінің айналасын абаттан­дырумен айналысып жатыр. Жез­қазған қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Бапанов бұл жұ­мыстың қыркүйек айына дейін толық аяқта­латынына сенімді.

1

– Тамыз айының 15-інен бас­тап қызмет көр­сетуші мекеме келіп, жұмысын бастайды. Жы­лу беру мау­сымына дейін тұрғындар қызмет көр­сетуші мекемеден техникалық шарт­ты алып, кө­гіл­дір отынды тұ­тына бастайды, – деп мәлімдеді ол.

Осы орайда, алдағы уақытта Жез­қазғанда «ҚазТрансГаз Ай­мақ» компаниясының қызмет көр­­сетуші филиалы құрылып, тұр­­ғын­дар сол мекемемен келі­сім шарт н­егізінде үйлеріне газ қосуға мүмкіндік алады.

Қарағанды облыстық мәсли­хатының депутаты Бекзат Алтын­беков Жезқазғанға газ келеді деген үш ұйықтаса түске кірмейтін дүние еді дегенді айтады.

– Бұл шыны керек, ешкімнің ойына келмеген жағдай. Елба­сының бастамасымен магис­­траль­ды құбыр тартылып, көгіл­дір отын­ның игілігін көргелі отыр­мыз. Бұл экология мәселесін шешіп қана қоймай, тұрғындар мен бизнеске де қолайлы жағдай туғы­зады, – деді ол ағынан жарылып.

Иә, Жезқазғанға газ жеткенде, ол өзімен бірге ырыс пен берекені де ала келеді. Тұрғындардың тұр­мыс-тіршілігі жеңілдеп, арзан, таза және қоршаған ортаға зияны жоқ табиғи газдың бар қы­зығын көреді. Көгілдір отын­ның жаңа өндірістердің дамуына игі ықпалын тигізіп, өңір экономикасының ілгерілеуіне де сеп болары сөзсіз. Яғни қазыналы қала, өндірісті өлке өркениет көшіне бір қадам болса да жақындай түспек. Ең бастысы, Жезқазғанның ел еңсесін басқан экологиясы едәуір жақсарып, қала аспаны қою түтін, улы газдан біршама арылар еді.

 

Қарағанды облысы,

Жезқазған қаласы