Үйде емделушілерге бес міндетті дәрі сатып алынады
Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова «СҚ-Фармация» базасында қор қалыптастыру барысында күз-қыс айларындағы жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) сияқты вирустық аурулармен қатар коронавирус инфекциясына шалдығу болжамы есепке алынатынын атап өтті.
Ал «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев амбулаториялық дәрі-дәрмектер қатарында қандай дәрілердің сатып алынатынын айтты.
«Көптеген жағдайда ауру жеңіл немесе орташа ауырлықта жүреді, бірақ медициналық қолдауды қажет етеді. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусты диагностикалау және емдеу хаттамасына амбулаториялық деңгейде емделіп жатқан пациенттерге арналған негізгі бес препаратты енгізуді мақұлдады. Бұл тізімге қабынуға қарсы парацетамол мен ибупрофен препараттары, ривароксабан, апиксабан және дабигатран антикоагулянттары кіреді. Қазір сатып алу рәсімдері аяқталуда. Оған 8,6 млрд теңге жұмсалады. Денсаулық сақтау министрлігінің болжамы бойынша бұл қор 1 млн науқасты қамтамасыз етуге жеткілікті», деді ол.
Коронавирус індетін емдеуге кейбір дәрілердің тегін берілетінін жеткізген Л.Бюрабекова: «Коронавирус инфекциясын диагностикалау және емдеу хаттамасына өзгертулер енгізілді. Әзірлеушілерге бұл санаттағы пациенттерді тегін амбулаторлық дәрі-дәрмекпен, оның ішінде қазір Ксарелто деген сауда атауы бар «Ривароксабан» препаратымен қамтамасыз ету ұсынылды. Сонымен қатар отандық өндірушілердің баламасы да тіркелді. Оны бірыңғай дистрибьютор сатып алады. 10 тамызда тегін беру үшін медициналық ұйымдарға жеткізіледі», деді.
Коронавирусқа қарсы вакциналау жайына да тоқталған вице-министр ең алдымен екпе қант диабеті, артериялық гипертония, жүректің ишемиялық аурулары бар кісілерге салынатынын атап өтті.
«Қазір Денсаулық сақтау министрлігі Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен COVID-19-ға қарсы вакцина сатып алу туралы келісім жасау мәселесін пысықтауда. Тек бірнеше өндіруші ғана клиникалық сынақтардың үшінші кезеңіне шықты. Сондай-ақ біз вакциналау қажет адамдардың тізімін ұсындық. Қазір бұл шамамен 15 пайызды құрап отыр, бірақ келісімде біз олардың санын 20 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Яғни оған созылмалы аурулары бар қауіпті топтар жатады. Біздің статистика мен талдау нәтижесі көрсеткендей, қант диабеті, артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруларының асқынуы пневмония түрінде көрінеді. Ең алдымен, біз пациенттердің осы топтарына назар аударамыз. Келісім жасау бойынша барлық процедурадан өтіп, вакциналауға арналған көрсеткіштер нақты анықталғаннан кейін біз сатып алу процесіне кірісеміз. Барлық қажетті есептеу жүргізіліп жатыр», деді Л.Бюрабекова.
Маска бағасы 60 теңгеге дейін арзандауы мүмкін
Брифингте маска мәселесі де сөз болды. Вице-министр жеке қорғаныш заттарын, маскаларды шығаратын отандық өндірушілер болғанымен, импортқа тәуелді екенімізді жеткізді.
«Біз сырттан, оның ішінде Қытайдан әкелінетін шикізатқа тәуелді болып отырмыз. Төтенше жағдайға байланысты алғашқы кезде шикізат қолжетімді болмады. Отандық өндірушілеріміз өздерінің ұзақмерзімді келісімшарттары аясында медицина қызметкерлерін қамтамасыз ету үшін жұмыс істеді. Негізінде мемлекет медициналық маска бағасын реттемейді. Төтенше жағдай режімі кезінде шекті бағаны бекіту туралы шешімді мемлекеттік комиссия нарықты тұрақтандыру үшін қабылдады. Естеріңізде болса, сол уақытта кейбір адамдардың алаяқтық әрекеттері әшкереленді. Сондықтан осындай шешім қабылданып, маска бағасы 118 теңге болып бекітілді. Нарық ашылып, шикізат пайда болғаннан кейін де маска қымбаттауын тоқтатпады. Фармацевтика өнеркәсібін қадағалайтын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бізге ұсынған мәліметтеріне сәйкес, шикізат 20-25 есе қымбаттаған. Сондықтан маска бағасы бұрынғы 15 теңге деңгейіне түспейді. Қазіргі уақытта өндірушілерімізбен маска бағасын төмендету үшін келіссөз жүргізіп жатырмыз. Таяу уақытта маска бағасы 60 теңгеге дейін арзандап қалуы мүмкін», деді вице-министр.
Ал «СҚ-Фармация» басшысының айтуынша, коронавирусты емдеуге арналған гуманитарлық жүктерді өңірлерге жеткізу тездеген. Яғни жүктер бір күннің ішінде діттеген жеріне жетіп жатыр.
«Гуманитарлық жүктерге қатысты алдын ала ақпараттандыру енгіздік. Бүгінде сертификаттау құжаттарын ғана сұраймыз және оны онлайн аламыз. Ұшақ келіп қонған кезде жүкті рәсімдеуге және бөлуге қажетті құжаттар толық қолымызда болады. Біз бұл жүкті бөгемей, бір күннің ішінде жолай кетіп бара жатқан көліктермен өңірлерге жібереміз. Қазіргі уақытта кешеуілдеу жоқ. Осы режімде гуманитарлық жүктерді ешқандай проблемасыз жіберуге тырысамыз», деді Ерхат Есқалиев.