Аймақтар • 11 Тамыз, 2020

Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы құрылыс алаңдарын аралады

254 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы қарқыны үдей түскен құрылыс алаңдарын аралап, жұмысшылармен кездесті. Бұл туралы Egemen.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы құрылыс алаңдарын аралады

Құрылыс барысын бақылап, мердігер компания жауаптыларына бірқатар тапсырма жүктеді. Аймақ басшысы бекітілген кестеден ауытқымауды ескертті және қажет болған жағдайда құрылыс алаңындағы жұмысшылар санын арттыруды тапсырды. Сапа – басты назарда.

"Түркістан қаласының құрылысы мен сәулетінің сапасы өміршең де өзекті. Сондықтан бұл мәселе қатаң бақылауды қажет етеді. Сапада салғырттыққа жол бермейміз. Қалада сәулет өнерінің озық үлгілеріне айналар айтулы ғимараттар бой көтерген. Құрылыс ауқымы жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр. Ең бастысы, халыққа ыңғайлы, сапасы мінсіз болуы тиіс", – дейді облыс әкімі.

Әкімшілік-іскерлік орталығында жапсарлас салынған үй жайлары мен паркингі бар заманауи зәулім үйлердің құрылысы биыл пайдалануға беріледі. Өмірзақ Естайұлының тапсырмасына сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеті тұтастай ашық түсті травертин мен ақ мәрмәрмен қапталуда.

Түркістан қаласы әкімшілік-іскерлік орталығында 7,9 және 12 қабатты 5600 пәтер, 89 тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен салынуда. Жыл қортындысымен 7 қабатты 24 тұрғын үй, яғни, 1452 пәтер пайдалануға беріледі. Кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарға және көпбалалы отбасыларға 450 пәтер, мемлекеттік қызметкерлерге 1000-нан астам кредиттік тұрғын үй тапсырылады.