Аймақтар • 12 Тамыз, 2020

Жетісудың белсенді жастары ауруханаларға Armed сыйлады

228 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Jas Otan жастар қанаты Алматы облыстық филиалының бастауымен игі шара өтті. Белсенділер мен еріктілер ауруханаларға медициналық құрал-жабдық пен бетперде тарту етті, деп хабарлайды Еgemen.kz.

Жетісудың белсенді жастары ауруханаларға Armed сыйлады

Халықаралық Жастар күніне орай өткен қайырымдылық акциясында облыс жастары Ескелді аудандық ауруханасы мен Көксу аудандық ауруханасына Armed маркалы екі кислород концентраторын сыйлады. Сондай-ақ, осы күні Jas Otan жастар қанатының мұрындық болуымен Алакөл, Қаратал, Ескелді, және Талдықорған қаласының медицина ұйымдарына жалпы саны 5 мың дана бетперде тегін берілді.

"Пандемиямен күрес кезінде негізгі салмақ дәрігерлердің иығына түскенімен, көзі ашық адамның бәрі де жауапкершліктен тыс қалмауы керек. Әсіресе, ерікті жастар бұл майданның алғы шебінде жүруі тиіс керек. Осы мақсатта біз ерікті ретінде қоғамдық жұмыс атқарып, адамдарға көмек қолын созуға жұмылдық. Мүмкіндікке қарай қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, көмекке мұқтаж жандардың жанынан табылдық. Дәрігерлерге де қолдау көрсетіп отырмыз. Бүгінге дейін Жетісу жастары бір кісідей жұмылып, дәрігерлер мен науқастарға үшін 590 литр қымыз, 150 литр шұбат таратты. Бұл игі іс жалғаса беред", дейді Jas Otan жастар қанаты Алматы облыстық филиалының жетекшісі Еркебұлан Ақболатов.

Айтпақшы, Jas Otan жастар қанатының ұйымдастыруымен облыстың белсенді жастары аймақтағы медицина мекемелеріне 100 500 дана бетперде, 1050 дана қорғаныш костюмі, 1100 литр дезинфекция сұйықтығын тегін табыс еткен екен. Ал ауруханаларға сыйға тартқан кислород концентраторының саны алтыға жеткен.