Парламент • 13 Тамыз, 2020

Диқандар егін орағына дайындалуда : сенаторлардың өңірлерге сапары жалғасып жатыр

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат депутаты Рашит Әкімов Ақмола облысының бірнеше ауданында жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында ол егістік алқаптарын аралап, тұрғындармен кездесіп, шаруалардың сөзіне құлақ түрді. Кездесуде жергілікті билік пен шаруа қожалықтарының басшылары егін егу жұмыстары 29 сәуір мен 2 мамыр аралығында жүргізілгенін жеткізді. Диқандар биылғы жаз құрғақ болғанымен қыста түскен жауын-шашынның көп болғанына байланысты мол өнім аламыз деп отыр. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Диқандар егін орағына дайындалуда : сенаторлардың өңірлерге сапары жалғасып жатыр

Облыстың Жақсы, Жарқайың, Атбасар және Есіл аудандары дәнді-дақылдар өсіруге өте қолайлы өңірлер. Мамандар аймақта егін орағына дайындық жұмыстары пысықталғанын, сондықтан жанар жағармайға қатысты мәселе болмауға тиіс екенін айтуда. Сенатор өнімді жинау кезінде жұмысшылардың қауіпіздігі үшін санитарлық талаптарды сақтаудың маңызды екенін айтып, жергілікті билік пен шаруаларды осы мәселеге баса мән беруге шақырды.

Қазірдің өзінде облыстың кей өңірінде егін орағы басталып кеткен. Облыстық ауыл шарушылығы басқармасы басшысының айтуынша, өңір бойынша егін егілген жердің 63 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Жазда жауын-шашынның аз болуы кей алқаптарға зардабын тигізген. Жауған бұршақтың салдарынан бүлінген алқаптар да бар. Сенатор әдетте мұндай жағдайда мол өнім болмайтынына назар аударып, биылғы бітік егінді ерекше құбылысқа балады.

"Биыл мемлекет тарапынан өңірлерде ауыл шаруашылығын дамыту үшін айтарлықтай қаражат бөлінді. Былтыр аталған қаражат 60 миллиард теңге шамасында болса, 2020 жылы 70 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Енді осы қаражатты тиімді пайдаланып, егінді шашауын шығармай жинап алуымыз керек", деді сенатор.

Рашит Әкімов облыс әкімімен кездесуінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселесін талқылады. Сондай-ақ, Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастығының XVII форумы аясында қолға алынған жобалардың іске асырылу барысын пысықтады. Бұдан басқа, депутат облыс орталығында салынып жатқан оқушылар сарайы мен көп пәтерлі тұрғын үйдің жай-күйімен танысып, шаһардың инженерлік инфрақұрылымына көңіл бөлді.