Осындайда «кейбір мемлекеттердің тәжірибесіне сүйеніп, отбасында зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайтындарды есепке алып, ерлі-зайыптылардың қайта татуласпауын заңдық тұрғыдан реттеу керек пе? Мүмкін отбасындағы озбырлығын тыя алмайтын, бостандықта жүрген қылмыскерлерді тәубеге келтіру үшін «Неке және отбасы туралы» заңға қатаң өзгерістер енгізу қажет болар?» дегендей сауалдар ойға оралады.
Бұл қасірет, әсіресе жаһандық пандемия кезінде белең ала түсті. Індеттен үйіне тығылғанымен, отбасындағы қатыгездіктен құтыла алмай, өз шаңырағында көз жасы құрғамайтын қыз-келіншектер бар.
Ал енді қараңыз, биыл жыл басталғалы бері жұрттың төбе шашын тік тұрғызған бірнеше аса қайғылы оқиға орын алғанынан көпшілік хабардар. Тіпті осы тамыздың басында Алматы облысының тұрғыны Әділбек Оңғарбаев өзінің төрт баласының анасын өлтірмек болған. Ол 15 жыл бойы некелескен әйелін ұрып-соғып келгенін айналасындағылар да, ағайын-туысы да білген. Мұндай озбырлыққа шыдамаған келіншегі осыдан 4 ай бұрын үйінен кетіп қалғанымен, күйеуі біресе балаларын араға салып, біресе қоқан-лоқы көрсетіп әйелін қайтарған.
Ең қорқыныштысы, ол әйелін ваннада тұншықтырып өлтіруді алдын ала ойластырып, балаларын әжесінің үйіне жібереді. Осыдан кейін қанқұйлы жоспарын жүзеге асыру үшін коньяк ішіп алып, әйелін де ішімдік ішуге мәжбүрлейді. Жұбайы коньяк ішуге қарсылық білдіргеннен бастап ұра бастайды. Ваннаны суға толтырып, әйелін сонда сүйреп апарады. Біраз тұншықтырып, асүйден пышақ алып келіп: «Көзіме қарама, әйтпесе мен сені өлтіре алмаймын» дейді. Содан кейін шаш кептіргіштің сымын токқа қосып, токпен өлтіруге әрекет жасап, сымға қолы жетпей, әлектеніп жатқан жерінен зайыбы сытылып кетеді.
Жағы екі жерінен сынған, беті көнектей, үсті-басы көкала қойдай әйел осындай қорлыққа заңды некеде 15 жыл бойы шыдап келген және полицияға бірде-бір рет арызданбаған. Егер бұл азамат АҚШ сияқты елде тұрса, әйеліне қол көтерген алғашқы күні-ақ қолына кісен салынған болар еді... Енді күйеуінен өлердей қорқатын келіншектің қаламсап ұстап арыз жазатын дәрмені мен денсаулығы жоқ. Дәл осы күндері Алматы облыстық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша, яғни қасақана денсаулыққа орташа дәрежеде зақым келтіргені үшін деген қылмыстық іс қозғап отыр. Бұл бап бойынша қылмыскер бар болғаны 2 жыл жазаға тартылатыны белгілі. Ал зәбір көрген әйелдің туысқандары бұл бапты Қылмыстық кодекстің 99-бабына, яғни қасақана кісі өлтіруге әрекет жасағаны үшін жазалануын талап етуде.
Бұл әлі де көрер жарығы бар бір ғана әйелдің тағдыры. Сол сияқты биыл шілдеде еліміздің тағы бір азаматы әйелі мен қызын тірідей өртеп жібермек болғанын жұрт ресми БАҚ-тан да, әлеуметтік желілерден де хабардар болды. Бір Құдай жебеп қызы мен әйелі тірі қалғанымен, оның әлі де бостандықта сайран салып жүргені жұрттың ашу-ызасын туғызды. Есесіне, сәуір айында тағы бір азамат өзінің әйелі мен бүлдіршіндей екі қызын өртеп жібергенін ел ұмыта қойған жоқ.
Әйелге, өз отбасына деген осынша өшпенділік пен қатыгездік қайдан туындап жатыр? Тіпті хайуан екеш хайуан да өз үйірі үшін жанын қимай ма?
Алдымен беті тілінген әйел, одан кейін қыздарымен қоса қаза болған келіншек... Сонда Айнагүл мен Жазира қандай адамдармен өмір сүре берген? Дәл осындай сорақы оқиғалар орын алған күндерде әлеуметтік желілерде тіпті кейде бес уақыт намазынан жаңылмайтын иманды әйелдердің де таяқтан көз ашпайтыны туралы ақпараттар тарап жатты.
Елімізде жыл сайын ресми статистика бойынша 400 әйел отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болып кететінін бұған дейін де алға тартқанбыз. Бірақ мұндай оқиғаларды тасжүрек қоғам тез ұмытады.
Шындығында, еліміздегі отбасындағы әлімжеттік статистикаға «көнбейтіндігін» мойындау керек. Өйткені оның құрбандары құқық қорғау органдарына және дағдарыс орталықтарына өлетін жағдайға жеткенде ғана, яғни сирек жүгінеді.
Тіркелген фактілердің саны бойынша бұл мәселе аса көкейкесті сипатқа ие және ұлттық қауіпсіздікке айтарлықтай қауіп төндіріп отыр деген қорытынды жасауға болады.
Әсіресе ауылдық жерлерде әйелдер мен қыздарға жыныстық немесе басқа да зорлық-зомбылық жағдайларында аз көмек көрсетілетінін жаба-бүркемелеудің қажеті жоқ. Отбасылық ойранның құрбандары жиі қорғаусыз қалады, ал құқық бұзушылар сирек жазаланады. Яғни, қолданыстағы заңнама тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін қылмыстық жазалауды көздемейді, құқық қорғау жүйесі әйелдердің арыз жазып, шағымданғанына жүрдім-бардым қарайды. Қысқасы, мұндай әлеуметтік нормалар зорлық-зомбылыққа жол ашып отырғанын AERC сарапшылары (Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы) да алға тартып келеді. Олар Қазақстандағы ауыл әйелдеріне қатысты үйдегі зорлық-зомбылық туралы зерттеуді жария еткен кезде сауалдамаға қатысқан мыңдаған әйелдің 25 пайызы ғана өзін қорғау үшін құқық қорғау органдарына жүгінетінін мойындаған.
AERC сарапшылары елдегі әлеуметтік маңызы бар Дағдарыс орталықтарының облыс орталықтары мен ірі қалаларда ғана орналасқанын, демек, ауыл тұрғындарының көпшілігіне ол қолжетімді емес екенін алға тартқан болатын.
Одан да үлкен кедергі болып табылатын нәрсе – әйелдердің арыз беруін іс жүзінде мүмкін емес ететін ауылдық полиция бөлімшелері. AERC мамандары атап өткендей, жергілікті тәртіп сақшылары мұндай істерді қабылдамауға тырысады, сондықтан зардап шеккендерді өз арыздарын қайтарып алуға немесе татуласуға көндіруге барынша тырысады. Сондай-ақ ауылдық полиция бөлімшелерінде әйелдер мен балаларға арналған бөлмелер жоқ, бұл жайт процесті қиындатады, себебі жәбірленушілерге көп адамдардың қатысуымен жалпы үй-жайдағы зорлық-зомбылық және отбасылық проблемалар туралы айту қиынға түседі, өйткені олардың көпшілігі өздерінің таныс-туыстары. Сауалдамалар мұндай жағдайларда тірі қалудың негізгі стратегиясы көршілер мен туысқандар тарапынан көмек (әдетте уақытша баспана түрінде) болып табылатынын көрсетті.
Ал жаһандық пандемия кезінде бұл мәселе бұрынғыдан да күрделене түскенін айту керек. Мәселен, Қазақстандағы дағдарыс орталықтарының кәсіби желісі болып табылатын «Дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігі табысты және белсенді ҮЕҰ ретінде белгілі 18 ұйым мен 10 мемлекеттік дағдарыс орталығын біріктіреді.
Осы орталықтың дерегіне сүйенсек, елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінің өзектілігі артқан. Төтенше жағдай режімі мен карантинге байланысты үйдегі зорлық-зомбылық фактілері ұлғайды. Жыл басында, яғни қаңтар айында балалар мен жастарға арналған №150 ұлттық сенім телефонына 130 өтініш тіркелсе, бір ғана 2020 жылдың 30 сәуірінде 500-ден астам қоңырау мен көмек сұраған 120-дан астам смс өтініш келіп түскен. Аталған орталықтың статистикалық талдауы әртүрлі сипаттағы зорлық-зомбылық әрбір үшінші отбасында орын алып жатқандығын көрсетеді. Әрбір жетінші әйел экономикалық зорлық-зомбылыққа, әрбір алтыншы әйел физикалық зорлық-зомбылыққа, әрбір үшінші әйел психологиялық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Қасақана кісі өлтірудің үштен екісі отбасылық-тұрмыстық жанжалдар себебінен орын алуда.
Қазақстанда 35 дағдарыс орталығы қызмет етсе, соңғы айларда бұл орталықтардан 1013 баласы бар 298 әйел пана тапқан. Бұл карантин кезеңінде, дағдарыс орталықтары төтенше жағдайдың туындауына байланысты тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қабылдай алмайтын кездің өзінде тіркелген көрсеткіш.
Демек, заңнамалық және институционалдық негіздің болуына, сондай-ақ елдегі әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған ден қоюда қабылданған күш-жігерге қарамастан, агрессорлардың өздерін оңалту және реинтеграциялау жөніндегі қызметтерді ұсынудың да қажеттілігі көрінеді. Отбасында ойран салғыш агрессор еркектермен атқарылатын жұмыс агрессия деңгейін төмендетуге, теріс эмоцияларды басқара білуге және сол арқылы агрессордың мінез-құлқын өзгертуге бағытталуы тиіс екендігін де білеміз.
Сол сияқты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ мемлекеттік грантымен «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру және агрессорлармен жұмыс істеу жөніндегі іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы шеңберінде жоғарыдағы Одақпен бірқатар шараларды жоспарлаған. Дегенмен, отбасындағы озбырлықты, зорлық-зомбылықты тоқтату үшін бірінші кезекте қатаң жаза қолданатын, нақты шара қабылдайтын кез жетті.
АЛМАТЫ