24 Қазан, 2013

Байқадамов байқауы еліміздегі ең үздік хор ұжымын анықтады

730 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

IMG 1657Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл сайын түрлі фестивальдер мен байқаулар ұйымдастырады. Сахналарда салтанат құрып жататын сан алуан өнер жанрларын қамтитын осындай байқаулардың бірегейі – Бақытжан Байқадамов атындағы республикалық конкурсы мәреге жетті.

Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл сайын түрлі фестивальдер мен байқаулар ұйымдастырады. Сахналарда салтанат құрып жататын сан алуан өнер жанрларын қамтитын осындай байқаулардың бірегейі – Бақытжан Байқадамов атындағы республикалық конкурсы мәреге жетті.

IMG 1657

Алматы қаласында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында өткен екі күндік байқауда республикамыздың әр шалғайынан іріктелген кәсіби хор ұжымдары мен оқу орындарының хор ұжымдары шеберліктерін сарапқа салды.

Бір жағы елдегі хор өнерінің орын­даушылық деңгейін шыңдай отырып, көрнекті қазақ композиторы, Қазақ­стандағы кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі, ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Б.Байқадамовтың шығармашылығын кеңінен насихаттайтын байқаудың биылғы бас­ты жүлдесіне Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театры лайық деп табылды. Бірінші орын үшін сегіз кәсіби ұжым бәсекеге түсті. Қатысушылар хорға өңдел­ген қазақтың халық әндерін, шетел композиторларының хорға арналған шығар­малары мен Б.Бай­қадамовтың хорға арналған шығар­маларын «а капелло» түрінде орындады.

Сол сияқты, екінші орыннан табыл­ған Иса Байзақов атын­дағы Павлодар облыстық филар­мония­­сының камералық хоры да тыңдар­­мандардың ықыласына бөленді. «Оқу орындарының хор ұжым­дары» категориясы бойынша бірінші орын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аралас хоры және П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің «Алатау» жас­тар хорына берілді. Орта білім беретін оқу орындарының ішінен Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының «Еркем-ай» хор ұжымы топ жарды.

Базарғали Жаманбаев төра­ғалық еткен қазылар алқа­сы­ның құрамында Б.Байқадамовтың қызы Балдырған Байқадамова да болды.

Салтанатты марапаттау сәті кезін­­де өнер саңлағының үш бірдей қызы – Алуа, Айгүл және Балдырған Бай­қа­дамовалар сахнаға шығып, бай­қау­ды ұйымдастырушылар мен қаты­су­­шыларға шынайы алғыстарын біл­дір­ді.

– Хор ұжымдарының байқауын өткізу оңай емес. Мұндай өнер ұжымдарында 20-дан бастап 80 әншіге дейін болады. Ал соңғы жылдары Мәдениет және ақпарат министрлігі кәсіби деңгейі жоғары, ұйым­дастырылуы күрделі шараларға мұрындық болып, ұрпағымызды эстетика­лық және патриоттық рухта тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосып келеді. Қазақ өнерінің өрлеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген әкеміздің атын өшірмеген Байқадамов байқауы өз үздіктерін әрі қарай да анықтап, хор жанрының даңқын асыра берсін, – деді композитордың ұрпақтары.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

––––––––––––

Суретте: Балдырған, Айгүл, Алуа Байқадамовалар.

Соңғы жаңалықтар