Руханият • 15 Тамыз, 2020

Бүгін – Шәмші Қалдаяқовтың туған күні

2328 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

15 тамыз - композитор, Қазақстанның халық әртісі (1991), Қазақстан Республикасы мемлекеттік Әнұран авторларының бірі, қазақ вальсінің королі Шәмші (Жәмшид) Қалдаяқовтың туған күні.

Бүгін – Шәмші Қалдаяқовтың туған күні

Ол 1930 жылы қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәмші Қалдаяқов ауылында дүниеге келген.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары тылда жұмыс істеп, 1950 жылы Сарыағаштағы Қапланбек малдәрігерлік техникумын тәмамдаған. 1951-1954 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын өтеген. 1956-1962 жылдары Алматы мемлекеттік консерваториясында оқыған.

Даңқты сазгер 1950 жылдан бастап шығармашылық қызметпен айналысқан. Жалпы 40 жылдан астам шығармашылық жолында 300-ге жуық ән жазған. «Арыс жағасында»,«Теріскей»,«Ана туралы жыр», «Мойынқұмда ауылым», «Сағынышым менің», «Тамды аруы», «Қайықта», «Ақ бантик», «Кешікпей келем деп ең», «Қуаныш вальсі», «Дүнген қызы», «Жақсыгүл», «Әнім сен едің» және тағы басқа әндері қалың қазақтың жоғары бағасына ие болды.

Біртуар композитор 1992 жылы 29 ақпанда 62 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды.

Ал 1991 жылы Шәмші Қалдаяқов туралы «Жылдарым менің, жырларым менің» атты ғұмырнамалық деректі фильм түсірілді.

1992 жылдан бастап дәстүрлі түрде сазгерлер мен әншілерге арналған Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестиваль өткізіліп келеді.