Әлем • 17 Тамыз, 2020

Израиль – БАӘ келісімі кімге тиімді?

38 рет көрсетілді

Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктері дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға келісті. Ресми Вашингтон ұйытқы болған бұл мәміле Таяу Шығыстағы үлкен өзгеріске әкелуі әбден мүмкін. Өйткені БАӘ – Израильмен дипломатиялық келісім жасасқан үшінші мемлекет.

Тарихи келісім туралы ең алғаш АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде өткен баспасөз жиынында мәлімдеді. Америка Құрама Штаттарының президенті екі елдің басшыларымен телефон арқылы байланысып, арағайындық танытқан.

«Елдің бәрі мұның мүмкін еме­сін айтқан. Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктері 49 жылдан кейін дипломатиялық байланысты жан­дандырмақ. Олар елшіліктер ашып, елшілер жіберіп, туризм, білім, ден­саулық, сауда және қауіпсіздік салаларында қатынас орнатады», деді Д.Трамп.

Келіссөздерге сәйкес, Израиль та­рапы Палестина аумағын басып алу жөніндегі жоспарынан бас тартуы тиіс. Алайда Израиль пре­мьер-министрі Беньямин Нетаньяху көп ұзамай өз бастамасында өз­геріс жоқ деп мәлімдеді. Бұған қара­мас­тан, БАӘ тарапы аннексия жасауды тез тоқтатудың қажетін айтады.

Екіжақты мәмілеге сәйкес, алда­ғы уақытта Израиль мен БАӘ өкіл­дері келісімді одан әрі пысықтауы тиіс. Атап айтқанда, қауіпсіздік, экономикалық инвестиция, елші­лік ашу, Әбу-Даби мен Тель-Авив арасында тікелей рейсті іске қосу, сондай-ақ коронавирус вак­цинасын жасау мәселелерін тал­қылайды. Бұқаралық ақпарат құрал­дарында тараған мәліметке сүйенсек, келісімге қол қою рәсімі күзде Вашингтонда АҚШ-тағы пре­зидент сайлауы алдында өтпек.

Б.Нетаньяхудың айтуынша, атал­ған келісім – тарихи оқиға. Се­бебі осы қадам Израиль мен Араб әлемі қарым-қатынасының жа­ңа дәуіріне жол ашты. Сондай-ақ ол екі елдің де әлемдік деңгейге шыққанына екпін беріп, шөл далада таң­ғажайып мемлекеттің іргетасын қалады деп әспеттеді.

Бір қызығы, Б.Нетаньяху ив­рит тілінде жасаған халыққа жол­дауын­да аннексия туралы жос­пары өзгер­мейтінін, АҚШ-тың баста­ма­сы­­мен уақытша тоқтағанын мәлім­деген.

Ал Біріккен Араб Әмірліктерінің тақ мұрагері Мұхаммед бин Зайед бұл жаңалықты туиттердегі парақ­ша­сында бөлісті. «Израильдің Па­­лестина аймағын басып алмайтын­дығы жө­нінде келісімге қол жет­кіздік. Сон­­дай-ақ БАӘ және Из­раиль әріп­тестікті дамытып, екі­жақ­ты қа­ты­насты орнатуға келіс­ті», деп жазды ол.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Вашингтондағы елшісі Юсуф әл-Отайба да оқиғаға қатысты пікір біл­дірді. «Келісім аннексияны бір­ден тоқтатып, оқиғаның күрт күрде­ленуіне жол бермейді. Бұл қадам Араб лигасы мен халықаралық қо­ғам­дастық мақұлдаған «екі мем­ле­кет» шешімін жүзеге асыруға кө­мектеседі», делінген әл-Отай­ба­ның мәлімдемесінде.

Жалпы, Әмірліктер тарапы ресми түрде Израильмен дипло­ма­тиялық қарым-қатынас орнатпаса да, екіжақты байланыс кейінгі бір­неше жылда жақсарған. Мәсе­лен, екі ел де Иранға қарсы. Оның үсті­не, Әбу-Даби билігі Израиль­дің қа­уіпсіздік және барлау техно­ло­гия­ларына қызығушылық танытады.

Израиль дипломаттары Әбу-Дабиде орналасқан Халықаралық баламалы энергия агенттігінің бас штабында орналасқан. Жыл сайын бұл мемлекеттің министрлері БАӘ-ға іс-сапармен келіп тұрады. Сондай-ақ Израиль Дубайда өтетін Экспо іс-шарасына қатыспақ.

Израиль мен Біріккен Араб Әмір­ліктерінің мәмілеге келуі Палес­тина тарапына мүлдем ұнаған жоқ. Осы елдің президенті Махмуд Аббас келісімді мойындамайтынын жеткізді. Сондай-ақ бұл қадамды Ие­русалимді, әл-Ақса мешітін және Палестина халқын сатып кету деп бағалады.

Елдегі бұқаралық ақпарат құ­рал­дарының хабарлауынша, Па­лестина Әмірліктердегі елшісін қай­тарып алған. Палестинаны азат ету ұйымының мүшесі Ханан Ашрави БАӘ мәлімдемесін достың сатып кетуіне теңеді.

«Еліңді ұрлап кеткеніне ыза­лан­бауды, басқыншының бұйрығымен өмір сүру қиындығын, үйлерің мен сүйікті адамдарыңның жоғалып кетпеуін, «достарыңның» сатып кетпеуін тілеймін», деп жазды ол туиттердегі парақшасында.

Хамас ұйымы да Израиль мен БАӘ келісімін қолдамайтынын, бұл қадам Палестина халқының мүддесіне сай емесін жеткізді.

«Бұл келісім Палестина мәсе­лесін мүлдем шешпейді, кері­сінше сионистерге қолайлы. Бұл келісім Израильдің басып алуын жалғастыра беруін және Палес­тина халқының құқығын мойын­да­мауын, тіпті біздің елімізге қас­тандық жасай беруін жалғастыруға әсер етеді», деді Хамастың өкілі.

Израиль мен Біріккен Араб Әмір­лік­терінің арасындағы мәмі­лені БҰҰ тарапы жоғары баға­лады. Сондай-ақ Ұлыбритания, Фран­ция және Египет те келісімнің берері мол деп есептейді. Бұдан бө­лек, Бахрейн мен Оман елде­рі Әмірліктердің соңын ала Израиль­мен дипломатиялық қатынас ор­на­туға мүдделі.

Бұл келісім Ақ үйдің басшысы Дональд Трампқа да қолайлы бол­мақ. Себебі биыл АҚШ-та прези­денттік сайлау. Кейінгі кезде халық арасында Д.Трамптың беделі түсіп бара жатыр. Сондықтан ол бүкіл мүмкіндікті қарастырмақ. Еврейлер мен арабтарды татуластыру арқылы Д.Трамп өзін мәмілегер ретінде көрсетеді. Бұған дейін Ақ үй бас­шы­сының Солтүстік Кореямен ке­лі­сімі сәтсіз аяқталып, Иранмен одан әрі араздаса түскені белгілі. Ен­деше, Израиль мен Парсы шыға­на­ғы елдерін татуластыру арқылы Д.Трамп «екі жеп биге шығуды» көздейді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, келісім Израильдің премьер-ми­нистрі Беньямин Нетаньяхуға да қолайлы. Премьердің бұл келісімге ерекше мән беруінің өз себебі бар. Кейінгі кезде Израильде Б.Не­таньяхуға қарсылардың қарасы кө­бейіп келеді. Оған қоса, жем­қор­лыққа қатысы бар деген күдік те ұзақ уақыт премьер-министр атанған оның абыройына айтарлықтай нұқ­сан келтіргені анық. Ал БАӘ-мен мәміле оның беделін бір серпілтіп тастайтыны айтпаса да түсінікті. Тіпті, Израильдегі оппозиция өкілі Иаир Лапид те премьер-министрді құттықтады.

Оның үстіне, Б.Нетаньяхуға өзін еврейлерді Араб әлемімен тату­ластырушы ретінде де көрсетуіне зор мүмкіндік туады. Израиль 1994 жылы Иорданиямен бейбіт келісім жасасқанда да ел тізгіні Б.Нетаньяхудың қолында еді.

The Guardian газетінің жаз­уынша, Б.Нетаньяху – «қалтаңды үптеп кетіп, басыңнан ұрмағаны үшін марапат сұрайтын адам». Басылымның бұлай сипаттауының себебі мынада. Израиль Иордан өзенінің батыс жағалауын 1967 жылғы «Алты күндік соғыста» ба­сып алған болатын. Содан бері мұнда еврейлердің қонысын қалып­тастыру  әрекеті белсенді жүргізіліп келеді. Қазір аймақтағы 140 елді мекенде 400 мыңға жуық еврей өмір сүреді. Ал мұнда нәпақасын айырып жүрген арабтардың саны 2 миллионнан асады.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі де, БҰҰ да еврейлердің қонысын заң­сыз деп санайды. Сондықтан «Ба­тыс жағалау» мәселесі әлі күнге дейін түбегейлі  шешілген жоқ. Таяуда Израиль «Батыс жаға­лау­ды» аннексия жасау жөніндегі жос­парын жариялаған. Аннексия ел тіз­гінін биылғы сайлауда әрең қолына ұстаған Беньямин Нетаньяхудың басты «көзірі».

Бірақ сарапшылар Б.Нетанья­худың аннексия жоспарының мә­ні жоқ деп есептейді. Себебі Иор­­дан өзенінің батыс жағалауы бұ­рын­нан басып алынған аймақ. Әрі палестиналықтардың құқығы шек­теліп келгелі де ұзақ уақыт өтті. Израиль жоспарын жүзеге асыр­са да, асырмаса да ештеңе өзгер­мейді.

Екіжақты келісімге Түркия да на­разылық білдірді. Ел прези­ден­ті Режеп Тайип Ердоған журна­листерге берген сұхбатында сыртқы істер министрлігіне Бірік­кен Араб Әмірліктерімен байла­ныс­ты үзу, елшіні шақырып алуды қарас­ты­ру туралы тапсырма бергенін мәлімдеді.

Осыған байланысты сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, Израиль – БАӘ қатынастарын толық қалпына келтіру туралы бірлескен декларацияға қатысты Палестина халқы мен әкімшілігі көрсеткен наразылықтың заңды екенін атап көрсетті.

«Негізсіз дүниеге келген, ықпа­лы жоқ, АҚШ жоспарына сай құ­пия әрекет ететін БАӘ осылай­ша Палестина билігін «жоқ» деп санайды. Біріккен Араб Әмір­лі­гінің билігі Палестина халқы мен билі­гі­нің разылығынсыз Израиль­мен келіссөз жүргізуге және Палес­тинаға қатысты маңызды мәселе­лерде келісім жасауға құқығы жоқ», делінген Түркия сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде.

Қорыта айтқанда, Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктерінің бей­біт келісімге келуі Таяу Шығыстағы ахуалды жақсартудың орнына, күрделендіре түсетін түрі бар. Бұл келісім оған қатысқан тараптар үшін тиімді болғанымен, ең басты мәселе – Палестина халқына оңайға соқпайтыны анық.

 

Соңғы жаңалықтар

«Указной молда»: Ол кім?

Руханият • Кеше

Қылаң

Таным • Кеше

Ұқсас жаңалықтар