Облыстағы салалық басшыларды тыңдасаңыз, алыс аудандарда жас мамандар, әсіресе, жоғары білімді дәрігерлер жетіспейді, дейді. Тіпті, жас мамандар қалада қалғысы келеді, ауылдық жерлерге бармайды, деп зар илейді. Ал, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен ауданға барған жас дәрігерге жергілікті шенеуніктер тарапынан қолдау көрсетіле ме? Мұны Ақтөбеден медицина академиясын бітірісімен өзі туып-өскен Индер ауданына келген жас дәрігер Нұрбек Дүйсембаевтың қорғансыздың күнін көріп жүргенін білгеннен кейін айтып отырмыз.
Облыстағы салалық басшыларды тыңдасаңыз, алыс аудандарда жас мамандар, әсіресе, жоғары білімді дәрігерлер жетіспейді, дейді. Тіпті, жас мамандар қалада қалғысы келеді, ауылдық жерлерге бармайды, деп зар илейді. Ал, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен ауданға барған жас дәрігерге жергілікті шенеуніктер тарапынан қолдау көрсетіле ме? Мұны Ақтөбеден медицина академиясын бітірісімен өзі туып-өскен Индер ауданына келген жас дәрігер Нұрбек Дүйсембаевтың қорғансыздың күнін көріп жүргенін білгеннен кейін айтып отырмыз.
Нұрбек Дүйсембаев бір құшақ қағазын алып, тілші қосынына арнайы келді. Қағазы дегеніміз, қолдау сұрап, тиісті орындарға жолдаған арыздарының көшірмелері. Ал арыз жазуына төмендегі жайт себеп болған. Жас маманның «Егемен Қазақстан» газетіне жазған хатынан үзінді келтірейік.
«Мен Президенттің жастарды тиісті мамандықтарын алған соң, ауылға келуге шақырған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен ауданға келген жас маманмын, дәрігермін. Аудандық емханада 2008 жылдан бері дәрігер-хирург болып қызмет атқарамын. Отбасымда анам, қарындасым, жолдасым, үш балам бар. Көп қабатты үйде, үш бөлмелі пәтерде тұрамыз. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығында жас маманға үй беру, үй саламын десе, жер беру керек делінген. Осы бағытта отбасымның жағдайын жақсартуды көздеп, көп қабатты үйдің жанынан бос тұрған жерді сұрадым. Үй салуға 2010 жылы арыз бердім. Сол арызым қанағаттандырылып, 2012 жылы мамыр айында жерге мемлекеттік акті алдым. Содан тамыз айында құрылысымызға рұқсат алып, жазғы сарай салып қойдым», – деп жазады Нұрбек Дүйсембаев.
Н.Дүйсембаевқа тұрғын үй құрылысы үшін 0,0375 га жер телімі беріліпті. Алайда, осынау ұлтарақтай жер теліміне тұрғын үй құрылысын жүргізбек болған жас маман талабының тасқа шабыларын қайдан білсін? Алыстағы ағайыннан жақын болар дейтін көршісі Н.Дүйсембаевқа берілген жер телімінің жанында өсіп тұрған жас талдарды желеу етіп, Индер ауданының әкіміне, Жер ресурстарын басқару агенттігінің Атырау облысы бойынша аумақтық жер инспекциясына арыз түсіреді. Шағымда «Н.Дүйсембаевқа тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімін бөлу туралы» шешімнің күшін жоюды сұрайды.
Н.Дүйсембаевтың көршісінің аудан әкіміне берген арызы Индербор кентінің әкімі Б.Нұрғали төрағалық еткен комиссия отырысында қаралыпты. Комиссия мүшелері жер телімін беруде ешқандай заңсыздық жоқ, деген ұйғарым жасайды. Даудың басы Н.Дүйсембаевқа берілген жер телімі жанында жасыл желек қорғаныс аумағының болуынан туындаған. Өзіне берілген жер телімі жасыл желек қорғаныс аумағына кіре ме, жоқ па, оның тиісті құжаттары бар ма? Жас маман осы сауалдарға жауап алу үшін бірнеше мекемеге хат жолдаған. Соған орай берілген бірнеше жауап-хатқа назар аударсақ, мәселен, Индер аудандық жер кадастры бөлімінің басшысы Б.Ниязов 2013 жылдың 13 наурызында берген анықтамасында «Индербор кентіндегі Ш.Уәлиханов көшесі бойында, қазіргі Өнер мектебіне қарсы орналасқан саябақтың нақты құжаттары рәсімделмгенін мәлімдейді» делінген. Бұл анықтамада «рәсімделмгенін» деген сөзде қате бар. «М» әрпі артық болып тұр, не одан кейінгі «е» әрпі салынбай қалған. Сол себепті, бұл анықтаманың қандай мағына беретіндігі түсініксіз болып тұр.
Дәл осы күні Индер аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Б.Иманғазиев «Индербор кенті, Төленбаев көшесі №17 орын бас жоспар бойынша жекеменшік тұрғын үй құрылысын салу үшін белгіленген. Оған іргелес орналасқан жер телімі бас жоспарда жасыл желек болып белгіленген. Алайда, күні бүгінге дейін аталған жер телімінің нақты құжаттары жасақталмаған, еш жерде тіркеуде жоқ» деп анықтама беріпті. Ал жоғарыдағы екі анықтамадан екі күн бұрын жолданған Индербор кентінің әкімі Б.Нұрғалидың хатында: «Индербор кенті әкімінің аппараты кент әкімінің шешімімен 2 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен Сізге берілген жер телімі заңға қайшы келуіне байланысты, күші жойылған. Жер телімін бөлген кезде жасыл желек қорғаныс аумағының көлемі 2275 м2 екендігін ескере отырып, комиссия мүшелері бөлінген жер учаскесі аталған жасыл желек аумағына нақты кірмегендіктен келісімдерін беріп қолдарын қойып, мөрлері соғылған болатын, бірақ сот шешімімен заңсыз деп танылып шешімнің күші жойылып отыр. Осыған байланысты, айтылып отырған жасыл желек аумағы күні бүгінге дейін мемлекеттік құқық беру актісі (гос.акт) берілмей нақты ешбір мекеменің теңгеріміне алынбағандықтан аудандық Әділет басқармасында нақты тіркелмегенін қаперіңізге береді» депті.
Б.Ниязов саябақ, Б.Иманғазиев пен Б.Нұрғали жасыл желек деп атаған жер телімінің құжаттары жоқ екендігі анықталғанға дейін, биылғы жылдың 8 қаңтарында Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы С.Хасан «Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігінің Атырау облысы бойынша аумақтық жер инспекциясы» мемлекеттік мекемесі (келесі де – талап қоюшы) жауапкер Индербор кенті әкіміне қойған талап арызында инспекция Индер ауданы прокуратурасының 2012 жылғы 17 қыркүйегіндегі хатына және Индербор кенті Туленбаев көшесі №2 үй тұрғыны А.Асановтың арызына байланысты Дүйсембаев Нұрбекке Индербор кентінің әкімінің 2012 жылдың 25 қаңтарындағы №15 шешімімен берілген, Индербор кенті, Туленбаев көшесі, №17 үйде орналасқан жер телімін нақты өлшеу кезінде іргелес орналасқан халық демалысы үшін орналасқан бульвар (саябақ) аумағына кіріп тұрғандығы, алдын ала жер телімін анықтау, зерттеу және келісімін алу актісіне және жер телімін иелену негіздерін анықтау, меншік құқығын рәсімдеуге келісім беру жөніндегі аудандық комиссияның қорытындысына комиссия төрағасының қолы қойылмағандығы көрсетіліп, Индер ауданы, Индербор кентінің әкімінің 2012 жылдың 25 қаңтарындағы №15 шешімін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған» дегенді басшылыққа алады.
Комиссия төрағасының қолы қойылмағанын Н.Дүйсембаев та біледі. Комиссияға төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары А.Сәрсенғалиевтың қолы неге қойылмаған? Оның себебін Индер аудандық сотының төрағасы Е.Аманғалиевтың «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 307-бабының 2-бөлігімен сотқа берілген Сарсенгалиев Асылбек Жагоровичке қатысты қылмыстық іс соттың өндірісіне 16 мамыр 2011 жылы түсіп, 17 мамыр 2011жылғы қаулысымен судья Е.Аманғалиевтың өндірісіне іс жүргізуге қабылданған.
Аталған іс бойынша, 15 шілде 2011 жылғы соттың үкімімен Сарсенгалиев Асылбек Жагоровичті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танып, оған осы бап бойынша 1000 (бір мың) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 1 512 000 (бір миллион бес жүз он екі мың) теңге айыппұл жазасы тағайындалды және 1 (бір) жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру қосымша жазасы белгіленді. Үкім заңды күшіне 7 қыркүйек 2011 жылы енді» деген анықтамасынан айқын аңғаруға болады. Сонда Индер кентінің әкімі Б.Омаш Нұрбек Дүйсембаевтың атына берілген жер телімін беру үшін 2012 жылдың 25 қаңтарындағы №15 шешімін шығарғанға, «Атырау ҒӨО жер» ЕМК Индер аудандық орталығының басшысы Б.Ниязов пен Индер аудандық жер қатынастары бөлімі бастығының уақытша міндетін атқарушы К.Бағынов сол жылдың 8 және 25 мамырында жер учаскесіне жекеменшік құқығын беретін актіге қолдарын қойып, мөрлерін соққанға дейін комиссия төрағасы бекітілмеген бе? Осыдан кейін 2012 жылғы 9 тамызда Индер аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы К.Нұғманова «Дүйсембаев Нұрбекке – жеке тұрғын үй құрылысына, құрылыс-құрастырма жұмыстарын жүргізуіне рұқсат береді» өз қолы қойылған хат береді. Сонда кент әкімі де, аудандық бөлімдер басшылары да аудандық комиссия төрағасының қолы қойылмағанын біле тұра, жас маман Н.Дүйсембаевты неге әуре-сарсаңға салады?
Шенеуніктердің тиісті заңдылықты өрескел бұзғаны жас маман Н.Дүйсембаевтың жер телімін заңдастырмақ түгілі енді одан айырылып қалу қаупі төнді. Өйткені, жоғарыда аты аталған судья С.Хасан «Индербор поселкесі әкімінің Дүйсембаев Нұрбекке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін Индербор кенті, Туленбаев көшесі, №17 үйде орналасқан 0,0375 гектар жер телімін 2 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен беру туралы 2012 жылдың 25 қаңтарындағы №25 шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылсын» деп шешім шығарып қояды.
Бірақ, сот шешімінде Н.Дүйсембаевтың атына берілген жер телімі саябақ аумағына кіріп тұрғанын кім, қай мекеменің анықтамасымен дәлелдегені айтылмайды. Бұл саябақтың нақты құжаттары жасақталмағаны, еш жерде тіркеуде жоқтығын дәлелдеген анықтамаларды жоғарыда келтірдік. Сот шешімі шыққан соң Индербор кентінің әкімі Б.Нұрғали 2013 жылғы 13 ақпанда Н.Дүйсембаевқа «Индербор кенті әкімінің аппараты 2 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен берілген жер телімі заңға қайшы келуіне байланысты, жер теліміңіздің нақты өлшемін шығарып, заңдастыру үшін арызыңыздың түпнұсқасы мен құжаттарыңыздың көшірмесі аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің алдын ала жер телімін анықтау, зерттеу келісімін беру жөніндегі аудандық комиссиясының отырысына жіберілді. Арызыңыз бойынша 2013 жылдың 25 қаңтарында өткізілген алдын ала жер таңдау жер телімін анықтау, зерттеу келісімін беру жөніндегі аудандық комиссиясының №1 хаттамасының қорытындысы бойынша «жасыл желек қорғаныс аймағына жатады, келісім берілмейді» – деп жауап келгендіктен арызыңыз қанағаттандырылмайтынын қаперіңізге береді» деп және бір үшбу хат жолдапты.
Кент әкімінің хатында да айтылған аудандық комиссияның мүшелері Н.Дүйсембаевтың жер телімі нақты құжаттары аудандық әділет басқармасында тіркелмеген жасыл-желек қорғаныс (әлде саябақ па? – Ж.Ш.) аймағына жататынын неге сүйеніп дәлелдеді екен? Комиссия мүшелері бұрын қайда қараған? Жер телімін берер алдында неге дәл осылай ұйғарым жасамады? Сауал көп, жауап жоқ. Аудан шенеуніктерінен жер телімін заңдастырудың оң қадамын көрмей, салы суға кеткен жас маман Н.Дүйсембаев биылғы 1 ақпанда облыс әкімі Б.Ізмұхамбетовтің атына өтінішін жолдапты. Облыс әкімі «Жерді заңдастыру керек деп ойлаймын. Шешімді баяндау» деп Индер ауданының әкімі Б.Сәрсенғалиевқа дәл сол күні тапсырма берген екен. Кейін Б.Сәрсенғалиев басқа жұмысқа ауысты. Ал облыс басшысының шешімі әлі күнге орындалған жоқ.
Ұлтарақтай жер телімін аламын деп, шенеуніктердің қақпақылына ұшыраған жас маман қазір қорғансыздың күнін көріп жүр. Өйткені, оның қолдаушысы да, қорғаушысы да жоқ. Шенеуніктердің шалағай шешімінен шыққан шатақпен әбден әбігерге түскен Нұрбек Дүйсембаевтың жанайқайына құлақ асатын біреу табылар ма екен? Жан-жағынан тырнағын батырғысы келетіндер оған 0,0375 га жер телімін неге қимай отыр? Әлде, бұл саябақтың іргесіндегі дәл осы жер телімін тақымына басып қалуды көздеген пысықайлардың қитұрқы ісі ме?
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы,
Индер ауданы.