24 Қазан, 2013

Еліміздегі көлдерді тазалауға 2 млрд. теңге бөлінді

380 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

24 10- markakolАлдағы мерзімде Бурабай және Қарасу көлдерін тазалау басталады. Бұл туралы «24 kz» хабарлады.

Негізі 2040 жылға дейін еліміздегі 17 көлді тазалауға мемлекет қазынасынан 2 млрд. теңге бөлінді. Ал Қоршаған ортаны қорғау министрлігі келер жылдан бастап осы жобаны жүзеге асыруға кіріседі. Жоспарға сәйкес, 2016 жылға дейін 3 көл тазаланып болуы тиіс.

Мамандардың көлдерді балшықтан тазартуды қолға алуы жайдан-жай емес. Өйткені, бірқатар көлдің суы тартылып барады. Мәселен, Балқаш көлі шөлейт аумақта болғандықтан, оның климаты шұғыл континентті болып келеді. Әрі ондағы судың булануы өте жоғары деңгейде. Ал соңғы кезде мұндағы экологиялық ахуал нашарлап кетті. Оның басты себебі, Қаратал, Лепсі, Ақсу өзендерінің суы Балқаш көліне жетпей, суармалы егістерге жіберілуінде. Тағы бір ескеретін жағдай, бұрынғы кезде Аягөз, Биен, Сарқанд және Басқан өзендері Балқашқа құйып, оның деңгейін бірқалыпты ұстап тұратын еді. Қазір аталған өзендер Балқашқа құюын тоқтатқан.

Жалпы, бұдан бұрын бірнеше бұқаралық ақпарат құралдары осы көлдің тартылып бара жатқанына байланысты мәселе көтерген болатын. Соның бірінде Балқаш экожүйесінің нашарлауына Іле өзені бойына салынған Қапшағай су қоймасының әсер еткені айтылған. Мұнан өзге Іле өзенін қоректендіріп отырған Шелек өзені Бартоғай бөгетімен бөгеліп, онда 300 мың текше метр су жинақталған. Әрі үлкен Алматы каналы салынып, Шелек өзені Ілеге құюын тоқтатты. Су саласы төңірегіндегі мамандардың дерегіне жүгінсек, 1965-1990 жылдар аралығында Іле-Балқаш алабын ауыл шаруашылығына барынша пайдаланумен, Балқашқа құятын судың көлемі 25 пайызға азайып кеткен. Іленің орта және төменгі сағасында Шарын күріш, Шеңгелді көкөніс, Ақдала күріш алқаптары пайда болып, Балқаштың табиғи тепе-теңдігін бұзды. Сондықтан еліміз мамандары алдымен көлдерді балшықтан тазарту мәселесін реттеп, сосын оның бастау алатын сағасына жан бітіруді көздеп отыр...

Данияр Түймебай.

Соңғы жаңалықтар