Аймақтар • 18 Тамыз, 2020

Хакімнің ізгі мұратын жалғастыру – басты міндет

647 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Абайдың мұрасын "Рухани жаңғырудың" маңызды бағдарына айналдыру қажеттілігіне баса назар аударып, Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай мерейтойды тойлау туралы жарлыққа қол қойған болатын. Осы орайда, Көкшетауда маңызы зор, мәні мәйекті халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді, деп хабаралйды Egemen.kz.

Хакімнің ізгі мұратын жалғастыру – басты міндет

Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі, "Ы.Алтынсарин", "Құрмет" ордендерінің иегері Ахат Нұртас Ахатұлы бастаған Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі "Абай мұрасы және қазіргі білім беру" тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізуді кешенді білім бағдарламасына енгізген болатын. Облыстық білім басқармасының жұмыс жоспарына, кейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылға арналған іс-шаралар жоспарына ұсынылған бастама қолдау тауып, министрлік тарапынан келісімге ие болды.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция арқылы қазақ халқының ұлы ақыны, сазгер, философ, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы ұлы хакімнің мол мұрасын, білім және ғылымға, ұлттық құндылықтарға қатысты көзқарастарын жаңа заманның талаптарына сай зерделеу және болашақ ұрпаққа насихаттау мақсат етілді.  Қазақстандағы жаңартылған білім беру мазмұнына байланысты мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, бастауыш білім беру, негізгі білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру мәселелерін талқылау көзделді.

Халықаралық білім беру өкілдерінің тікелей қатысуымен кең форматта жобаланған ғылыми-практикалық конференция қазіргі еліміздегі COVID-19 коронавирус індетіне байланысты қатаң карантиндік шаралардың жүргізілуіне онлайн режимінде қашықтықтан өткізілді. ZOOM платформасы арқылы тікелей бейнебайланыс форматында өткен конференцияны колледж директоры Нұртас Ахатұлы жүргізіп отырды. Онлайн-конференция Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Таткеев, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова және  облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіповтің құттықтау сөздерімен басталды. Пленарлық мәжілісте Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Дихан Қамзабекұлы, Башқұртстан Республикасының "Сибай педагогикалық колледжінің" ОКББ ММ директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Ильдар Хамитов, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің Кәсіптік колледж директоры, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Аскар Акматов, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж директоры, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан ПҒА корреспондент мүшесі Шағангүл Жанаева, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің стратегия және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректоры, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, ҚР Халықаралық ақпараттандыру академиясының мүшесі, Ресей жаратылыстану академиясының профессоры Темірхан Жарқынбеков, Қазақстан Республикасы Педагогикалық Ғылымдар Академиясының Президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асқарбек Құсайынов сынды ғалымдар қатысты. Пленарлық мәжіліс соңында Сибай педагогикалық колледжі және  Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің Кәсіптік колледждерімен ынтымақтастық орнату мақсатында меморандумдарға қол қою рәсімі өтті. Бұл ­– болашақта Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің халықаралық қарым-қатынас жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында жасалып отырған игі қадам.

3

Конференцияның "Кәсіптік білім беру: тәжірибе және перспективалары", "Ғылым, білім және инновация", "Абай тағылымы – адами құндылықтар өлшемі" атты секциялық жұмыстарында Саха Республикасының Якутия медициналық колледжі, Алтай Республикасы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті және республикамыздың педагогикалық колледждерінің оқытушылары мен студенттері баяндама оқып, тыңдаушылардың ыстық ықыласына ие болды. 

Жалпы саны 400-ге жуық қатысушы қамтылған онлайн-конференция барысында ұлы Абайдың рухани мұрасы, білім және ғылымға, ұлттық құндылықтарға қатысты көзқарастары талқыланды. Қазақстандағы жаңартылған білім беру мазмұнына байланысты мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, бастауыш білім беру, негізгі білім беру, техникалық және кәсіптік білім берудің өзекті мәселелері талданды. Еліміздегі қолданбалы бакалавриаттың концептуалды тәсілдері мен ұстанымдарын саралай отырып, жоғарғы білім беру мен техникалық және кәсіптік білім берудің кәсіби бағдарламаларының интеграциясын қамтамасыз ететін қолданбалы бакалавриат бағдарламаларын енгізу жолдары қарастырылды. Білім берудің мәселелері шетелдік білім жүйесімен салыстыра талқыланып, бүгінгі жағдайдағы қашықтықтан оқытудың басты проблемалары зерделенді.

Өршіген індетке байланысты жаңаша форматта өткен келелі жиында дәстүрлі әншілер тобының «Абайға арнау» әнінің,  "Самғау" студенттердің біріккен хорының "Абайға жүгін, Адамзат"  атты жаңа әнінің, "Наркескен" ер балалар хорының орындауында "Абай-Гимала" әнінің тұсаукесер бейнебаяны көрсетілді. Нұртас Ахатұлының бастамасымен ұсынылған бейнебаян қалың тыңдармандарға ерекше әсер етіп, халқымыздың ұлы перзентіне деген мақтаныш сезімін оятып, жүректің қылын шерткендей болды.

3

Бұған қоса, конференция аясында колледждің 30 жылдығына арналған "Тәуелсіздікпен тағдырлас білім ордасы" атты энциклопедиялық-альбомдық кітап пен филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі Аян Қажыбайдың "Сөз құдіреті"  атты кітабы жарыққа шықты. Көкшетау өлкесінің кәсіптік білім беруінің бастауында тұрған оқу орнының тарихына арналған алғашқы еңбекте колледждің кеңестік кезеңі (1920-1955 жж.) және қайта құрылған 1990 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі ғұмыры қамтылған. Білім ордасы туралы мұрағат және фото құжаттарды, оқытушылар мен түлектердің естеліктерін негізге ала отырып құрастырылған жинақта колледждің білім және тәрбие беру ерекшеліктеріне, басқару құрылымы мен жетістіктеріне үлкен мән берілген. Ал, "Сөз құдіреті" атты ғылыми еңбекте қазақ және орыс тілін тең дәрежеде меңгерген әдебиетші-ғалым,  педагог-ұстаз Аян Төлегенұлының таңдаулы ғылыми зерттеулері, әдеби сын ой-толғамдары, ғылыми-көпшілік мақалалары және эсселері енген.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға "КӨРМЕ-30: Кәсіптік-педагогикалық білімдегі заманауи парадигма" педагогикалық вернисажының шағын форматы жасалды. "Мектепке дейінгі білім берудің практикалық алаң", "Инновациялық технология орталығы", "Ғылым. Ізденіс. Тәжірибе", "Шығармашылық еркіндік орталығы" атты жұмыс аймақтарынан тұратын көрме заманауи үлгіде әзірленді.

Ұлттық мұрамыздың бастауында тұрған Ұлы Абайдың халықаралық деңгейде насихатталуы өскелең ұрпақтың бойында із қалдырары анық. Хакімнің ізгі мұратын жалғастыру – басты міндетіміз!