Аймақтар • 18 Тамыз, 2020

Архимед Мұхамбетов медицина қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыстады

312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес облыстың 15 медицина қызметкері Қазақстан Республикасының ордендерімен, медальдарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бұл туралы Egemen.kz Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Архимед Мұхамбетов медицина қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыстады

Архимед Мұхамбетов медицина қызметкерлері адам денсаулығы үшін алдыңғы қатарда екенін атап өтті.

"Қазір бүкіл әлем коронавирустық инфекцияның таралуынан туындаған қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Сіздер, медицина қызметкерлері, адамдардың денсаулығы үшін алдыңғы қатарда болдыңыздар және әлі де күресіп келесіздер", – деді өңір басшысы.

Бүгінгі таңда облыстың денсаулық сақтау жүйесінде 15 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 1800 дәрігер және 6 мыңнан астам орта медицина қызметкері жұмыс істейді.

Облыстың мыңнан астам медицина қызметкері КВИ диагностикасы және емдеу жұмыстарына тартылған. Бұл ретте, COVID-19-бен күреске тартылған адамдар 2 млрд теңгеден астам төлем алды.

Сонымен қатар, мамандарды тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

2019 жылы Қостанай облысына 265 дәрігер келді, ағымдағы жылы 227 денсаулық сақтау қызметкерін тарту жоспарланып отыр.

Келген дәрігерлерге көтерме жәрдемақы төлеу және тұрғын үй бөлу түрінде қолдау шаралары көрсетіледі.

Кездесу соңында облыс әкімі медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.

"Әрбір медицина қызметкеріне мамандыққа адалдығы, ажалдан аман алып қалынған өмірлер мен ұлт денсаулығын сақтауға қосқан үлесі үшін шын жүректен алғысымды білдіргім келеді", – деді Архимед Мұхамбетов.

"Құрмет" орденімен марапатталған Қостанай облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Ирина Штейгервальд Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа қамқорлығы мен қолдауы үшін алғысын білдірді.

"Бірінші кезекте еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа қамқорлық пен қолдауы үшін алғысымды білдіргім келеді. Менің жұмысымды жоғары бағалағаныма шын жүректен қуаныштымын", – деді жедел жәрдем станциясының бас дәрігері.

Сонымен қатар, ол пандемия медицина қызметкерлеріне командалық жұмысты үйреткенін атап өтті.

"Мұндай қиын уақытта, пандемия жағдайында жұмыс істеу бізді әр пациентке көп көңіл бөлуге үйретті, бірақ, біз, ең бастысы – командада жұмыс істеуді үйрендік. Мен бүгін осындай жоғары марапатқа ие болғандардың әрқайсысын мақтан тұтамын", – деді Ирина Штейгервальд.

 

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.