"Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне кеңес беріліп, жергілікті жерлердегі әскери қызметшілерде коронавирустық инфекцияны ерте анықтаудың практикалық дағдылары мен әдістерін пысықтау жалғасуда. Коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық бойынша жағдайды эпидемиологиялық бақылау және COVID-19 еңсерген пациенттерді оңалту жөніндегі жұмысты жалғастыру жоспарлануда", деп атап өтті ҚР ҚМ Бас әскери клиникалық госпиталі бастығының ғылыми-терапиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Назгүл Қалкаева.
Үш ай ішінде Қазақстанның әскери дәрігерлері коронавирустық инфекция клиникасы мен оның асқынуларын зерттеді. Қазақстандық клиникалық емдеу хаттамасы мен COVID-19 диагностикасы әр түрлі климаттық жағдайларда емдеу ерекшеліктерін қоспағанда, ресейліктермен бірдей. РФ дәрігерлері қазақстандық әскери госпитальдардың сапалы жабдықталуын және мамандарды даярлаудың жоғары деңгейін атап өтуде.
"Біздің келуіміздің бағдарламасы аясында тәжірибе алмасу және клиникалық жағдайларды зерттеу бойынша семинарлар, конференциялар өткізу қарастырылған. Сондай-ақ, осы жағдайда бір-біріне ұқсас болып табылатын қолданыстағы емдеу хаттамалары зерттеледі және салыстыру жүргізіледі. Әріптестерімізбен бір апта ішінде жұмыс істей келе Қазақстан Республикасының Әскери-медициналық қызметінің өте жақсы дайындығына көз жеткіздік. Олар жаңа коронавирустық инфекцияны емдеу мәселелерінде озық халықаралық тәжірибені қолданады", дейді академик Н. Н. Бурденко атындағы Бас әскери клиникалық аурухананың № 3 филиалының медициналық қызмет подполковнигі Вадим Пивоваров.
Әр пациентті емдеуде жасына және патологияларына байланысты әр қайсысының жеке ерекшеліктері болады. Мәселен, эндокриндік патологиясы және жүрек-тамыр жүйесі проблемалары бар 50 жастан асқан адам ауруды қиын өткереді.
Бүгінгі таңда Алматыдағы Әскери клиникалық госпитальмен 800-ден астам адам сәтті емделді. Олардың 300-і орташа, ауыр, өте ауыр халде болды және реанимация бөлімінде көмек алды. Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциясы бар пациенттердің саны азайып келеді, науқастарды қалпына келтірудің оң қарқыны бар.
Естеріңізге сала кетейік, екі елдің қорғаныс ведомстволары басшыларының әскери-медициналық ынтымақтастық туралы келісіміне сәйкес Қазақстанға COVID-19 коронавирустық инфекциясы бар пациенттерді емдеуде тәжірибесі бар ресейлік анестезиолог-реаниматологтар, инфекционистер, терапевтер тобы келді.
Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.