Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ
Нөл Жаратушы таразысының өлшемі. Таразының екі басы нөлге келгенде тепе-теңдік болмақ. «Теңге тең нәрсе әрқашан өзара тең». Бұл әл-Ғазалидің «Тура таразы» кітабынан алынған сөз. Тепе-теңдік нөл. Әлем нөлдік қалпын сақтауда. Сондықтан біз әлем жарасымдықта дейміз.
Әлем жарасымды, яғни қазіргі лексикаға салсақ – гармонияда. Әлемнің жарасымдылығы, оның қалыпты жағдайда болуы. Бұл адамзаттың ғұмыр кешуі үшін аса қажетті қалып. Сондықтан әлемді өзгерту мәселе емес, оны түсіну мәселе. Жаратушы таразысының мәнін ұғынудың сыры осыда. Таразы – әділеттілік символы. Таразы – тепе-теңдік. Бірақ тепе-теңдік жаратушыдан, тепе-теңдік орнату адам қолынан келетін шаруа емес, әл-Ғазали осындай ойлар жағында болған. Хакім Абайдың әділеттілік Хақ жолы дегені осы емес пе?
* * *
Білім тепе-теңдікке, яғни әділеттілікке бастай ма? Білім ақиқаты неде? Біз білім тәжірибеде анықталады дедік, бұл дұрыс, бірақ ақиқат па? Әл-Ғазали білім өлшеуішін Құранға сүйеніп, бесеу деген. Жоғарыда көрсетілген еңбектен: «Мынаны жадыңда берік ұста: Құрандағы өлшегіш негізінде үшеу: тепе-теңдік өлшемі, тәуелділік өлшеуі және қарама-қарсылықтар өлшеуі. Бірақ тепе-теңдік өлшеуі үшке бөлінеді: үлкен, орта және шағын. Осылайша бесеу». (Мұны талқылау арнайы даярлықты әрі кеңінен баяндауды қажет етеді).
* * *
Әл-Ғазали XII ғасырда ғұмыр кешкен ғұлама. Айтпағым, одан бергіде сегіз ғасырдан аса уақыт өтіп барады, алайда тура таразы, тепе-теңдік мәселелері әділеттілікке тікелей қатысты болғандықтан, біз Құранға қайта-қайта орала береміз. Құран-Кәрімде: «Адамдарды Раббының жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес» – деп жазылған. (Құран-Кәрім он алтыншы сүре, жүз жиырма төртінші аят).
Әрі қарай әл-Ғазали осы қағидаларды былайша жалғастырады: «Кімде-кім Алла жолына даналық арқылы шақырса, ол Алланың қауымында, көркем үгіт жолымен шақырса, ол Алланың қауымында, ақылмен таласа алса Алланың қауымында» (Ғарифолла Есім. «Фалсафа тарихы». 102 б.).
Алла жолы мен әділеттік жолына түспегендермен іс жүргізудің екі жолы бар екен: бірі даналық, ақыл жолы, екіншісі көркем үгіт жолы.
* * *
Кеңес заманында «идеология» деген болды. Ол саясат балабақшадан бастап, адамдарды зейнеткерлікке шыққанға дейін тыс қалдырмады. Балабақшадағы тәрбиеленушілер мен бастауыш сынып оқушыларының кеуделеріне Ленин бейнесі салынған төсбелгі тағып, оларды «октябряттар жұлдызшасы» деген топқа бөліп баулыды, ересектерді пионер ұйымына қабылдап, мойындарына қызыл галстук таққызды, бозбала шақта оқушыларды комсомол қатарына антпен қабылдады, одан әрі де коммунистік партия қатарына іріктеп қабылдау арнайы рәсім арқылы орындалды.
Мен осындай идеологиялық сүргіден өткен жанмын. Мұны бір деңіз, екіншіден күнәмнің ауырлығы сол, мен және миллиондар сол коммунистік жүйеге қызмет еттік. Мен күнәмді мойындаймын. Ал өзін күнәлімін деп жүрген жұрт шамалы. Өткен күндерін мақтан ететіндер туралы не деуге болады.
Дінсіз қоғамда сен де дінсіз болуға міндеттісің, сен атеистік-материалистік көзқарастағы саналы социалистік қоғам құрушы азаматсың, басқадай жол жоқ. Осылай болды, бұл идеологиялық жүйе өз нәтижелерін берді, менен үлкендер, құрдастарым, өкшелес іні-бауырларымның көпшілігі әлі де сол ескі идеологияның құрсауында. Түйсік, сезім, санаға сіңген стереотиптер өздігінен кетер емес. Санамыз таралмай әлі де ұйысып тұр.
Осы ескі (заманы өтіп тозған) түйсік, сезім және санамен күресу жолын ХІІ ғасырда әл-Ғазали Құран-Кәрімге сүйене айтып кеткен, олар: даналық және көркем үгіт арқылы іс жүргізу кеңес идеологтары кезінде даналық туралы көп айтты. Олар философияны даналық туралы ілім жүйесі деп мейлінше насихаттады.
Маркстік-лениндік философияны оқып-үйренуге жоғары оқу орындарының студенттері тегіс міндетті болды. Алайда бұл даналық әл-Ғазалидің Құран-Кәрімге негіздеп айтқан даналығы емес-ті. Кеңес өкіметі дәріптеген философиядағы «даналықтың» көкелері Карл Маркс, Ленин, Сталиндер болса, арғызамандағы гректер: Сократ, Платон, Аристотель және тағы басқалар. Бір сөзбен айтқанда, дінсіз даналық насихатталды. Асылы дінсіз даналық болушы ма еді? Дінсіз даналық – шайтандық.
* * *
Мәселенің анығы сол, тура жолға түсуге қауым арасына көркем үгіт қажет. Аты өшкір идеология деген сол кеткенімен кетсін, ендігі ісімізді КӨРКЕМ НАСИХАТ деп аталық. Көркем деген тамаша сөз. Не көркем? Табиғат көркем, адам көркем, оларды жаратқан Жаратушы көркем. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ көркем. Өмір сүргісі келетін ынталы жанның санасы – көркем.
Қоғамға, қауымға көркем насихат қажет. Ол қалай орындалмақ, әрине іс-шаралармен, бағыт, бағдарламалармен. Биыл Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл, Абай хакімнің туғанына 175 жыл, Қазақ елінің тамыры Алтын Орданың 750 жылдығына қатысты кешенді істер, әрине көркем насихатқа жатады. Бұлар көркемдік насихат серпілісі, жақсылықтың нышаны, елдіктің пайдасына атқарылып жатқан іс-шаралар.
* * *
Әл-Фарабидің даналығы, оның пәлсапасы, Абайдың хакімдігі туралы айту, жазу нағыз көркем насихат. Бұлар хакімдер, мен олар туралы айтудан ешқашан жалықпаймын, керісінше өмірімнің мәні демекпін. Абай отыз сегізінші қара сөзінде «хакімдер болмаса дүние ойран болады» деген. Нағыз көркем ой. Құдайға шүкір, қазақ халқы тарихының әр қилы замандарында сөз айтушы көркем ғұламалары болған. Сәл тарқатып айтсам, арғызаманның VI-VII ғасырларында ғұмыр кешкен Сақ елінің ойшылы Анахарсис, бергі замандағылар: дана Қорқыт, Иоллығтегін, Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари және т.б. Қилы заман ойшылдары: Асан қайғы, Бұқар жырау және де аттары әйгілі билер, шешендер, ақындар, жыршылар.
Көркем насихаттың негізгі бір арнасы осы ғұламаларды танып, біліп үгіт жүргізу. Бұлардан бізге көркем ойлары мұра болып жеткен. Ойлаймын, осы асыл қазыналарымызды арғызаманнан шашпай-төкпей бүгінге жеткізген халқымыз дана, көркем. Олай дейтінім, жоғарыда атап-атап айтылған қазыналарымыз осы біздің халық өмір сүрген атамекеніміздің асыл-жауһарлары. Ендігі жердегі мәселе сол қазыналарды ұрпақтар кәдесіне жарату.
* * *
Әділеттілік хақ жолы – бұл көркем ой. Әділеттілік пәлсапасы – тепе-теңдікте. Тура таразы әл-Ғазали айтқан – әділеттілік. Таразы тілі нөлге тұрақтағанда әділеттік орнамақ. Адамзат баласы НӨЛДІ ашқанда көркем сана әділеттілікті ашқан.
Нөл ғайыптан пайда болатын құбылыс. Ғылымда абсолюттік нөл деген түсінік бар, оның мәнісі әлемде қандай суық болса да жылылық нөлге тең болмақ емес, қалай болсын суықтың құрсауында жылылық болады, оны ғалымдар шамалап өлшеп те шығарған. Мұндай кері өлшемдер тек нөлдермен өлшенбек. Мәселе нөлдің ішкі есебінде. Нөлдің ішкі есебі адамзат үшін – құпия. Ғайып жоқтан бар болу. Ғайып деген мүмкіндік. Адам ғұмыры ғайыптан басталып, қайта ғайыпқа кетеді. Сірә да, хакім Абайдың «Мен өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан» дегені осы мәселе ме екен? Былайша айтқанда, дүние нөлден басталып, қайта нөлдік күйін сақтайды, арасы – өсім. Әрине өсім бар жерде өшу бар, оны пәлсапашылар үнемі қарастырып келді. Өсім мен өшу нәтижесінде әлемнің нөлдік қалпы сақталуда.
* * *
Қоғамда тепе-теңдік сақтау даулы мәселе. Ассиметриялық күш үнемі бұлқынып, буырқанып тұрады. Оны алдыңғы қатардағы ой, идея деуге де болады. Жоғарыда хакімдер болмаса дүние ойран болар еді дедік, рас, бірақ, бір заманда хакімдер мөлшерден тыс көп болмаулары керек, ол бір, екіншіден, хакімдер ойы қоғамдағы тепе-теңдікті сақтай бермей, керісінше оны бұзушы қуатқа айналуы әбден ықтимал. Алға кеткен барлаушы ой тепе-теңдік үшін қауіпті. Мұндай жағдайда қоғамдағы тепе-теңдіктің өзі сынға түспек. Саясатта мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Бұл шұғыл шешімдерді қажет ететін іс.
* * *
Нағыз хакім бүгінгіні ғана емес, ертеңгіні айтады, ол бүгін құнар ала алмайды. Кейбіреулерге ұнамайды, сондықтан олар хакімдерді жау көреді. Ертеңгі күннің әңгімесі билік үшін жағымды емес. Билікке тыныштық керек, қоғамдағы, қауымдағы өзгерістер оған үрейлі көрінеді. Сондықтан хакімдер замандар өзгерген соң таныла бастайды.
* * *
Қазіргі заманда ассиметрия, «нешаблонное мышление», математикадағы «нечеткая логика» дегендер бой көрсетуде. Кешегі даяр парадигмалар күйреуде. Ойлау ішінен «революция» жасауда. Инновация деген дәстүрлі ойлау өрісін бұзуда. Инновация – тосын ой, ойға келмеген ой деуге болады. Сірә, инновацияны тосын ой деген жөн болар. Бірақ ол табиғаты жағынан қарапайым. Мәселе, қарапайымдылықтан тосын ой тосу – инновацияға апаратын жол.
* * *
Сірә, білім, ғылым жүйесіне қауырт өзгерістер қажет секілді. Ғылым мен білімнің «ескі киімдері» тозды. Білім мен ғылым жаңаша киінуі қажет, ол қалай болмақ, мына індет әлегі бізді өзгеруге бастамашы болмақ деп ойлаймын. Онлайн әдетке айналып барады, одан шығады екен, байқау керек?! Қалай болсын әлем нөлдік қалпынан асып-тасып төгілмеуі аса қажет.
Ғарифолла ЕСІМ,
академик, қоғам қайраткері