Спорт • 19 Тамыз, 2020

ПСЖ «Лейпцигті» жеңіп, тұңғыш рет Чемпиондар лигасының финалына шықты

388 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Француздың ПСЖ командасы немістердің «РБ Лейпцигін» ойсырата жеңіп, Чемпиондар лигасының алғашқы финалисі атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Португалияның Лиссабон қаласындағы «Эштадиу да Луш» стадионында өткен ойын 3:0 есебімен аяқталды. Алғашқы голды 13-минутта Анхель Ди Марияның әуелете асырған добына бірінші болып жеткен бразилиялық қорғаушы Маркиньос баспен тура соққы жасап, есепті ашты. 42-ші минутта Ди Марияның өзі гол соқты. 56-минутта Хуан Бернат сол баяғы Анхель Ди Марияның сол қапталдан әуелете асырған добын қақпаға баспен тура бағыттады. Есеп – 3:0, ПСЖ клуб тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының финалында! Ал небәрі 2009 жылы құрылған және жартылай финалға дейін жеткен «РБ Лейпциг» командасы турнирді осы жолдан аяқтады.

Кездесудің үздік ойыншысы – Анхель Ди Мария.

 

Статистика:

«РБ Лейпциг» – ПСЖ 0:3

Маркиньос 13, Ди Мария 42, Хуан Бернат 56.

Допты иелік ету – 44% – 56%; соққы – 15:14; дәл соққы – 3:9; бұрыштама – 5:4; офсайд – 0:3; сары қағаз – 3:1; ойыншы алмастыру – 5:4.

«РБ Лейпциг»: қақпашы – Гуляши; қорғаушылар – Мукиеле, Упамекано, Клостерманн (Орбан); жартылай қорғаушылар – Анхелино, Забитцер, Кампль (Адамс), Лаймер (Хальстенберг), Нкунку (Форсберг), Ольмо (Шик); шабуылшы – Поульсен (к).

ПСЖ: қақпашы – Рико; қорғаушылар – Керер, Кимпембе, Силва, Бернат; жартылай қорғаушылар – Эррера (Верратти), Маркиньос, Паредес (Дракслер); шабуылшылар – Ди Мария (Сарабия), Мбаппе (Шупо-Мотин), Неймар.