"Азаматтармен диалог орнату арқылы сыбайлас жемқорлық белең алып, қоғам наразылығын туғызып жүрген түйткілді салаларды анықтауға болады. Адамдар бұрынғыша жоғары оқу орны, колледж, тіпті, мектептердегі сыбайлас жемқорлықты айтып, шағымданады. Жемқорлық азаматтарымыздың бойына сіңіп, тіпті, қоғамның қалыпты құбылысына айналып кетуі мүмкін. Басты мәселе – осы. Ал, кәсіпкерлер жер комитеті, өртке қарсы қызмет, салық және кеден органдарын жемқорлық жайлаған деп есептейді. Жолдың сапасына байланысты да жұртшылықтың алаңдаушылығы жоғары.
Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясы маған су шаруашылығы саласында айтарлықтай түйткілдер бар екенін хабарлады. Міне, осы мәселелер бойынша қоғамдық бақылау тетігі жұмыс жасауға тиіс", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент бұл шараға үкіметтік емес ұйымдарды тартып, нормативтік-құқықтық актілерді сараптау ісіне қатыстыру керек екенін айтты.
"Cыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл, онымен ымырасыз күрес қоғамның өзекті мәселесінің біріне айналғалы көп жылдың жүзі болды. Еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығы осы бағыттағы жүйелі әрі табанды шараларға байланысты. Үкіметке қағазбастылық пен бюрократияға салынбай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі берген ұсыныстарды бір ай мерзімде жан-жақты пысықтауды тапсырамын. Соның нәтижесі бойынша нақты шаралар кешені жасалуға тиіс. Негізгі мақсат – жемқорлықтың тамырына балта шабу, оны түбегейлі жою. Бұл жұмысты еш созбалаңға салмай, қарқынды түрде жүргізу қажет", - дей келе Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігі қолға алынған барлық шараларды қатаң бақылауға алып, нәтижесін үнемі хабарлап отыруы керектігін айтты.
Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.