Қоғам • 19 Тамыз, 2020

Сенатор: Бюджет қаражатының тиімді игерілуін қамтамасыз ету аса маңызды

253 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат депутаты Нариман Төреғалиев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысында жүр. Сапар барысында ол өңірде салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс барысына баса назар аударды, - деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатор: Бюджет қаражатының тиімді игерілуін қамтамасыз ету аса маңызды

Сенатор Сырым ауданына арнайы барып, жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының жай-күйімен танысты. Сондай-ақ, мектептердің жаңа оқу жылына дайындық және көшелерді абаттандыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлді.

Сонымен қатар Нариман Төреғалиев аудандық ауруханада болып, медициналық қызметкерлермен кездесті. Жергілікті мамандардың айтуынша, қазіргі таңда аудан бойынша коронавирус індетін жұқтырған науқастардың бәрі дерлік емделіп шыққан. Бүгінде тек 7 азамат ем-дом қабылдап жатыр. Депутат аудандық ауруханада және жергілікті дәріханаларда пандемиямен күрес үшін қажетті дәрі-дәрмектің жеткілікті екенін де өз көзімен көріп шықты.

Одан бөлек, сенатор Жымпиты-Кенашы су құбырының құрылысымен танысты. Бұл нысанның ұзындығы 77 шақырымды құрайды. Жалпы құны – 2,2 миллиард теңге. Нариман Төреғалиев аймақта ауыз су мәселесі өте өзекті екеніне назар аударып, бұл жобаның аудан үшін маңызы зор екенін жеткізді.

Аталған су құбыры «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында республика бюджетінің есебінен салынып жатыр. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталып қалған. Қазірдің өзінде сорғы стансасының ғимараты дайын тұр.

Айта кетейік, Кенашы елдімекенінде үш скважина бар. Аталған су көздері Шағырлыой, Бұлан, Жамбыл, Қособа ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы ретте Сырым ауданында электр желісін тарту жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн.

Ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысып шыққан сенатор жергілікті билік өкілдеріне бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын ұдайы бақылауда ұстау керектігін айтты. Депутат әсіресе, өңір тұрғындары үшін әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу барысында бақылау жұмыстарын күшейту қажеттігін де тілге тиек етті.

 

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.