Кеше Астанада өткен Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының 12-ші министрлер конференциясына Қазақстан Премьер-Министрі Серік Ахметов қатысты.
Кеше Астанада өткен Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының 12-ші министрлер конференциясына Қазақстан Премьер-Министрі Серік Ахметов қатысты.
Жыл сайынғы мұндай министрлер конференциясы Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастығының саясаты мен оның бағдарламасының стратегиялық бағыттарын айқындайды. Ал бағдарлама жалпы инфрақұрылымдар бойынша аймақтық жобаларды қаржыландыруға, аралық қызметті дамытудың негізгі міндеттерін шешуге арналған.
Негізінен Орталық Азияаймақтық экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасы Әзербайжан, Ауғанстан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Пәкстан сияқты 10 мемлекеттің және Азия Даму банкі, Еуропа Қайта құру және даму банкі, Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры, Ислам даму банкі, БҰҰ Даму бағдарламасы сияқты 6 көпжақты институттардың әріптестігі болып табылады. Ал аталмыш бағдарламаға биыл біздің ел төрағалық етіп отыр.
Осындай беделді ұйымның Астанада өткен алқалы жиынына Қазақстан Үкіметінің басшысы С.Ахметов арнайы қатысып, ашылуында сөз сөйледі.
Сөзін форумға қатысушыларға арнаған Үкімет басшысы стратегия мен сауда, сауда-саттық саясаты және энергетика саласындағы түйінді тұстарды шешу жолдарына бағытталған Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасының маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, ол Қазақстанның Орталық Азия өңiрiндегi экономикасы қарқынды түрде дамып келе жатқан елдердiң бiрi екендiгiн атап өттi.
Әлемдік экономикадағы және сыртқы жағдайлардағы қолайсыздыққа қарамастан, биылғы жылы Қазақстан экономикасының айтарлықтай тұрақты өсімі байқалып отырғандығына тоқталған С.Ахметов, ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 5,7 пайызға өскенін тілге тиек етті.
Мемлекеттің халықаралық резервтері 90 млрд. АҚШ долларынан асып түсті. Біз қолайлы инвестициялық жағдайды құру үшін барлық күш-жігерді салып отырмыз, деді Үкімет басшысы.
Осы орайда Премьер-Министр соңғы жеті жылда Қазақстан экономикасына 155 млрд. доллардан астам шетелдік тікелей инвестициялар тартылғандығын айтып өтті. Сонымен қатар, С.Ахметов Қазақстанның Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасына қатысушы ретінде интеграцияның қажеттілігіне көз жеткізгенін, сондықтан тауарлар, қызметтер және жұмыс күштерінің еркін қимылын қамтамасыз ету қағидаларына негізделген Біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыру үрдісіне белсенді түрде қатысатынын атап көрсетті.
Қазақстан Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікке мүше елдермен бірлесіп, басқа елдердегі сауда әріптестерімен ынтымақтастықты кеңейтуге, өзара инвестициялар көлемін ұлғайту және БЭК ортақ рыногында қалыптасқан әлеуетті пайдалануға мүдделі, деді С.Ахметов.
Премьер-Министр сондай-ақ, Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастығы хатшылығы – Азия Даму банкінің Қазақстан экономикасын жаңғыртудағы айрықша рөлін жоғары бағалады.
Азия Даму банкі Қазақстанда жұмысын бастағаннан бері экономикамызға 2 млрд.-тан астам АҚШ доллары көлемінде қаржы құйды. Біздің әріптестігіміздің аясындағы «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» сынды кең ауқымды жобаны айрықша атап өтуге болады. Бұл халықаралық транзиттік дәліз Орталық Азия аймағындағы негізгі жүк тасымалы маршруты болады, деді ол.
Премьер-Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан мен Азия Даму банкі ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілуде. Бір айта кетерлігі, Қазақстан қайтарымсыз техникалық көмек алушыдан бүгінде дамушы елдерге көмек көрсету бойынша Азия Даму банкіне әріптес мәртебесіне көшуді жоспарлап отыр.
С.Ахметов сөзінің қорытындысында Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасы 12-ші министрлер конференциясы Азия Даму банкінің рөлін арттыруға, халықаралық қаржы институттарын нығайтуға және Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастығын дамытуға лайықты үлес қосатынына сенім білдірді.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».