Осы күні өз нағашы атам туралы ақпараттарды іздестіріп жүріп, ол кісі туралы деректерге қаныға түстім. Бұл мәліметтер маған атамды мақтан еткізеді. Алғашқыда атам туралы материалдарды қопарып отырып, оның өз қолымен маржандай тізілген әріптермен жазған сауалдамасына кездестім. Оны көз жасымды тоқтата алмай, бір деммен оқып шыққандағы сезімімді айтып жеткізу мүмкін де емес шығар. Маған осының бәрі ауыр тисе де, кінәсіз атам жайлы мағлұматтарды іздестіруді перзенттік парызым деп білемін.
Иә, әр адам өзінің мүмкіндіктері мен болашағын болжауы үшін тарихын, ата-бабаларының жүріп өткен жолын білуі шарт деседі. Жалпы, тарихи сана пенденің ғана емес, елдің болашағы үшін де маңызды. Анашымның отбасының басынан өткен тарихын, әр күнін қалай бағалаймын дегенде ақын Қадыр Мырза-Әлінің мына бір өлең шумағы ойға орала кетеді: «Маған бүгін керек емес ертегі, Ертегіні балам өзі шертеді. Тарих керек – іргетасы қазақтың, Іргетассыз қаланбайды ертеңі». Сондықтан да болашақты болжау үшін өткен күніміз бен тарихымызға үңілудің еш артықтығы жоқ екені сөзсіз.
Сонымен түсініктірек болу үшін бәрін ретімен баяндап шыққаным жөн шығар. Менің атам – Джусуп Айсин, 1896 жылы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы (кезінде Ленин ауданы болған), Қарағаш ауылында дүниеге келген. Мамандығы – мұғалім. Петропавл қаласы, Степан көшесі, 77-үйде тұрған. 1938 жылы 28 сәуірде тұтқындалған. 4 қазан күні сол кезде 58-1а, 58-2а, т.б. бірнеше бап бойынша айыпталған. 1990 жылы 19 қаңтарда ақталған. Міне, мен «КСРО-дағы саяси қуғын-сүргін құрбандары» деректер базасында тапқан барлық деректерім осы болатын.
Содан кейін қазіргі заманғы ғаламтор Орталық Азияның жаңалықтарында жарық көрген атам туралы өте маңызды мәліметтерді табуға мүмкіндік берді.
Джусуп Айсин ауылдың екі жылдық мектебін, Мағжан Жұмабаев білім алған төрт жылдық татар «Ғалия» мектеп-медресесін аяқтаған. Одан кейін өз білімін алты айлық мұғалімдер курсында, саяси сауат мектебінде жалғастырған (1918, 1919, 1924 ж.ж.). 1925 жылдан ВКП (б) мүшесі. Жаңалықтарда жарияланған қызметтік тізім ерекше назар аударуға тұрарлық: 16 жасынан жалдамалы мұғалім қызметін бастаған, одан кейін ауылдың бастауыш мектебінде мұғалім, уездік ревкомның қазақша секциясының инструкторы, болыстық ревком, болыстық атқару комитетінің төрағасы (1921-1923 ж.ж.), 1923 жылдан 1926 жылға дейін қазақша коммуно-мектебінде бөлім меңгерушісі болған. Бұл ақпарат сол уақыт кезеңінен берілген. Өкінішке қарай, одан кейінгі қосымша ақпараттарды тек іс материалынан ғана білдім: Қызылту аудандық КП (б)-ның екінші хатшысы, ал тұтқынға алған кезде оқытушы болған екен.
«Қысқа өмірін Отанға қызмет етуге арнаған білімді атамның осындай күйге душар болуына қандай жағдайлар себеп болды екен?» деген сұрақ туындайды. Бұған енді бір ғана жауап бар – ол иман жолын ұстанған молда және де 1917 жылы бірнеше қара малы, қой, ешкісі, жылқылары бар байдың баласы болғаны.
Сол кездегі Кеңес өкіметінің саясаты, талабы көзі ашық адамға халқына пайда әкелуіне және өмір сүруіне мүмкіндік берсін бе?! Жоқ, әрине. Атамның жапон тыңшысы, тыңшылық-повстансалық ұйымның белсенді мүшесі сияқты тағылған айыптары алты парақта толық сипатталған. Сол уақытта іс жүзінде барлық іс осылайша жалған ойластырылған ғой.
Сол жылдары террордың аса қатыгез болғаны сонша «күдіктіге» үкім шығару үшін КСРО Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) үштігінің шешімі жеткілікті еді. Менің атамды 1938 жылғы 28 сәуір күні тұтқындаған және сол жылдың 4 қазанына дейін Петропавл түрмесінде ұстап, Солтүстік Қазақстан НКВД үштігінің шешімімен ешқандай тергеусіз және сотсыз үкім шығарған. Атамның сол кезде қандай қиын жағдайларды басынан кешіргенін, қалай қорланғанын елестету сондай қиын, тіпті мүмкін емес. Шешім қабылданғаннан кейін екінші күні ол атылған. Артында жан жары және жетім болып балалары қалды. Ал олардың тағдырлары қалай болды?
Мұндай ауыр жағдайды көтере алмай сол жылы атамның жары, менің әжем Күләш Айсина қайтыс болады. Үш бала жетім қалады. Әжем сол кезде 34 жаста, қызы Ірік 14 жаста, ұлы Серік 11 жаста, ал менің анам Мәрия небәрі 1 жаста болыпты. Туған-туысқандарының босағасын паналаған балалар жетімдіктің зардабын көп көрген.
Менің тәтем Ірік өзінің туғандарына қажет болмай, үкімет қолына қалай түскені жайында есіне алып отырушы еді. Халық жауының қызы ретінде лагерьге жіберіліп, жолы болып, осы лагерьдегі жүрегінде мейірімі бар қызметкердің арқасында балалар үйіне ауыстырылған. Соғыс жылдары балаларды жергілікті тұрғындарға таратқанда, тәтем Ірік тамаша бір қарт кісілердің қолына түседі, бірақ көп ұзамай олардан да көз жазып қалады. Содан ол көп ойланбастан тауар таситын пойызбен Алматыға келеді. Көшеде аш-жалаңаш, ап-арық, көзі үрейге толы, орташа бойлы, ешбір құжатсыз жылап тұрған қызды көрген бір орыс әйелі баланың қайғысына ортақтаспай өте алмаған. Ол қызды үйіне алып келіп, басынан кешкен жан түршігерлік оқиғасын тыңдап болып, оған ешқашан, еш жерде өзінің ата-тегі жайында аузына да алмау керек деп кеңес берген екен. Содан тәтем Ирина деген орыс қызының есімін алады, ФЗУ-ға оқуға түседі.
Кейін әлгі орыс әйел ауырып қалғанда оны қазақ отбасына береді. Сөйтіп оған Дәкен деген есім беріледі. Кейінірек тұрмыс құрып, төрт баланы тәрбиелейді.
Ал Серіктің тағдыры өзінше бір трагедия: ол ат теуіп бала күнінде өмірден озған. Менің анам Мәрия, Мәрияш болып аталып кеткен. Мейірімділік көрмей, ешкімнің жылы алақанын сезінбей түрлі отбасында өскен. Әркімнің босағасын паналай жүре құл ретінде қара жұмысқа жегілген. Жасөспірім шағында колхозда жұмыс істеген. Үстінде жыртық-жыртық киім, қолының саусақтарын үсік шалған ол әр уақытта аш жүрген. Анамның осындай ауыр жағдайдағы өмірі атамның қолында тәрбие алған, сол кезде аяғына жаңа тұрған немере інісі Хамза Ахметжанов өз тәрбиесіне алғанға дейін жалғасып келген.
Анамның тағдырлары жайындағы көзіне жас ала айтқан әңгімелері менің есімде сақталып қалды. «Жетімдіктің азабын тарту дегеннің не екенін сендер түсінбейсіңдер» деген сөзі есімде. 17 жасында оны бір тамаша адамға, менің әкеме тұрмысқа береді. Анам мен білгелі аурушаң болды. Оның қиын тағдыры денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймады, 64 жасында дүниеден өтіп кетті.
Анам әкесінің жалғыз суретін сақтап жүретін. Әкесі мен өзінің туғаны, жалғыз әпкесінің тағдырлары жайында титтей болса да бір нәрсені білу оның өмір бойғы арманы болды. Сол арманының бірі орындалды: отыз жылды артқа тастап, апалы-сіңлілер бір-бірімен табысты және бұл кездейсоқ емес еді. Менің Ірік тәтем де бір кездері өзі сияқты қапаланып тұрған баланың жанынан өтіп кете алмаған. Сонау алыс Алматыға жолы түсіп келген бала сұрай келе оның жерлесі болып шығады. Содан ол ең бірінші ағатайы Хамзаны, ал содан соң сіңлісін табады. Көзге көрінбейтін арадағы жіптің үзіліп барып, бір-бірімен қайта жалғасқан кездегі сезімді, тек мұндай жағдайды басынан кешкен, туған адамдарының махаббатынан айырылып, жалғыз өскен жандар ғана түсінуі мүмкін. Туған екі апалы-сіңлінің және ағасының осындай бақытты кезеңді басынан кешіргенін, жақын туыстықтың бақытын көргенім үшін мен де бақыттымын! Сол кезде менің атамның аруағы да о дүниеде солармен бірге қуанған болар!
Айтпақшы, атамның тәрбиесін көрген Хамза ағатайымыз да оның жолын жалғастырды. Өмірлік жолында, мұғалім қызметінде жүргенде кездескен қиын кезеңдерде сандықтағы атамның кітаптары көп септігін тигізгенін ризашылықпен естелік қып айтып отыратын. Атам кітаптарын қайда тығып кеткенін оған айтып үлгерген екен. Міне, ағатайымыз сол кітаптарды бір-бірлеп сатып, оқу оқыған және тамағын асыраған. Ол өмір жолының соңына дейін атаммен мақтанып өтті және де маған атам туралы қандай да бір ақпаратты табуымды аманат етіп кетіп еді.
Сталин дәуіріндегі ауыр саяси жағдай менің атамды және де басқа да көптеген адамның (нақты саны осы күнге дейін әлі белгісіз) өмірін ғана алып қоймай, оларды адами қалыпта жерлеу мүмкіндіктерінен де айырды. Олар әрқашан біздің жүрегімізде. Петропавл қаласында ата-бабаларымыздың рухына, яғни саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш қойылған. Атамның есімі сол тақтаға жазылады деген жақсы хабар алдым. Енді басына барып тағзым ету мүмкіндігіміз бар. Қолдан келері осы.
Бақыт НҰРЫШЕВА