Экология • 21 Тамыз, 2020

Жұтар ауа жұпар болмай тұр

5142 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әркім де жұтар ауаның жұпар болғанын қалайды. Әсіресе мұнай мен газ секілді табиғи байлық молынан өндірілетін Атырау секілді қазыналы өңір ауасының жай-күйі биік-биік мінберден айтылғалы қашан? Тіпті мұны Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі де бақылауда ұстап отыр. Енді аталған министрліктің ұсынысына сәйкес атмосфералық ауаның жай-күйі туралы ақпаратты тарату бастамасына Атырау қаласы да қосылып отыр.

Жұтар ауа жұпар болмай тұр

azh.kz

 

– Биылғы 12 тамыздан бері қаладағы LED-экрандарда «Қаз­гид­ромет» РМК Атырау облыс­тық филиалының ба­қылау желі­сінен атмосфералық ауа­ның жай-күйі көрсетіле бастады. Мәселен, Қ.Сәтбаев көшесіндегі төрт LED-экрандағы ақпарат сағат сайын жаңартылады. Ауа сапасының негізгі көрсеткіштері, яғни РМ 10, PM 2,5 қалқыма бөл­шектері, кү­кірт пен азот диок­сиді, азот пен көмір­тегі ок­си­ді, кү­кіртсутегі туралы деректер қамты­лады, – деді Аты­рау қа­лалық әкімді­гінің бас­пасөз хатшысы Назымгүл Қай­саға­лиева.

Ал «Қазгидромет» РМК Аты­­рау облыстық филиалы дирек­торының орынбасары Жол­дасқали Теагисовтің мәліме­тінше, мұндай LED-экрандар­ды темір жол вокзалы маңындағы шағын аудандарға, әуежай ау­мағына, Д.Нұр­пейісова атындағы көшеге орнату жос­парланып отыр. Негізгі мақсат – эко­логия­лық мониторинг бойынша атқа­ры­лып жатқан жұмыстарды ха­лыққа көрсету.

Өткен айда Экология, геоло­гия жә­не табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Эколо­гиялық реттеу және ба­қылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов Атыраудағы ауаны лас­тайтын екі кәсіпорынды атаған еді. Соның бірі – «Су арнасы» компаниясының тазартылмаған суларды ағызуы, екін­шісі – Атырау мұнай өңдеу зауыты­ның қал­дықтары. Осыған байланысты жа­қында өңірдегі мұнай өңдеу зауыты қоршаған ортаны ластауы мүм­кін шығарындылардың үш сатылы бақылаудан өтетіні туралы ақпарат таратты.

Бірінші саты – мемлекеттік бақылау. «АМӨЗ» ЖШС-нің шығарындылары Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті зауытқа беретін қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатына сәйкес қатаң белгіленген пропорцияда жүргізіледі. Ал кәсіпорын экологиялық әсерді барынша азайтуға, ластаушы заттардың жалпы шығарындыларының белгіленген шекті көлеміне жеткізбеуге тырысады.

Екінші саты – меншікті мониторинг. Мұнай өңдеу зауытының елді мекен­дермен немесе қорғаныс аймақ­та­рымен көршілес нүктелерінде орна­ласқан атмосфералық ауаның сапасын бақылайтын төрт автоматты станса жұ­мыс істейді. Мұндай автоматты стансалар тәулік бойы бақылау жүргізеді. Ал деректер күн сайын «Қазгидромет» РМК желісіне түседі.

Үшінші саты – өндірістік экология­лық бақылау. Өндірістік экологиялық бақылау шеңберінде зауыттың өнеркә­сіптік алаңында, санитарлық қорғау аймақтарының шекарасында, қатты өнеркәсіптік қалдықтар полигонында, Атырау қаласының сол жақ жағалау бөлігінің булану алаңдарында азот диок­сиді, күкірт диоксиді, күкіртсутегі, күйе және басқа да ластаушы заттардың болуына атмосфералық ауаның мо­ни­торингі жүргізіледі. Өндірістік эко­логиялық ба­қы­лау деректері тоқсан сайын есеп түрінде Атырау облыстық Экология департаментіне жіберіледі. Сөйтіп, қор­шаған ортаны қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесінің порталына жүк­теледі.

Міне, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ауаны ластайды деген күдік келтірген Атырау мұнай өң­деу зауыты осындай мәліметтерді алға тосып отыр. Дегенмен министр Мағ­зұм Мырзағалиевтың мәлімдеуінше, Атырау қаласының тұрғындары қаланың экологиялық проблемаларын шешу жос­парын жасауға қатысады. Табиғатқа жанашырлық танытуға үндейтін министр өңірдегі эко-белсенділермен, әкімдермен, сондай-ақ қала аумағында орналасқан ірі кәсіпорындардың басшыларымен онлайн-кездесу өткізді. Онда негізгі проблемалық мәселелерді шешу жолдарын пысықталды.

– Соңғы бірнеше жылда Аты­рау ауаның ластануы бойынша көшбас­шылардың қатарында келеді. Биыл 100-ге жуық зиянды заттардың рұқсат етілген концентрациясынан асып кеткен жағдайы тіркелді. Тұрғындардың әлеу­меттік желіде өңірдің қынжы­ларлық экологиялық жағдайына ша­ғымдануы түсінікті. Сол себептен, «АМӨЗ» басшылығынан за­уыт­тың шығарындылары туралы мә­лімет­терді жариялау жұмысын тезде­ту­ді сұрадым. Бұл ақпарат халыққа ашық бо­луы керек. Сондай-ақ қала басшы­лығының назарын ауаның жай-күйін LED-экрандарға шығару қажеттігіне аудардым, – дейді М.Мырзағалиев.

Оның пікірінше, кездесуден кейін қоғам белсенділерімен Атыраудағы эколо­гиялық проблемаларды шешудің жос­парын, осыған орай жол картасын жасауға уағдаласыпты. Таяу уақытта жол картасы қабылданып, әкімдік оны жү­зеге асыруды бастамақ екен. Осылай­ша министрлік жұртшылықпен бірге өңірдегі экологиялық проблемаларды, соның ішінде ауаның ластану мәселесін біртіндеп шешуге кіріскелі отыр.

 

Атырау облысы