Аймақтар • 21 Тамыз, 2020

Түркістан өңірі түрленіп келеді

852 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Мемлекет басшысы сапар барысында бірқатар маңызды нысандарды аралады.

Түркістан өңірі түрленіп келеді

Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды

 

 

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Қазақстан Президентінің Түркістан облысына сапары Сардоба суқойма­сын­дағы апаттан зардап шеккен тұрғын­дар үшін Мырзакент ауылында салынып жатқан жаңа шағын ауданның құ­рылысымен танысудан басталды.

Апат салдарынан 4 мыңға жуық адам зардап шегіп, 500-ден астам баспа­на толығымен бұзылып, қайта салын­ды. Же­ңіс, Жаңатұрмыс, Достық елді мекен­дерінің тұрғындары үшін Мыр­за­кент ауылында жаңа шағын аудан бой көтерді, әрбір отбасы мү­шесіне 100 мың теңгеден берілді. Өргебас, Фир­дауси ауыл­дарын қайта қалпына кел­тіру жұ­мыстарының қарқыны жақсы. Ай­та кетерлігі, аталған ауыл­дар­­дағы апат­тан баспаналары бүлі­­ніп-қираған тұр­ғын­дарға 17 мил­лион теңгеден беріліп жатыр.

Құрылыс барысымен таныс­қан Қасым-Жомарт Тоқаев тұр­ғын­дармен кездесті. Президент су тасқыны кезінде мем­лекет шұ­­­­­ғыл шешім қабылдап, ау­дан­­­­ды қал­пына келтіру үшін қазы­­­на­дан қар­жы бөлінгенін, осын­­­дай сын сәтте бүкіл халқы­мыз­­­дың ұйым­шылдық таныт­қанын атап өтті.

– Жаңа шағын аудан салынып жатыр. Зардап шеккен бірде-бір адам далада қалған жоқ. Әрбір тұрғынның жағдайын ескердік. Жаңа баспанаға көшем деген адам­дар осында қоныс аударады. Көп ұзамай барлығы өз үйлеріне оралады. Ауқым­ды жұ­мыс атқарылып жатыр. «Жұ­мыла көтерген жүк жеңіл» деген. Кәсіп­­керлер, құрылысшылар, дәрігерлер, қарапайым азаматтар, көптеген еріктілер белсенді жұмыс істеді. Барлығына шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті аудан­дағы ахуал­­ды тікелей өзі қада­ғалап отыр­ғанын жеткізді. Сапар барысында Эколо­гия, гео­логия және табиғи ресурс­тар ми­нис­трі Мағзұм Мырзағалиев Өз­бек­­стан Рес­пуб­ликасымен бірле­сіп су тасқынының салдарын жою, алдағы уақытта мұндай апат­ты болдырмауға қатысты қабыл­данып жатқан шаралар жайында баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысты нәти­желі жалғастыра беру керек деп тапсырды.

 

Арыс толықтай жаңарды

Мемлекет басшысы былтыр жа­рылыс болған Арыс қала­­сын­дағы №44859 әскери бөлі­міне барып, оның бүгінгі жағдайы­мен таныс­ты. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өткен жылғы жарылыстан кейін қой­ма­дағы оқ-дәрілерді кәде­ге жарату және оларды тасымалдау жұмыс­­тары жайында баяндады. Соны­мен қатар әскери бөлімнің техникалық айма­ғындағы оқ-дәрілердің қал­дығын тазалау, жарылғыш заттарды залалсыздандыру, бұзылған ғимараттарды қайта қалпына келтіру туралы айтты. Бұдан бөлек Қазақ­стан Прези­дентіне әскери құрал-жаб­дықтар мен арнайы техникалар таныс­тырылды.

Мемлекет басшысы бұл поли­гонның, атал­ған әскери бөлімнің ұлттық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Қорғаныс министрі жаңа маған оқ-дәрілердің қауіпсіз қой­маларда сақталып жатқанын және адамдарға қауіп тудырмайты­нын баяндады. Дегенмен біз ендігі жерде мұндай жары­лыс­тың болуына ешқашан жол бер­меуі­міз керек. Бұл мәселе өте ма­ңызды және менің тіке­лей бақы­лау­ымда болады, – деді Пре­зи­дент.

Қасым-Жомарт Тоқаев оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету мақса­тында Үкіметке қазіргі заманға сай қоймалар салу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Олардың елді мекендерден алыс жерлерде салынуын, жарамсыз оқ-дәрілерді уақтылы жою қажеттігін де ескертті.

– Әскери-көлік авиациясын, ра­диациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс күш­тері мен құралдарын, инже­нер­лік әскерлерді, әскери медици­наны дамыту Қорғаныс министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі болуы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Былтырғы жарылыстан кейін Арыс қаласы толықтай қайта жаңарды. Әскери қызметшілер 450 мыңнан астам оқ-дәрі мен жарылғыш затты залалсыздандырды. Қоймадағы оқ-дәрілерді көшіруге да­йындықтың негізгі жұмыстары аяқталды.

Арыс қаласында болған жарылыстан бүлінген нысандардың бірі темір жол бекетінің ғимараты бола­тын. Президент Түркістан облысы­на са­пары барысында «Арыс-1» темір­ жол вок­залының қазіргі ахуалымен, Арыс қа­ласын қайта қалпына келтіру жұ­мыс­­тарымен танысып, тұрғындармен кездесті.

– Шын мәнінде, орасан зор жұмыс атқарылды. Нәтижесі – жаман емес. Мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінді. Арыс қаласын қайта қалпына келтіруге еліміздің барлық аймағы атсалысты. Бұзылған ғимараттар жөнделді, жаңа үйлер салынды. Соның ішінде осы темір жол вокзалы да бар. Ғасырлық тарихы бар бұл ғимараттың қала тұрғындары үшін маңызды екені түсінікті, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жарылыс кезінде барша қазақстандықтар Арыс­тағы ағайынның жағдайына алаңда­ғанын, еріктілердің көмекке келгенін, ұйым­шылдықтың ар­қа­сында осындай ауқымды жұмыс ат­қарылғанын, бұл халқымыздың татулығының көрінісі екенін айтты.

– Баршаңыз көріп отырсыздар, қазіргі пандемия ахуалы ешкімге оңай тиіп жатқан жоқ. Көптеген ел зардап шекті. Сондықтан біз де қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр болдық. Қазір жағдай біртіндеп тұрақталып келе жатыр. Бұл – ең алдымен, дәрігерлердің еңбегі, шұғыл шаралардың нәти­жесі. Дегенмен, әлі де сақтық шара­ларын ұстануымыз керек. Босаң­суға болмайды. Біз Арысты қалай бірігіп қалпына келтірсек, бұл дертті де солай бірлесіп жеңе­міз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тұрғындар жарылыс болған күні шұғыл түрде түнделетіп ұшып келіп, халық­пен кездесіп, жағ­дайды үнемі бақы­лауда ұста­ған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыстарын айтты. Жер­гілікті халық Арыс қаласы толық­тай қайта жаңарғанын, бұл дер кезінде қабылданған шешім­нің нәтижесі екенін, осындай сындарлы сәтте мемлекеттің қамқорлығын сезінгендерін айтып, ризашылықтарын білдірді.

 

Киелі кесене аумағы көріктенді

Мемлекет басшысы Түркістан­­дағы Қожа Ахмет Ясауи кесе­несін аралау бары­сында күм­без­дің тарихи келбетін сақ­тай оты­рып жүргізілген жаңарту жұ­мыс­­тарының нәтижелерімен таныс­ты. Атап айтқанда, кесе­не­нің желдеткіш қабаттары рет­теліп, күмбез етегіндегі сегіз қырлы қосындыға гидрооқшаулау жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің аумағындағы тарихи орындар қайта қалпына келтіріліп, кесене алдына туристер демалатын қалың бау-бақшалы алаңқай салынған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­қа атқарылған жұмыс­тар­дың барлығы ЮНЕСКО-мен келісе отырып жүргі­зілгені жөнінде баяндалды.

Мемлекет басшысы Түр­кістан қала­­сындағы «Сапар ор­та­лығының» жұмы­сымен танысты.

«Сапар орталығы» биыл іске қо­сыл­­ған өңірдегі маңызы зор нысан. Президентке туристік нысандар­ды бірыңғай электронды билетпен қамту жүйесі, турис­терге ұсынылатын маркетингтік ақпарат және аудиогид материалдары жөнінде баяндалды.

Жалпы көлемі 2092 шаршы метр аумақты алып жатқан орталықта 54 адам жұмыс істейді. Олар Түркістанға келген туристерге бағыт-бағдар беріп, қажетті материалдармен қамтып, заманауи талап­тарға сай қызмет көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қа­­зақ хан­­ды­ғы» атты залда ор­наласқан экспо­зи­­ция­лар­ды, қол­­дан жасалған көне кілем­дер­­­дің көрмесін аралап көрді.

Қазақстан Президенті Түр­кіс­тан қала­сының әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныс­ты.

Мемлекет басшысы Алматы, Ақ­мола және Қарағанды облыс­тарының қолдауымен салынған, жалпы аумағы 32 гектар жерді қамтитын «Жібек жолы» саяба­ғына барды. Онда қалада іске асып жатқан жобалармен таныс­ты.

Шара барысында Қазақстан Пре­зи­дентіне Түркістан халық­аралық әуе­жайының құрылысы жай­ында ақпарат берілді. Әуе­жай құрылысы жыл соңына де­­йін аяқталып, пайдалануға бе­рі­­леді.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Қасқасу» тау шаңғысы кешенін дамытуға және өңір­дегі су ресурстарына қатысты жобалар туралы мәлімет берді.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығын дамыту, Түркістан қала­сын­дағы мәдени-рухани жобалардың жүзеге асырылуы, шаһарға тартылған инвестиция көлемі жөнінде баяндады. Сондай-ақ Президентке өңірдегі COVID-19 инфекциясына қатысты жағдай және оған қарсы қабылданған шаралар, облыстық ахуалдық орталықтың жұмысы жайында есеп берді.

Сапар соңында Мемлекет басшысы Түркістан облысының әкімшілік-іскерлік орталығында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

 

1

1

1