Спорт • 22 Тамыз, 2020

«Севилья» - Еуропа лигасының алты дүркін жеңімпазы!

293 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Севилья» мен «Интер» арасындағы Еуропа лигасының финалы 3:2 есебімен аяқталды.

«Севилья» - Еуропа лигасының алты дүркін жеңімпазы!

Ойын бастала сала «Интер» сұрмергені Ромелу Лукаку оң қапталдан шабуыл жасап көргісі келген. Оның жолына қарсы тұрған Диего Карлос бельгиялықтың жылдамдығына ілесе алмай, ақыры айып алаңының ішінде шалып жықты. Өзі алып келген пенальтиді Лукаку (5-минут) сәтті орындап, есеп ашты.

Үзіліске қарай «Севилья» Люк де Йонгтың дублінің арқасында алға шықты. Голландиялық шабуылшы 12-ші және 33-ші минутта гол соқты. Екеуінде де баспен. Бірінші голын ол команда капитаны Хесус Навастың оң қапталдан әуеле берген пасын голға айдырса, екіншісінде аргентиналық Эвер Банегидің асырған добын қақпаның оң жақ тоғыздыға баспен дәл көздеді.

Де Йонгтың екінші голынан үш минут өткен соң, «Интер» қорғаушысы Диего Годин тепе-теңдікті қалпына келтірді. Уругвайлық та айып добынан кейін гол соқты. Ал оған допты әдем жеткізген хорват Марцелло Брозович еді.

Ал екінші таймда «Севильяның» жеңісті голын соғуға «Интер» шабуылшысы Лукаку «көмектесті». 74-ші минутта Банеганың оң қапталған әуелете асырған добына Диего Карлос бірінші болып жеткен еді. Ол шалқалай тепкен доп қорғаушыларға көмекке келген Лукакудің аяғына тиіп кетті де, өз қақпасына гол соғып алды. Дәл осы соғылған гол «Севильяға» жеңіс алып келді.

Сонымен «Севилья» Еуропа лигасын алтыншы рет жеңіп алды. Бұған дейін испан клубы Еуропа лигасы кубогын 2006, 2007, 2014, 2015 және 2016 жылдары жеңген еді. Сондай-ақ аталған ұжым финалда жеңіліс тапқан жоқ. Андалусиялықтардың бас жаттықтырушысы Хулен Лопетеги бұрын клуб деңгейінде ешқандай кубокты жеңіп алмапты.

Еуропа Лигасы

Финал

«Севилья» (Испания) – «Интер» (Милан, Италия) – 3:2 (2:2)

Голдар: Лукаку, 5 (пенальтиден) – 0:1; Де Йонг, 12 – 1:1; Де Йонг, 33 – 2:1; Годин, 35 – 2:2; Диего Лукаку (өз қақпасына), 74 – 3:2.

Допты иелік ету – 47% – 53%; соққы – 14:9; дәл соққы – 5:4; бұрыштама – 1:2; офсайд – 0:2; сары қағаз – 2:4; ойыншы алмастыру – 4:4.

«Севилья»: Буну, Хесус Навас, Кунде, Диего Карлос (Гудель, 86), Регилон, Джордан, Фернандо, Банега, Окампос (Мунир, 71), Де Йонг (Эн-Несери, 85), Сусо (Франко Васкес, 78).

«Интер»: Ханданович, Годин (Кандрева, 90), Де Врей, Бастони, Д ' Амброзио (Алексис Санчес, 78), Барелла, Брозович, Гальардини (Эриксен, 78), Янг, Лукаку, Лаутаро Мартинес (Мозес, 78).

Ескерту: Диего Карлос, 4, Банега, 45-Барелла, 41, Бастони, 55, Гальардини, 73.

Бас Төреші: Маккели (Нидерланд).

Кельн. "Рейн Энерги". Германия