13 Сәуір, 2010

ҚЫЛЫШЫМНЫҢ МАЙЫН БЕР!

897 рет
көрсетілді
42 мин
оқу үшін
Сал-серілер жайлы бір үзік сыр – Таласбек, бүгінгі ұрпақ сал-сері дегеніміз, ел кезіп, ән айтып, жұрт үстінен күн көрген әулекі топ деп түсінетін сияқты. “Біржан сал” фильмінің сценарийін жазу барысында сал-серілер өмірін, мұндай адамдардың ел арасынан суырылып шығу негізін әбден зерттеген боларсыз. Ендеше, сіз бұл тұрғыда не айтар едіңіз? – Бұл сұрағыңыз баяғыдан көкейде жүрген бір ойды қозғап кетті. Олай дейтінім, салдар мен серілер туралы жазу, оң мен солды тани бастаған бозбала кезімнен көкейімде жүретін. Содан бері талай жыл өтті, мәдениет пен өнердің тарихына, қыр-сырына қанығу үстінде көптеген жұмбақ жайттардың мән-мағынасы ашылып, мүлдем басқа қырынан көрінді. Әлемдік ғылымда қордаланған мәліметтер кешенін зерделеген сайын, бұл көне әскери әулеттің тұлғасы зорая берді. Бұл жерде сал-серілер әулетінің тарихына аздап тоқталып өтуге тура келеді. Дәстүршілдіктің (традицио­нализм) негізін салған кейбір ғалымдардың айтысына қарағанда (Рене Генон, Герман Вирт, Мирча Элиаде және т.б.), бұрынғы-соңғы тарихта ізі қалған барлық дерлік жұрттардың әскери ісінің негізін қалаған әулет (бізше “сал-серілер”, Еуропа халықтарының тілдерінде “рыцарьлар”) бір кездері жойылып кеткен жаһандық патшалықтың әлеуметтік құрылымынан тамыр тартады екен. Әрине, әскери әулеттер, барған жеріне сіңіп, ассимиляцияға ұшырап, байырғыл­а­нып кетіп отырған. Алайда қалай байырғы­ланса да жер шарының екі шетінде тұратын, бірімен бірі ешқашан ұшырасып көрмеген халықтардың әскери аристократияларының әдет-салттары бір-біріне ұқсас болып келуі осыдан, олардың осы ортақ тегінен болса керек. Батыс Еуропада рыцарьлықтың та­ри­хы Тамплиер орденінің күйреуімен аяқтал­ды. Ал Шығыс Еуропадағы серілердің тарихы ХІХ ғасырға жетіп жығылады. Белгілі мәскеулік дәстүршіл ғалым Роман Багдасаровтың пікірінше, бірде Запорожье казактары, бірде черкастар деп аталатын украин әскер жасақтары Польшаның, Ос­ман империясының және Қырым хан­ды­ғы­ның соққысына шыдамай, тоз-тоз болған әл­дебір рыцарьлық орденнің қалдықтары. Сондай-ақ Украинада кейіннен пайда бол­ған гайдуктер мен гайдамактар, Польша­да­ғы полковниктер (мысалға Генрик Сен­ке­вичтің “Топан суы” атты романындағы пол­ков­ник Кмициц және оның достары), Болгария түріктің телімінен кетіп, Ресейге бағынғаннан кейін орыстың отарлық саяса­тына қарсы бас көтерген қыржалылар, неше мың жыл бойы жапон жұртына, жапон рухына сақтау болған, ақырында несібесі таусылған күні елдің тағдырын басқа әулетке табыстап, өздері тарих сахнасынан кеткен самурайлар, міне, осылардың барлығы баяғы бір тектен тараған ұлы әскери әулеттің түрлі тарихи тағдырды бастан кешкен, түрлі кепке енген жұрнақтары. Ал қазақ жұртындағы серілердің тұлғасы, алатын орны сәл басқашалау болған. Көш­пелі тайпалардың барлығы дерлік жауынгер әулеттен тарайтын болғандықтан, қазақ әлеуметі, қазақ халқы тұтастай әскери халық болып саналады. Шыңғыс ханнан бұрынғы және одан кейінгі жаугершіліктің тарихын зерттеген ғалымдар көшпенділерге қатысты “әскер-халық” (“народ-войско”), “мәңгі ел” (“вечный народ” немесе “вечный народ - войско”) деген терминдерді пайдаланады. Белгілі ғалым Серікбол Қондыбай қазақтың Алтын Ордадан кейінгі тарихында кәсіби әскери адамдар құрған “Үш қиян” деген орденнің болғандығын айтады. Енді қазақтың сал-серілерінің кім екендігін қысқаша ғана түсіндіріп кетейік. Орта Азия сопыларының басты пірі – Қожа Ахмет Ясауи. Осы Қожа Ахметтің көп шәкірттерінің бірі және ең қабілеттісі – Бекташ есімді сопы болған. Қазақтың сал-серілерінің пірі – осы Бекташ. (Осман империясының тарихында Қожа Ахмет пен Азиядан шыққан сопылардың есімі ерекше құрметпен аталады. Қазіргі Ыстамбұл, бұ­рынғы Византияның астанасы Константи­нопольді жаулаған әскердің алдыңғы легі тұтастай Қожа Ахмет Ясауидің жаужүрек шәкірттері болған деседі). Қазақтың сал-серілері соғысқа жеке шерік болып және сауытсыз, жанболатсыз шығатын болған. Әрине, кәсіби әскери адамның қан майданға бұлай қамсыз шығуы күмәнді сауалдарға жетелеуі мүмкін. Бұндай сауалдарға жауап сал-серілердің, пидагер, құрбаншыл әскер екен­дігінде жатыр. Қарапайым тілмен айта­тын болсақ, сал-серілер – өз еркімен тұтас­тай өлімге кесілген әскер. Бүкіл тарихы ат үс­тінде, қанкешу – соғыс үстінде өткен ел­дің қатыгез әскери заңы. Оқырман, бұндай қатыгездік не үшін керек деуі мүмкін. Тұтас бір шерік әскердің жауға сауытсыз шабуы – қалған әскер үшін, ат жалын тартып мініп, алғаш рет қан майданға шыққан көкорай жас ұрпақ үшін ерліктің теңдесі жоқ үлгісі, үлкен рухани және психоло­гиялық көмек деп жауап береміз бұндай сауалға. Қол бастап тұрған кәрі батырлар: “Әне, сал-серілер жауға сауыт кимей шапқанда, сауыт киіп, темір құрсанған сен неден қорқасың?” деп қаннан шошынып тұрған жас ұландардың көңілін демдейді екен. Әрине, көп жағдайда сал-серілердің шерігі тұтастай қырылатын болған. Ал осы аяулы әскердің кездейсоқ тірі қалғандары болса, бейбіт кезде олар елдің еркесі санал­ған. Қазақта “аттың майы” немесе “аттың тері” деген ұғым бар. Біреудің атын мінуге алған адам, атты иесіне қайтарғанда “аттың майын” береді екен. Қазақта “аттың майы – бір тоқты”, немесе “аттың майы – бір қо­зы” деген ұғым да бар. “Қылыштың майы” да сол көне күндерден жеткен қа­сиет­ті ұғым. Ұрыстан әлдеқалай аман шық­қан сері ел шетіне, алғашқы кездескен ауыл­дың сыртына келіп жығылады. Ауылдың адамдары аңырап жылап кеп үстіне түскенде, сері: “Қылышымның майын бер”, – дейді. Бұл, серінің: “Қылышымды қапы­сыз шауып, жаудың да қанын, өзімнің де қанымды аямай төктім, енді сол қылы­шымның өтеуін бер” деген назы екен. Бүкіл аймақ жиналып серіні кілемге салып немесе жатқан жерінде үстіне отау тігіп, басына көтеріп ардақтайтын болған. Қан жұтып жауды жеңіп келген серінің тілегін беріп, оған ләззат сыйлау қандай ұрғашы үшін болса да үлкен абырой көрінеді. Қазақтың кәсіби ән өнерін және аспаптық музыкасы – күй өнерін тудырған осы сал-серілер. Үнемі ажалдың өтінде жүретін адам – ерекше экзистенциалдық тәжірибе иесі. Ажал менен махаббат – амбивалентті құбылыстар. Сондықтан жорыққа аттанып бара жатқан сал-серілер болашақ қанды ұрысты емес, қарындастың назы менен қылығын жырлаған. Міне, көне күндерден жеткен жәдігер осылай баян етеді. Қазақ ордасы ұлы империяның теліміне түскеннен кейінгі жерде сал-серілер бұрынғы мәртебесінен айырылып, басқа сапаға өтті. Қару-жарақ асынып жүруге тыйым салынды, сол себепті сал менен серілер қылыш пен найзаны қабырғаға іліп қойып, енді қолдарына домбыраны алып, әртістік богемаға айналды. Қазақтың ұлы әншісі Біржан сал Қожа­ғұлұлы, міне, ұлтымыз биліктен айрылып, тізгіні сырттан болған, малы мен жаны талауға түскен, ардагер ұлдары абақтыға айдалған шерменде заманда туып шерленіп өткен ер еді. – Ал “Біржан сал” фильміне сценарий жазуға қалай келдіңіз? – Бірде белгілі әдебиет сыншысы Әлия Бө­пежанова маған: “Таласбек, осы сен сце­на­рист емес пе едің. Досқан Жолжақ­сы­нов­ты білетін шығарсың, сол кісінің өмір бойғы арманы Біржан сал туралы фильм түсіру. Бірақ қолына жақсы сценарий түспей жүр. Біржан туралы жазу қолыңнан келер ме еді. Келсе, екеуіңді таныстырайын”,– деді. Әлі есімде, 2003 жылдың ғажайып көк­те­мі. Досқан Жолжақсынов, жазушы Асыл­бек Ықсан және мен, үшеуміз Қабанбай батыр мен Фурманов көшелерінің қиы­лы­сында кездестік. Досқан Жолжақсынов бізді сол маңайдағы бір кафеге алып барды. Дәм үстінде түйгенім, Біржан сал туралы фи­льм­ге негіз болатын жақсы сценарий керек. Асылбек екеуміз әңгімеге қанғаннан кейін іске кірістік. Бірақ, арада үш-төрт ай өткен соң Асылбек мені оңаша шақырып алды да: “Ренжімесең, мен осы жобадан шеттесем деймін. Дұрыс түсін, мен “Хабар” агенттігінде тұтас бір бөлімді басқарып отырмын. Жұмыс мойын бұрғызатын емес”, – деді. Сонымен жалғыз жазуға кірістім. Жеті-сегіз ай мәлімет іздедім. Әрине, Біржан сал туралы әңгіменің денін бала кезімізде ауылда естігенбіз, әнін де алғаш сол кезде тыңдағанбыз. Бірқатар кандидаттық және докторлық диссертацияларды қарап шықтым. Көкшетау, Қызылжар өңірлерінен жиналған далалық материалдарды оқыдым. Ақырында ең басты дерек – Біржан салдың өз поэзия­сында екеніне көзім жетті. Осы байламға жеткеннен кейін жазу да өз жүйесін тапты. Барлық мәліметті жинап, реттеп, болашақ сценарийдің сюжетін тиянақтап болған кезімде Парижге баратын болдық. Бес адам­нан тұратын шағын ансамбль Францияға барып келгеннен кейін, әлі есімде, 2004 жыл­дың наурызының соңы еді, мешітке ба­рып садақа беріп, аруақтарға құран оқып, “біс­міллә” деп жазуға отырдым. Тоқтаусыз бір ай жазып сценарийді аяқтадым. Ком­пьютерге терілгеннен кейін бажайлай оқып, тағы бірқатар эпизодтарды жаңадан жазып қостым. Дайын сценарийді шілденің орта шенінде Досқан Жолжақсыновтың қолына табыс еттім. – Әдетте режиссер мен сценарист арасында көзқарас қайшылығы туындап жатады ғой... – Бекер обалы не керек, Досекең сценарийді бірден ұнатты. Әрине, фильм бір күнде түсірілген жоқ. Сценарийдің көркемдік кеңестен өтуінің өзі бір машақат болды. Әрқайсысы өздерін Феллини мен Антониониден кем санамайтын режиссер­лер, өздерін Франсуа Аркалли деп есеп­тейтін сценаристер Досқан Жолжақсынов екеумізді қасқырша талады. Әйтеуір шегінумен өттік. Одан кейін де толып жатқан қиыншылық. Досекең келешек күннен ешқашан үмітін үзбейтін оптимист адам. Сценарий қабыл­данбай жатып болашақ фильмге керек ат әбзелін, киім-кешек, түрлі мүлікті жинай бастағанда қайран қалған едім. – Фильмді түсіруге дайындық бары­сында сіздер үшін ең қиыны не болды? – Ең қиын шаруа – кастинг өткізу және Біржанның даусын дубляж жасайтын әншіні табу болды. Бүгінде кинофильм экранға шыққаннан кейін Досқан Жол­жақ­сыновтың кастингті қалай шебер өткізгеніне тәнті боласыз. Басты рөлдерде ойнаған кә­сіби актерлерден бастап, көпшілік массовка-сахналарда ойнаған ауыл адамдарына дейін, барлығы сол Біржан өмір сүрген заманнан келе қалған типаждар сияқты әсер береді. Сценарий қолына тиген күннен бастап фильм түсірілген 2008 жылға дейін, яғни төрт жыл бойы Досекең жақсы әнші іздеумен болды. Сахнаға шығып танылған, аты шықпай көлеңкеде қалған таланттардың барлығын тыңдады, зерделеді. Заманында Еуропада “Энрико Карузо” фильмі түсірілді. Итальяндықтарға оңай еді, себебі Италияда, Энрико Карузоның өзіндей болмаса да соған жетеғабыл Марио Ланца бар еді. Ал бізде Біржанға ұқсайтын әншіні былай қойғанда, оның қарасын алыстан шалатындарды табудың өзі қиын. Алайда Досқан Жолжақсынов бұл істі де абыроймен тындырды. Көмейіне кие қонған әнші Еркін Шүкіманов Біржан салдың дауысын дубляж жасайтын болып бекітілді. Фильмді көрген талғампаз жұрт ондағы орындалған әндерді өте жақсы қабылдады. Біз бұл фильмде қазақтың сұлулық жайындағы ең асқақ ұғымдарын бейнелемек болдық. Ең әуелі, әрине, қазақ жерінің көркі мен келбеті. Режиссер бірнеше ай бойы натура іздеп, ақыр соңында Біржанның өз ауылы Көкшеге жететін жер жоқ екен деп тоқтады. Алайда фильм Көкшенің ғана табиғатын қамтымайды. Онда қазақ жерінің жиынтық табиғаты көрініс тапқан. Содан соң халқымыздың киім киіс салтанаты, тұрғын үй, мүлік салтанаты, жол-жоралғысы, адамдық әдет-салттары бояуы қанық бейнеленген. – Фильмді түсіру барысында режиссер тарапынан сценарийдегі көріністерді толықтыра түсетін сәттер болған шығар. Мұндай өзгерістер өз көңіліңізден шықты ма? – Режиссер Досқан Жолжақсынов қазақтың сүйіспеншілік жайындағы ең биік ұғым-түсініктерін Біржан мен Ләйлім арасындағы қатынас арқылы бедерлеген. Бірер мысал. “Абай жолы” романындағы Майбасардың өнерлі баласы болған. Ол белгілі әнші, сері Мұқаметжан. Ұмытпасақ, Мұқаметжанның “Жиырма бес” атты жалғыз әні ғана сақталған. – Басымнан өтті дәурен, қайран жастық, Бұл күнде белге шықтық, таудан астық. Жиырма бес өтіп кеткен еске түссе, Жасиды көңіл шіркін қоңылтақсып,– деп басталатын тамаша ән қазір бірнеше белгілі әншілердің репертуарына еніп отыр. Соның бір шумағында: – Шомылып ай нұрына қимас қалқам, Тұрушы ед құшағымда балқып еріп,– деген жолдар бар. Досекең маған: “Біржан мен Ләйлімнің алғаш кездескені осындай болуы керек”, – деді. Бұл сөз менің де көкейіме қонды. Фильмде Біржан орманды аралап келе жатқанда Ләйлім: “Сері, мен мұндамын”, – дейді. Камера айдың нұры төгілген алаңқайда көзі жалт-жұлт етіп, сезімге мас боп тұрған Ләйлімге қарай ақырын жыл­жиды. Композитор Төлеген Мұхаметжанов осы эпизодқа лайық музыка таба алмай әбден басы қатқан. Ақырында режиссер Біржанның өзінің “Ләйлім-Шырақ” әнінен артық махаббат әуені жоқ деп тапты. Бұндай режиссерлік шешім, махаббатты осындай асқақ етіп жырлау, әлемдік кинемато­графиядағы үздік әдіс. Сондай-ақ, фильмде мінсіз түсірілген көптеген эпизодтардың бірі: Біржан мен Ләйлімнің бірінші және соңғы серуені. Өмірдегі жалғыз ғана серуені. “Махаббат тілі – тілсіз тіл, Көзбен көріп, ішпен біл”,– деген ғой. Досқан Жолжақсынов фильмнің бүкіл бойында, бүкіл бейнелеу қатарында ұлы Абайдың осы қағидасын ұстанған. Мысалға, Біржан мен Ләйлім суды кешіп келе жатқанда, аттардың су астында алшаңдап басуы, керемет музыка – бұл режиссердің, жасамыс Біржан мен албырт Ләйлімнің арасындағы махаббатты тамашалауы емес, тіпті Біржан мен Ләйлім екеуінің жүрек түкпіріндегі сезімнің сыртқа шыққандағы көрінісі де емес. Бұл, Құдай қоспаған екі адамның арасындағы, сыртқа шықпаған, сол сыртқа шықпағандығымен, аян болмаған­ды­ғымен қымбат биік ықылас-пейілдің көрінісі. Ал Біржан мен Ләйлімнің соңғы рет кездесіп қоштасу эпизодын, әлемдік кино өнерінде ұқсасы жоқ эпизод деп мақта­ныш­пен айта аламыз. Ләйлімге хабар жеткізем деп қолға түскен Байкенжені босатып алу үшін Жанбайдың ауылына барып қайтқан Маңғабыл би Біржанмен қоштасып тұрып: “Айттырылып қойған қызды бұзып алам деп еліңе пәлекет әкеліп жүрме. Есіңде болсын, ұр­ғашы көп, ел біреу-ақ”, – дейді. Кемең­гер бидің осы сөзіне амалсыз тоқтаған Біржан Ләйліммен соңғы рет көріскенде қынжыла тұрып бәрінен бас тартады. Серіге созған қолы жетпеген аяулы Ләйлім: “Қош бол, ардағым, асылым. Енді махшар күнінде кез­де­сейік”,– деп жылап қала береді. Кеңес зама­нында тарихи немесе әлеуметтік-тұр­мыстық тақырыпқа түсірілген фильмдердің, қойылған спектакльдердің ортақ кемшілігі, ондағы кейіпкерлердің арасындағы тартыс, антагонизмнің сол замандағы идеологиядан өрбитіндігінде еді. Бұрынғы кейіпкер көп ретте өзінің адамдық мүддесін тәрк етуге мәжбүр болатын. “Біржан сал” фильмінің басты жетістіктерінің бірі – оның осы бұ­рынғы бейнелеу этикасынан арылғанды­ғын­да. Фильмнің кейіпкерлері “жағымды-жа­ғым­сыз” деген белгісімен емес, әрқай­сысы өзінің адамдық атымен, адамдық мүд­десімен танылады. Бұны жаңа реализмнің басы деп есептей беріңіз. Әрине, айта берсе әңгіме көп. Біз бұл сұхбат аясында “Біржан сал” фильмінің бүкіл көркемдік жүйесін талдап бере алмаспыз. Ұлттық мәдениет тарихында елеулі құбылыс болған осы шығарманы жан-жақты талдап, қасиет-сырын ұғындыру – болашақ кино сыншылардың міндеті. – Сөз соңында не айтқыңыз келеді? – Біздің бұл шағын сұхбатымыз, баяғы өткен тарихтағы сал-серілер сияқты ақ найза мен алмас қылышқа емес, заманына лайық қоңыр домбыраға машықтанған, өзінің алашына өнерімен пана болған, өзінің шерменде елін әнімен аялап жұбатқан сал Біржан, сері Біржан туралы болашақтағы үлкен әңгімеге тамызық болса болды. Әңгімелескен Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ. ЖЕГІ СӨЗ БЕН ЖЕБІР СӨЗ Мынау елді ұстарлық Кісі емеспін, кел, құтқар! Қолдан келмес қорлыққа Неге болдым мұнша іңкәр? “Болыс болдым, мінеки” деген өле­ңінде Абай анық сөзді ұқпас елдің жайын айтып зарлайды. Жалпы ақын өз дәуірінің жұртын уайымдап өтті. Ол сол қазағының сөзді әлі де ұқпай, адасып жүргенін білсе ғой. Олай дейтініміз, Абай айтты делініп, күллі алаш нәсіліне іріткі болып, буын­­­-буынына тарап, қанына сіңіп бара жатқан бір жегі сөз бар. Ол сөз ісік тәрізді асқы­нып, жылдан-жылға меңдуанадай қаулап, өсектің өртіндей өршіп барады. Мүйізі қарағайдай үлкен ел ағалары, ұлтжанды көкелеріміздің өзі беті шімірікпей оны қайталай беруден жалықпайтыны жанға батады. “Абайдың өзі солай деген”, – деп құптай тү­су пиғылы жиі кездеседі. Ұлттық санамызға же­гі құрттай ұялап үл­герген ол не сөз? “Қазақтың жауы қа­зақ”, сөзін Абай­дың өзі айтып кеткен де­генді атақты ағалары­мыз қаузап, соған әуес бо­лып алды. Аңдамай ай­тып, өз бауырларына қиянат жасап жүргендерін сезер емес. Әу баста бір желауыздың қыздырма тілінен шығып кетсе керек. Атаңыз қазақ: сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады деген. Білмеген у ішеді. Сол кепке әбден ұрындық. Мұндай сөзді дүниедегі бір де бір данышпан айтпаса керек, себебі бұл бір адамның ғана емес, бүкіл ұлттың тамырына балта шабатын жегі, қиянат сөз. “Самый лучший способ оболгать человека- вырвать из его речи кусочек. Рамка-те самые ножницы, которые из контекста все и вырезают”. Ираклий Шанидзе, “Фотография-это ложь” (16.12.2009. “Время”). Америкалық авангард фотографтың аузынан шығып тұрған бұл салмақты сөзді оқи сала нағыз философ ойына лайық деп ұқтым. Абайға телініп жүрген әлгі сөз де түптеп келген де бір үзік, үзінді, жұлым сөз. Содан ой шолақ кесіліп, зұлым сөзге ауысып жүре берген. Әйтпесе, қазаққа дұшпан қазақ па? Жоқ. Ұлы ақын: “Айтылған сөз атылған оқпен тең”, – дегенді білмеді деп кім айтпақ. Абайдың 26-қарасөзінде былай де­лінген: “Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен? Әй, жоқ та шығар! Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында бір хайуанның өнерінің артылғанына, я бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар? Ол озған, алған, өзі емес, яки баласы емес. Мұның бәрі- қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек. Біреуді ызаландырмақ- шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс. Әншейін біреуді ыза қылмақтың несін дәулет біліп қуанады екен?”. Абай осы ойының ұшығын “Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап” атты өлеңінде нақты берген: Қуанар иелері сонда ыржақтап. Не таптық мұныменен деген жан жоқ, Түні бойы күпілдер құсын мақтап. Басқа сая, жанға олжа дәнеме жоқ, Қайран жұрт осынымен жүр далақтап. Абайдың “Қазақтың жауы қазақ” деген сөзінің бұрмаланып кетуі осыдан шығады. Шын мәнінде ақын түй­медей нәрсені түйедей қылып зорайтып, дабыра ұлғайтып көрсетуді сынап отыр. Адамның мінез-құлқына тән ұсақ-түйекке құмарлықты, тым үстірт, таяз ойлауды жақтыртпай айтқан бір ауыз сөзін өзінен 100 жыл кейін туған шалағай біреулер сөз­ді бұзып, өңін айналдырып жібере­ті­нін, мұның ұлттық идеалогияға қара күйедей жағыларын Абай атамыз қайдан білсін. Ол бұл контексте әншейін бір ағайын күндес, көр-жөрді малданатын, алысқа ұзамайтын дақпыртшылдыққа әуестікті жақтыртпай сөйлейді. Бар болғаны осы. Ұлт, этнос туралы бұл арада ешнәрсе жоқ. “Кім де кімнің әділеті жоқ болса, оның ұяты да жоқ”, – дейді Абай. Даналықтың тұма бұлағынан қанып ішкен асыл туған ұл өз ұлтының берекесін бұлай бұзбайды, “жақсы сөз жарым ырыс”деп таниды. Иә, Абайдың бұлай деуі мүмкін емес. “Өтірік ырысты кеседі”. Мұны түркілер білген. Абайға жағылған жала неге үдеп барады? Абай айтпаған жегі сөзді неге бәріміз сүйіп қайталауға әуеспіз? Қит етсе, Абайдың өзі солай айтқан дейміз. Рас, біз “ағайын күндес” деген философиялық ұғымды түйсінген халықпыз. Алайда “ағайын өкпеге қиса да, өлімге қимайды”. Мұны айтқан да қазақтың өзі. Түріктер: “Түріктің досы-түрік”. Гүлденген сайын сүй”, – дейді. Ал біз қалайша мынау сорақылықтың астарын түсінбей жүрміз? Неге біздер ат төбеліндей аз халық, өз бауырымызды жаттан әрмен көріп, қас дұшпан қылып қақсай береміз? Ол құқықты кім берді? Және қай заманда? Ғаламдану әлемді орап допша домалатып бара жатқан алмағайып сәтте. Дүниені мекендеген талай ұлт пен ұлыс қаңбақ шалға айналғандай бұлдыр күн кешкенде. Абай қазақтың ғана емес, иісі адамзат нәсілінің әлсіз тұсын дөп таниды: Жақсылығың күнде ұмыт, Бір жаңылсаң, болды кек. “Қажымас дос, халықта жоқ.” Расында, Ер дана (Ғалым Ербол Тілешовтің теңеуі) бабамызға осынау жегі сөз қашан таңылды екен? Өзің жалғыз, надан көп, Ұқтырасың сен не деп Әулекі, арсыз елге енді? Тыныштық сүймей қышынып, Өтірікке тұшынып, Пәледен тұрмас шошынып, Тұл бойын желік жеңген-ді. (“Келдік талай жерге енді...”) Сол баяғы қалыбымыздан арылмадық па? Әлі күнге “Өтірік пен өсекке, Бәйге атындай аңқылдар” қазақ болғанымыз ғой. Абай тілге бипаз, ойға ұқыпты қалыбынан танбаған. Бес-алты мисыз бәңгі күлсе мәз боп, Қинамай қызыл тілді кел, тілді ал, қой! (“Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін”) Мәшһүр-Жүсіп: “Қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ...Егер қазақ тілін білсе, дін де осында, әулиелік те осында”, – деген. Соның үшін қазақта айтылмаған сөз қалмаған. Дәстүрлі діндердің қасиетті төрт кітабындағы адамзат ақыл-ойының сәулесі қазақтың көкірегіне біткен. Ұлтымыздың жаны, қуаты бұрқыраған сөзінде, адам­шылық қалыбы, иманы мен обал-сауабы да. Данышпан Абай түгілі қазіргі қазақтың қаршадай қызы, жас ақын Назгүл Бердіқожа: Қағынан безген құландай, Жайрадың қанша жұтап кеп. Қазақтың тілі құрандай, Көктен бір түскен кітап боп. Оралып келсең өткенді, Өнеге сөзді талдайсың. Тіліңмен байлап кеткенді, Тісіңмен шеше алмайсың, – дейді. Қазақтың тілі құрандай-деу ғажайып терең таным! Біздер самарқаумыз. Кейде кітап атаулыны шала-пұла, түсінбей оқимыз. Әйтпесе, Абайдай қазыналы қартына, Ер данасына мынау қиянат, бықсық сөз таңылмас еді. Абайшыл көрінуге бейіл бұ қазақтың көбі ұлы ақынын дұрыс аңғарып оқымайды. Былайша айтқанда, ынсапсыз, ықылассыз оқиды, сөйте тұра білгішсиді, айтқансиды. Халықтың маңдайындағы бағына кейде осы тектес немқұрайлықтан туған кесір сөз де қатер төндіреді. Тәңірі сүйген сөзді әуелден қазақ түсін­ген, қастерлеген халық. Абай ­– бар қазақтың ақыл-есі, заман өрлерде біткен болмыс-бітімі, ұлттық мүддесі айқын жады. Абайды қазақтың маңдайына берген бір Алланың өзі. Абай туған дәуірдің сұсын Нысанбай жырау өлеңінде былайша бедерлейді: Ойда Қоқан, қырда орыс, Хакім болды қаласы. Кімнен таяқ жегендей Біздің қазақ баласы, Алдырып жүрген дұшпанға Өзді-өзінің аласы. Ол кезеңдегі тайпалық деңгейдегі ыдыраңқы, босбелбеу тірліктің сәні жоқ. Бұл аттай екі жүз жыл бұрынғы дәуір еді. Шын мәнінде біздің бүгінгі қазақта шошына айтарлық трайбализм жоқ. Бар деп қанша дәлелдесек те, ол күнкөрістің қамын күйттеген ұсақ-түйек топтасуға мүдделі пайдакүнемдіктің бір көрінісі. Мұның шын сырын кеше ғана дүниеден озған марқұм Ақселеу Сейдімбек протекционизм деп ашып берді. *  *  * Абай айтпаған жегі сөз қазір қазақтың санасын билеп, пейілін бұзып бітті. Жегі деген не? Тажалдыққа тақау синоним емес пе? “Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты” – дейді. Адамдардың арасына жік түседі. Адамның аузындағы отыз екі тісіне жік, сызат түссе, түбі шіріп құриды. Құлағын салмас, Тіліңді алмас Көп наданнан түңілдім. Екі кеме құйрығын Ұста, жетсін бұйрығың. “Сегіз аяқ”. Абай айтқан: “Жұртым деуге арлымын, Өзге жұрттан ұялып”. Осындайдан ба екен? Сол екіұштылық, дүдәмалдық, бір нәрсені айқын білмей тұрып, кесіп айту Абайдың сөзін бұрмалаудан көрініп-ақ тұр. Қазақтың ұлттық мінезі ұсақталып кеткені рас. Оның бір себебі, қазақ өзін-өзі біресе жер-көкке сыйғызбай мақтайды, біресе өлтіре жамандайды. Шегінен шығу, ұшқарылықтың зиянын ұқпайтындай артық кетеді. Сондайда жиі келтіретін уәжі – атақты түс – Абылай ханның түсі. ...Ал Абылайдың түсіне неге бақа мен шаян, бүйі кірді екен?! Дәулеткерей Кәпұлы “Елегізу” атты өлеңінде риторикалық сауал тастайды. Қазақтың бірталай ақындары Абылайдың түсін философияға айналдырып алған, өлең жазса жиі қайталайды. Осы түсті неге ұмытқымыз келмейді? Абылай хан ол түсін бір-ақ рет көрді ғой, белгілі бір тарихи кезеңде аян түс расқа шықты. Алайда, бір түстің аяны ай жаңалап туғандай, жыл он екі айдай айналып келе беруі тіпті де мүмкін емес. Абылайдың жегі түсін аксиомаға айналдырып алған тағы мына біздер, қаламмен күн көре­тіндер. Көбінесе, мақаланың, я немесе өлеңнің тұздығы ретінде жазамыз. Әйт­пе­се, көк бөріні ана тұтып, түз тағысы­ның өзін атымен атамай, “ит-құс”, “ұлы­ма” деп табу арқылы сөйлейтін әдебі зор атаның баласы едік. Бұған қандай уәж айтасыз? Абайдың даналығын, әулиелігін мойындаймыз. Абай бір төбе, біз бір бөлек болмауымыз керек. Ұлтын сүюді Абайдан үйренсек, ұтылмаймыз. Қазақтың әр қиырында Асан Қайғының сарынымен елім-жұртым деп егіле уайымдайтын көнекөз қариялардың қатарын қазір дымбілместер басып барады. Қазақтың бұрынғы кісілері замана ауысуын ауыр қабылдауы заңдылық. “Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер”, – ұлы гуманизмге бағып, күңіренген дала философиясы – Асан қайғының мақамын дәстүр бертінге дейін сақтап келді. Бірақ, қазақтың бір қариясы айтқан “басы бар, құлағы жоқ заман туды” деуі шынында терең философия­лық тамыр тартады емес пе? Ана тілін білмейтін қа­зақтың расымен басы бар, құлағы саңырау, көкірегі бітеу, өзін-өзі тануға құлқы да, пейілі де жоқ. Баба Абайдың аллашыл рухы риза болсын, өзіне жабылған қаралаудан айықсын деп ақ қағазға қара сиямен осы ойларымды жаздым. Абай қалың елі қазағы ғана емес, “Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп” – аллашыл­дықтың нұрын уағыздаған ұлы ақын екенін біле тұра неге теріс ойлаймыз?! Абайтанушы ғалымдар, сөздің түбін түсіретін ақын-жазушылар, философтар селт етпей қалмас, анық Абайын дүбәра, кеселді сөзден арашалап алар, сөйтіп қазақтың құт-берекесін, ырысын сақтауға иненің жасуындай үлес қосса, көптің тілеуі қабыл болар деген үміт көкіректе сөнбейді. Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы, “Дарын” Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. ҚАРА БАЛШЫҚТЫҢ ҚАСИЕТІ Жаңақорған санаторийі туралы не білеміз? Ертеректе әрі-бері өтіп жүріп Теріскен тұзды көлінің жағасында жаз айларында тігулі киіз үйлер, қамыстан істеген шай­ла­лар, балақтарын түрінген адамдарды көретін едік. Кейінірек білдік, мұнда буындарына, беліне тұз ұялағандар, қышыма қотыры барлар, бедеу әйелдер көлдің басына үй тігіп, тамағын, көмекшісін ала келіп апталап жатып емделеді екен. 20-30-жылдары ел аралап жүрген Мартюков деген дәрігер осыларды байқап қалып, мұндағы лайдың, судың емдік қасиетін зерттеп, жоғарыға ұсыныс жасап, маусымдық емдеу жайларын салдырып, науқастарды қабылдауды қолға алады. Соғыс кезінде жаралыларды емдейтін госпитальға айналады. Сол жылдары емдеу ғимаратын, жатын корпусын қайта салып, емдеу тәсілін заманына сай ұйымдастырады. Курорт жыл бойы жұмысын жалғастыратын жағдайға көшеді. Бір өкініштісі, емдеу корпусы мен жатын ғимараты арасындағы ашық алаңда емнен терлеп шыққандарға күздің желі мен қыстың аязы өте қолайсыз тиетін. Еліміз егемендік алып, билік қолға тиген соң курорт бас­шылары жоғарыда көрсетілген қолайсыз­дықты ретке келтірді. Екі корпус арасын жалғас­тыратын дәліз салып, жылу жүйесін орнатты. Енді ел емнен терлеп шықса да желең киіммен жатын жайына бара береді. Мен де ертеректегі қиындықтардың әсе­рінен буындарымды тұз жайлап, жартылай мешелге айналған едім. Аудандағы, облыс орталығындағы, Алматыдағы емханаларда, Сарыағаш, Мерке, Железноводск, Пяти­горск санаторийлерінде ем қабылдап, айыға алмадым. Алматыдағы дәрігерлер: “Енді сізге ем қонбайды, жасыңыз ұлғайып қалды”, деп ақыл айтып қайтарды. Бұл жағдайдан соң мен ауылдағы дәрігер-невропатолог Дүрия Исмановаға дер уақытында қарала бастадым. Исманова алдымен ауруханаға жатқызып, аурудың бетін біршама қайтарып, санаторийге жатып, қара батпақ алуды ұсынды. Үш жыл қатарынан ем алдым. Дәрігерлердің тапсырған режімін қатаң сақтадым. Нәтиже айтарлықтай болды. Қазір 88 жастамын. Аяқ, қол, буындарым толығымен емделді. Наурыз тойларында 2 жыл қатарынан ере­сектердің жаяу жарысына қатысып, жүлделі болдым. Күнде таңертеңгісін 20-25 минөт бір орында дене шынықтырумен айналысамын. Күндіз үй маңындағы жеңіл, майда жұмыс­тарды істеймін. Немерелерім менің үй жұ­мысын істегеніме намыстанады. “Зейнетке шыққан өзге шалдар қартайдым деп үйле­рінде қозғалмай жатады”, дейді. Олардікі де дұрыс шығар, бірақ мен жатыпішер жалқау болғым келмейді. Қысқасы, Жаңақорған санаторийінің емдік қасиетінің өте жоғары екенін жазып отырмын. Ем алуға келген­дерге қажетті жағдайлар жасалған. Жылы, жайлы жатын орын бар, тамағы, құнарлы, дәмді. Дәрігердің берген емін алып, режім сақтау, көңілді көтеріңкі ұстау өте қажет. Менің байқауымша, сауға да, науқасқа да көңілді жүрудің денсаулыққа айрықша пайдасы мол. Курортқа келген қазақтардың біразы қимылға жалқау. Емнен, тамақтан соң кереуетке қозғалмай жатып алады. Жастар жағы ұйымдасып, ащы суды әдетке айналдырады. Курортта емге қарсы әрекеттер неге әкеліп соқтыратынына тоқталсақ, ем алып желге, салқынға ұрыну қышыма, қотырға айналады, арақ-шарап ішу емге өте қарсы, ем алып жатқанда немесе емге кезек күтіп отырғанда айқайлап сөйлесу, ерегесу де ем алушыларға кері әсерін тигізеді. Буын аурулары асқыныңқырап тұрғанда батпақ емін алуға болмайды, ауруы қозып күшейіп кетуі мүмкін. Жаздың ыстық айларында емделуші­лер­дің көптігінен санаторийдегі емнің біразын алу мүмкіндігі болмай қалуы мүмкін. Сон­дықтан жаздың қызуынан қиналатындар, ша­руашылықпен айналысып қолы тимей­тіндер қыс айларында қорықпай келіп, ем алғаны өздеріне өте тиімді. Өйткені, қыста емделушілер біршама саябырсиды, емнің көптеген түрін алу мүмкіндігі болады. Сүлеймен БЕКЕНОВ, Ұлы Отан соғысының ардагері. Қызылорда.