Аймақтар • 24 Тамыз, 2020

Ырысты Ырғыз

1852 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сарыарқаның батыс беткейін көмкеріп жатқан, бір жағы Торғай даласымен шектесетін, аңы мен құсы еркін көсілген, балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған Ырғыз топырағында болудың сәті түскен еді. Осы іссапар кезінде Ырғыздың ырысты өңір екеніне көз жеткізіп оралдық.

Ырысты Ырғыз

 

Өңірдің кешегісі мен бүгінін зерделеген өлкетанушы-жур­на­лист, архив қызметінің ардагері Рахымжан Өтемістің айтуынша, Ырғыздың тарихы – қалың тарих. Айталық, Ақтөбе қаласының құрылғанына былтыр 150 жыл ғана толған болса, Ырғыздың қала атануы, өркениет пен даму сатыларының пайда болуы бұдан да әрірек екен.

Ырғыз ауданы 50 мың шаршы шақы­рымға жуық жерді алып жатыр. Бұл осы топырақтың адал ұлы, ел мен жер тарихына бай­­ланысты артына мол мұра жазып қалдырған азамат Сейіл­хан Оразым­бетовтің жа­зуынша, ке­ңестік кезеңде екі бірдей аудан­ға енші беріп, бөлшек­теу­ден қалған алақандай аумақ қана екен. Әйтпесе ел ұғымында Ыр­ғыз өзенінің 128 мың шаршы шақы­рымға созылып жат­қан қос қапталы ежелден Ырғыз елі деп ата­лып келгеніне ешкім талас туғыза алмайды.

Ырғыз үкіметтен қаржылай көмек, яғни субвенция алатын аудан­дардың қатарына кіреді. Бұл ретте қосымша қаражат көздерін таба білудің орны ерекше. Осы орайда Ырғыз ауданының әкі­мі Аққанат Шахинның ауыл шаруа­шылығы саласына инвестиция тартудағы алымдылығы мен шалымдылығын айта кеткен жөн. Айталық, 2020 жылдың 1 шілдесіне дейінгі дерек бойынша оның көлемі 600 млн теңгеге жуықтайды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 193,6 пайызға артық.

«Қазір ырысты Ырғызда аудан­дық жә­не облыстық бюд­жет­тер есебінен 11 жоба жү­зе­ге асуда. Сондай-ақ «Жұмыс­пен қам­ту­дың жол картасы – 2025» бағдар­ламасы шеңберінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 11 нысанның құрылысы қол­ға алын­ған. Бұған бөлінген қа­ра­жаттың иге­рілу деңгейі – бүгінде әртүрлі сатыда. Әрі осы арқылы жергілікті тұрғындарды жұ­мыспен қамтудың жаңа мүм­кіндіктері жа­сал­ды», деді аудан әкімі Аққанат Шахин.

Ырғызда сауықтыру спорт ке­шені­нің құрылысы аяқталып, тұрғын үй құрылыстары бой кө­термек. Жергілікті маңызы бар автожолдар күрделі жөндеуден өткізілмек. Әрі аталған салалар­ға қатысты инженерлік-коммуни­кациялық желілер өркен жаймақ. Аталған жобалар аясында аудан орталығындағы көшелерге асфальт төсеу жұмыстары одан әрі жал­ғасып келе жатқанына куә бол­дық.

Соңғы бір-екі жылда аудан тұр­ғын­дарын таза ауызсумен қамту ісінде ауқым­ды іс атқа­рылды. Соның нәтижесінде аудан тұрғындарының 85,3 пайызы ор­талықтандырылған ауызсу желісін пайдаланып отыр. Бү­гінгі таңда бұл істі соңына дейін жеткізу жұмыстары одан әрі жал­ғасып келеді. Бұл бағытта Жар­ма ауылында ауызсумен қамтудың құрылысы басталса, Шең­бертал мен Жанысби ауылдарында топтық су құбыры құ­ры­лысына Су ресурстары комитеті арқылы қажетті қаражат бөлінген. Мемлекеттік сатып алу жұмыстарының қорытын­ды­сында бұл істі атқару «Көл­сайСтрой» ЖШС-ның еншісіне тиіпті.

Облыс орталығынан 450 ша­қырым қашықтықта орналасқан, әрі аумағы өте кең, сондай-ақ елді ме­кендері бір-бірінен алыс Ыр­ғыз ауданының ауылда­рын кө­гілдір отын құбырына қосу оңай іс емес. Оның қар­жылық тұрғыдан тиімсіз тұс­тары да жетерлік. Әйтсе де ауданда әлеу­меттік мәні жоғары, тұр­ғындардың тұр­мыстық дең­гейін көтеруге кө­мектесе ала­­тын іс – газбен қам­тудың кешенді іс-қимыл жоспары жасалған. Оның алғаш­қы нәти­жесі туралы айта кетсек, аудан ор­талығындағы тұрғын үй иелерінің тоқсан пайыздан астамы көгілдір отынды қолдануға көшкені ауызға бірінші оралады. Мұндағы коммуналдық тұрғын үй мекемелері де газ құ­бырына қосылған. Бұған қоса қазір Жаныс би елді мекеніне газ тарату бекеті құрылысы аяқ­талып ке­леді. Сонымен бір­ге жыл аяғына дейін Ақши, Құ­ры­лыс және Шеңбертал ауылда­рына тартылып жатқан газ құбыр­ларының құрылысы аяқ­талмақ. Аудан тұрғындарын көгілдір отынмен қамту ісі осылайша ілгері баса бермек.

Ырғыздың облыстың өзге аудандарымен салыстыра қараған­да басты өзгешелігінің бірі – табиғи су көздері мен ресурстарына аса бай. Нақтырақ айтқанда аудан аумағында 4 өзен мен 80-нен астам көл тіркелген. Алай­да соңғы жылдары оның тең жар­тысына жуығының арнасы тартылып, кеуіп қалғанын жер­гілікті тұрғындар бізге үлкен өкініш­пен жеткізді. Ең бастысы, биыл өңірдегі аудан атауымен қатар аталатын, бастауын Мұғалжар тауының жотасы Өтеш үстіртінен алатын Ырғыз өзені тасымай қалыпты. Бұ­ған өзіміз де куә болдық. Мұның басты себебі, өткен күз айларында жаңбыр жау­май, ылғал аз түсті. Бұл жағдай тоң қабат­тарының түзілмеуіне әсер етті. Ырғыз өзенінің суы ыл­ғал мол болған жылдары 51600 шаршы шақырымға дейін жайылады. Соңғы жылдары нәр оның ширегіне дейін жетпей қалды. Бұл туралы жолбас­таушымыз, Ырғыз өңірінің шежірешісі Рахымжан Өтеміс айтып берді.

Сондай-ақ бұдан 24 жыл бұ­рын, яғни 1996 жылдың 7 та­мызы күні өмірден өткен өлке тарихының тамыршысы Сейіл­хан Оразымбетов көзі тірісінде жазған жазбаларының бірінде Ырғыз, Торғай, Телғара, Өлкейек өзендерінде көктемде 25-30 мың тонна балық және 100-ден астам құс түрлері бар екенін көр­сетіпті. Әрі келешекте барлау жасай білетін зиялы жан сулан­дыру мен гидротехникалық-мелиорациялық шараларды жү­зеге асырған жағдайда балық шаруа­шылығын өркендетудің таптырмас мүмкіндіктері ашылатынын айтқан. Сондай-ақ ол шамамен алғанда тоқсаныншы жылдарға дейін жыл сайын Ырғыз аумағындағы өзендерден 1000-1200 тонна балық ауланатынын жеткізген. Мұның өзі Ақтөбе облысында өндірілетін балықтың тоқсан пайызы екені жазылған.

Қандай істің де бағамы салыстырмалы түрде айтқанда айқындала түсетіні белгілі. Осы арада ауданда балық шаруа­шылығының бүгінгі жай-күйі қандай деген сауалға да жауап бере кеткен жөн. Яғни аудан әкім­дігінен алынған деректерге сүйенсек, соңғы төрт жылдың аралығында 20 су айдыны 9 ауыл шаруашылығы құрылымы мен 7 жеке кәсіпкерге бекітіліп берілген. Сондай-ақ төрт жыл бұрын балық аулау көлемі 60 тонна болса, биыл оның мөлшері 124 тоннаға өсіпті. Әйтсе де 1 қаңтар мен 15 сәуір аралығында небәрі 22500 тонна балық ауланған. Себебі балық уылдырық шашатын кезеңге сәйкес келді. Әйт­се де қыркүйектен бастап су айдынын пай­даланушылар қалған 124 тонна ба­лық аулау жұмыс­тарын жүргізетінін аудан әкі­мінің орынбасары Алмас Тұртаев айтты.

Біз балық өндіру ісі жолға қойылған Нұра ауылдық округі аумағында болған едік. Балық аулауды кәсіпке айналдырған аудандағы жеті кәсіпкердің алтауы Нұрада болып шықты. Биыл Ырғыз өзені тартылып қалса да, Торғай мен Телғара өзендерінде су қоры бұрынғы деңгейге же­теғабыл. Бұл балық өндіру мен өңдеуге оң әсерін тигізіп отыр. Аумақта табиғи тепе-теңдіктің әзірге бұзыла қоймағанының шапағаты шығар, тіпті «НаурызСим» ЖШС жетекшісі Ибра­гим Сәрсенбаев жылына 100 тонна балық өңдеуге қуаты жете­тін цех ашуға бел буған. Ол бұл жоспарын «Жұмыспен қамту­дың жол картасы – 2025» бағдарламасына сәйкес жүзеге асыруды көздеп отыр.

Қалай дегенде де бүгінде Ырғыз ауда­нында суы тартылып қалған 40-тан астам көлдің суын толтыру және қалпына келтіру ісі өз шешімін күтіп тұрғаны анық. Бұл балық шаруашылығы ғана емес, өзен-көлдер маңындағы жа­нуарлар мен өсімдіктер дүние­сінің қайта жандануына да оң септігін тигізбек. Осы ретте об­­лыста 8 реттегіш бөгеттің тех­­никалық-экономикалық не­гіздемесін жасақтау қажетті­лігі туындап отыр. Егер жо­ба қар­жылық тұрғыдан оң ше­ші­мін тапса, тұтас Ырғыз-Тор­ғай ре­зерватының жай-күйін жақ­сартуға жол аша алар еді. Ақ­төбе облыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды рет­теу басқармасының басшысы Жақ­­сығали Иманқұлов аталған резерват Үкіметтің құзырында болғандықтан, оған бөлінетін қа­ра­жат республикалық бюджет арқылы шешілгенін жөн көретіндерін жеткізді.

Халқымыздың қасиетті қоны­сының бірінде қолға алынған әлеу­меттік-эконо­микалық сипат­тағы жобалардың қай-қайсы да Ырғыздың ырысы ортаймауын көздеген қамқор көзқарастан туын­дап отыр. Ырғыз ауданында қалыптасқан бере­келі бір­лік пен тату-тәтті тірлік оның ал­да­ғы даму жолы да баянды бола бере­тініне берік сенім туғызады. Ал адамды сенім еш­қа­шан алдамай­тыны ежелден бел­гілі емес пе?!

 

Ақтөбе облысы,

Ырғыз ауданы