Руханият • 24 Тамыз, 2020

"Сақ" киностудиясы жаңа мультфильм түсірді

1167 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкентте "Көне құмыраның сыры" атты анимациялық фильмнің үшінші бөлімі жарық көрді, - деп хабарлайды Egemen.kz.

"Сақ" киностудиясы жаңа мультфильм түсірді

Қала әкімдігінің тапсырысымен "Рухани Жаңғыру" бағдарламасы аясында жарыққа шыққан "Сақ" киностудиясының туындысы Шымкентті қызғалдақтар мекені ретінде таныстырады.

Танымдық мәні зор, тағылым алар туындының режиссері – елімізге танымал аниматор Батырхан Дәуренбеков, сценариін Бақытжан Құлжабай жазып шыққан.

"Қазақстан – қызғалдақтар отаны. Өскелең ұрпаққа сол жайлы көбірек айтуымыз керек. Елімізде қызғалдақтың көптеген түрі өседі. Өкініштісі, бірегей өсімдік түрлері экспедиция кезінде алғаш рет суретке түсіріп, жариялаған Кауфман, Грейг сынды неміс азаматтарының есімімен аталып кеткен. Мысалы, жазушы Мархабат Байғұт ағамыз насихаттап жүргеніндей, шұбайқызыл деген қандай керемет атау?! Біз де қызғалдақтардың қазақы аттарын осылайша насихаттауды мақсат тұттық. Жапония елінде сакура гүлдегенде елге туристер ағылады. Сол сияқты біздің өңіріміз де көктемде жайнап кетеді. Қызғалдақтар қаласы - Шымкент қызылды, жасылды гүлдерге толады. Мұндай көрініс өзге өңірлерде жоқ!", - дейді Батырхан Дәуренбеков.

Анимациялық фильмнің төртінші бөлімі де аяқталуға жақын. Ол – "Ақсақ Темірдің Шымкентке келуі" туралы. "Сақ" киностудиясы түсіріп жатқан бұл фильмде шежіреші, тарихшы Шарафиддин Яздының кітабынан алынған деректер келтіріледі. Ақсақ Темірдің жорықтарының бірінде Шымкент арқылы өтіп, дәлірегі, Қошқар ата өзені бойына тоқтағаны туралы тарихи деректер желісі алынған.

Айта кетейік, "Көне құмыраның сыры" анимациялық фильмінің алғашқысы "Отырарды қорғау", екіншісі "Ұлы ұстазбен кездесу" деп аталады. Ол бөлімдерде Әл-Фараби, Абай сынды ғұлама тұлғалар дәріптеліп, мемлекеттік рәміздеріміз насихатталған.

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.