Бірінші таймда қос команда алма-кезек шабуылдармен алмасты. Ойынның алғашқы 45 минутында «Бавария» шабуылшысы Левандовскиде гол соғатын үш мүмкіндік болды. Тепкен добы бірде қақпа бағанына тисе, бірде қақпашы соққыны қайтарып отырды. Бұл кеште ПСЖ шабуылшылары – Неймар мен Мбаппе де бірнеше мүмкіндікті жіберіп алды.
Ал екінші тайм жұрт күткендей болмады. Екі жақта «итжығыс» ойын өрнегін көрсетті. Тәртіп бұзу да, сары қағаз да, айқай-шу да көп болды. Әйткенмен, ойынның 59 минутында «Бавария» қорғаушысы Киммихтің оң қапталдан асырған добын баспен қақпа бұрышына дәл көздеген Команның қанжығасы майланды. Осы голдан кейін қаншама алма-кезек шабуыл жасалғанымен есеп өзгерген жоқ.
«Бавария» Чемпиондар лигасының алты дүркін жеңімпазы атанып, бұл көрсеткіш бойынша «Ливерпульмен» теңесті.