Руханият • 25 Тамыз, 2020

Қандастарға арналған "Атамекен" кітабы жарық көрді

819 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы шетелдегі этникалық қазақтарды қолдаудың 2018-2022 жылдарға арналған ісшаралар жоспарының "Қазақстанның қасиетті жерлерімен таныстыру мақсатында ақпараттық-анықтамалық материалдарды әзірлеу және шығару" тармағы бойынша "Атамекен" ақпараттық-танымдық кітабын жарыққа шығарды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Қандастарға арналған "Атамекен" кітабы жарық көрді

Мұндағы мақсат – шет елдегі қандастарымыз елдің-тыныс тіршілігінен хабардар болсын, ата жұртынан қол үзіп қалмасын деген  ізгі ниет және республикамыздың әр өңірінде орналасқан киелі мекендер мен қасиетті нысадар біртұтас кешен ретінде қарастырылып, шет елдегі қандастарымызға атамекен туралы толық мағлұмат беру, - дейді кітапты құрастырушылар.

Сондай-ақ,  "Жердің аты – тарихтың хаты" дегендей өткен мен бүгінінің сабақтастығы халық мекендеген жер-су атауларынан көрініс табады. Әрбір атаудың өз тарихы, әрбір қасиетті орынның киеге айналу себебі бар. Мұндай құт мекендер белгілі бір өңірдің мақтанышы ғана емес, жалпыұлттық маңызы бар қастерлі орындар, ата жұртта мекен еткен ұрпақтың тарихы, тіршілік көзі, ой-өресі туралы мағлұмат беретін сырлы шежіре. Міне, жинақты құрастыру барысында осы мәселелер басты назарға алынды - дейді орталықтың терминология және ономастика бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Сая Ағанасқызы.

Кітапта киелі жерлерді анықтауда қолданылған бес өлшемге сәйкес ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері төңірегінде ақпараттық-анықтамалық материалдар топтастырылса, екінші кітапта ел аумағындағы археологиялық ескерткіштер мен ортағасырлық қалалық орталықтар туралы мәліметтер берілген.

Биыл осындай тағы бірнеше кітап дайындалу үстінде көрінеді. Бұл туындыларға діни және ғибадат орындары туралы ақпараттар, киелі нысандардың сипаттамасы мен суреттері енгізілмекші. Сондай-ақ оқырман "кесене мен мазардың, қорымның өзара  айырмашылығы неде?", "елімізде қандай құлшылық-ғибадат орындары бар?", "үлкен қылует қайда орналасқан?" сияқты көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алады.

Еліміздегі бір шеге қолданылмастан, ағаштарды өзара қиюластыру арқылы салынған мешіттермен, іргетасы құйылмай жердің үстіне бірден өрілген кесенелермен, сыртқы пішіні қараша үйді елестететін, жабайы тастардан құрылған сфералық формадағы көне құрылымдармен, сәулет-құрылыс өнерінің басқа да кереметтерімен танысып,  қасиетті орындарға бір табан жақындай түскіңіз келсе, осы "Атамекен" жинағынан табасыз.

 

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.