Қоғам • 25 Тамыз, 2020

Түркістандағыдай жәдігерлер Орталық Азияда жоқ

554 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның сакралды географиясындағы тарихи жәдігерлердің дені Оңтүстікте шоғырланған. Соның негізгісі – Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесі белгілі ғалым Мұхтар Қожаның айтуынша, Орталық Азиядағы ең үлкен сәулет ескерткіші болып табылады, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістандағыдай жәдігерлер Орталық Азияда жоқ

"Бұл кесененің бір ерекшелігі  тайқазаны, қабір жапқышы сияқты көптеген жәдігерлері сақталып қалған. Алтынмен жазылғаны құран кітабы қазір Алматыда тұр. Мұндай жәдігерлер Орталық Азиядағы бірде бір ескерткіште сақталмаған", – деді ғалым бүгін Түркістанда өткен "Түркілер төрі Түркістан" онлайн конференциясында.

Қазақстанның сакралды географиясындағы тарихи жәдігерлердің дені Оңтүстікте шоғырланған. Осыдан 3 жыл бұрын әзірленген Қазақстанның  киелі 100 нысанының 23-і Оңтүстік өңірінде орналасқан. Сол 100 нысанның 12-і ғана екінші орында тұрған Қарағанды облысынан енген екен. Енді осы қасиетті орындардың әдебиеттегі көрінісі қандай? Бүгінгі әдебиетте қастерлі мекендеріміз қаншалықты дәріптеліп, қамтылып жүр? "Біз осы қастерлі орындарды насихаттауда, әсіресе жастарға танытуда әдеби саланың мүмкіндіктерін қаншалықты пайдалана алып отырмыз?" деген сауалдар сананы мазалайтыны рас. Ел аузында киелі орындар көп айтылып жүргенімен, көпшілік нақты деректерді біле бермейді. Бұл олқылықтың орнын толтыруға да қаламгерлер қауымы сүбелі үлес қосары анық. Маңызды тарихи деректерді әдеби көркем тілмен әспеттей отырып көпшілік аудиторияға жеткізудің орасан пайдасы болатыны сөзсіз. 

"Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласындағы басты алты бағыттың бірі – "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасы. Бұл жобаны жүзеге асырудың мақсаты – халықтың ұлттық бірегейлігін және құндылықтарын бекемдеу және осы арқылы жат идеологияға төтеп беретін қалқанды нығайту. Яғни, біздің болашақ ұрпаққа тәрбие беру, ұлттық болмысымызды жоғалтып алмаудың қамы.  Түркістанның қайта түлеуі – ұлттық болмысымыздың, рухымызды қайта оянуының бірден-бір көрінісі десек артық айтпаған болар едік. Түркістанның жаңғыруы тек құрылыс жұмыстары, сәулет өнерімен ғана шектелмеуі тиіс, ол тарихи, әдеби және публицистикалық жаңа туындылармен, шығармалармен  де қуатталуы тиіс", – деді аталған онлайн конференцияның модераторы, Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, "Егемен Қазақстан" газетінің Түркістан облысындағы тілшісі Ғалымжан Елшібай.

Конференция барысында белгілі жазушы Мархабат Байғұттың "Түркілер төрі Түркістан" кітабының таныстырылымы өтті. Жазушының 75 жылдығы аясында жарық көрген кітапта Түркістан өңірінің сырлы тарихы, киелі жерлері эссе түрінде баяндалған.  Жиынға ғалымдар, жазушылар, Сенат, Мәжіліс, облыстық мәслихат депутаттар, бауырлас Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінің әдебиетшілер, ғалымдары қатысып, ой-пікірлерін білдірді.

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.