Руханият • 26 Тамыз, 2020

Бұлақ басынан тұнса егер

223 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Адамзат атаулы бір ғана вирустың қауызында ауа қармап қалған мына заманда тойшылдыққа ойшылдықпен қараудың жөні бар. «Қырықтың бірі Қыдыр» деп түйсінген көне түріктерден тамыр тартқан ақ дастарқаннан дәм татқызу, алқа-қотан отыра қуанышты бөлісу – берік дәстүріміз.

Бұлақ басынан тұнса егер

Бабаларымыздың нанымдары­­на сәйкес, «Қыдыр» мәңгілік өмір­­дің құпиясын меңгерген ерекше пай­ғамбар бейнесінде қабылданған. Жә­не оның жоқ-жітіктерге жәрдем ете­ріне құлай иланған. Осыдан барып сол көктен келер берекені көп болып жинала бөліскенді құп көрген. Күнкөрісі төмендерге ас-ауқат тарату мемлекеттің мойнындағы бо­рыш­қа саналған. Орхон жазба ескерт­кіштерінде Көктүрік қағанның: «Аш халықтың қарнын тойдырдым, сыртын да тон-киімсіз қалдырмадым» деп, тұжырымдауы байырғы бұл қағи­даттың көрінісі. Міне, осындай мемлекет пен халықтың бірлік-тірлігінің алтын арқауына айналған аманаттық міндеттің, саф салтымыздың мән-маңызын қазіргідей кетіріп алған­ды­ғымыз – ең алдымен билік ба­сын­дағылар мен зиялы қауымға сын. Бұ­лақ – басынан тұнбай тұр! Ұлт­тық құндылықтар жайына қалды. Ысы­рапшылдық пен бақталастық, дара­қылық пен астамшылдық, жем­қорлық дегендеріңіз, тіпті мына өлім шашқан пандемия тұсында да пәр­мендеп, тайраңдай басымызға шығып кетті емес пе?! Бұл енді бүгіндікке тау­­сылмас әңгіме.

Іргелі мекемелерде басшылық ет­кен, қуаныш-тойлардың үнемі тө­рінен табылар, дәулеті де сәулеті бір басына жетерлік Болат есімді аза­матпен көршілеспіз. Қазір зейнет­кер. Бұдан он шақты жыл бұрын ұлын үйлендірді. Әмісе той құрметіне бө­леніп жүрген ағамыз кемінде үш жүз адамның басын құраған шы­ғар-ау деп барғанбыз ғой. Сізге өті­рік, бізге шын, бар-жоғы жүз-ақ адам! Құдалары, туыс-жекжаттары, көр­ші-көлең мен жастар. Тіпті өзінің бе­делді қызмет орнынан да ешкімді ұшыратпадық. Әбден іріктелген, әри­не. Бәріміз аң-таңбыз, кафенің өзі көнетоз – «Қарагөз». Ың-шың жоқ. Абай хакім айтпақшы, бірін-бірі тосып сөйлеген қонақтар. Мұндайда көңілің де көтеріңкі, асың да жұғымды. Ойың да ұшқыр. Толғана сөйлеп, шырқата ән сап, арқа-жарқа болдық та қалдық күтпеген жерден. Отағасының өзі де бәйбішесін қолтығына қысып алып айнала отырғандармен бас түйістіре сырласып, тойдың сәнін келтірді. Сондағы бір құрдасының: «Әй, Бөке, не деген әулие адамсың! Біз той жасасақ қой, бір ай бұрын әкімдер мен басшыларды шақырамыз да, соншама уақыт келе ме, келмей ме деп қарадай басымыз шарадай болады. Әгәрәки, әлгілер тойға, құдай оңдап келе қалса, той бітпей кетіп қала ма деп, есік торуылдап, жүрегіміз ауырып, есіміз шығады! Ал сен болсаң, бұл қазақта той жасаған бір өзің секілді, құдалармен қалжыңдасып, құдашалармен би билеп, алдымен өзің тойлап жүрсің. Сен шақырсаң мың адам келер еді-ау. Жарадың ен­ді, оздың бізден, әбден оздың!» – деп арқасынан қаққаны әлі есімнен кет­пейді.

Бұл дәуірде «Той – Тәңірдің қазы­насы» дегенімізде, той үстіндегі сый-сыяпаттан бұрын ізгі тілек, ақ бата, отбасы арқылы желіс тартар ел­дікке тән береке-бірлікті айт­сақ керек. Аға­йындықты арттырар ықшам түрдегі тағылымды той­ға ел ішінде бетбұрыс та жасалып жатыр. Бұған ішің жылиды. Құр мақтан, даңғазылықпен жеткен же­ріміз белгілі. Асылы, ақыл деге­німіз – ақылсыз қадамдардың көмбесі. Ақылға келелік. Есжияр тіршілікке көшіп, бәрінен бұрын Отанымыздың рухтық һәм ұлттық ұстынын арттыралық! Тойымыз да, көш-көркімен осы шептен табылып жатса, қанеки!

 

Әміре ӘРІН,

Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы