Саясат • 26 Тамыз, 2020

Жобалық басқаруды қолдану перспективалары талқыланды

289 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Zoom байланысы арқылы мемлекеттік қызмет саласында жобалық басқаруды қолдану мәселелерін талқылау бо­йынша онлайн-конференция өтті.

Жобалық басқаруды қолдану перспективалары талқыланды

Талқылауға Президент Әкімшілігі мем­лекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі Әлтайыр Ахметов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аппарат басшысы Ба­заралы Бақтыгереев, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы коми­тетінің төрағасы Әлихан Байменов, Ұлттық экономика министрлігі жобалық басқару департаментінің директоры Ило­на Шварцкопф, Президент жанын­дағы Мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік басқарудағы жобалық менедж­ментті дамыту орталығының басшы­сы Арман Евниев және аталған Акаде­мияға қарасты кәсіби даму инсти­туты­ның директоры Маргарита Қадырова қатысты.

Іс-шарада Президент Әкімшілігі мем­лекеттік басқару бөлімінің меңге­рушісі Ә.Ахметов уақыт талабына сәй­кес мемлекеттік басқаруға жаңа тәсіл­дерді енгізудің маңыздылығын атап өтті. Мемлекеттік басқарудың жаңа тұжы­­рым­дамасының идеологиясы әкімші­лендіру моделінен сервистік модельге көшуге бағытталғанын айтты. «Кез келген ұйымда екі негізгі қызмет түрі бар: операциялық және жобалық қызмет. Опе­рациялық – күнделікті, қайтала­натын, технологиялық қызмет. Осы тұжы­рымдама аясында біз оны дамыту және жетілдіру қажет үдерістік тәсіл ретінде қарастырамыз. Қазір біз мемле­кеттік қызметтегі бизнес-процестерді оңтай­лан­дыру және автоматтандыру мүмкіндігін қарастырудамыз. Бұл, біздің ойымызша, мемлекеттік қызметшілердің уақытын халықпен сапалы өзара іс-қимылға бағыттауға серпін береді. Егер жо­балық басқару туралы айтатын болсақ, мемлекеттік басқарудағы пробле­малардың реестрін жасадық, олардың шешімін жобалық тұрғыдан көріп отырмыз», деді Ә.Ахметов.

МҚІА аппарат басшысы Б.Бақты­ге­реев жобалық басқаруды енгізу бо­йынша мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті орган жүргізетін жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі уа­қытта агенттік мемлекеттік аппаратты жобалық басқару саласына бейімдеу бағы­тындағы кедергілерді жою бо­йынша тиісті жұмыстар атқаруда. «Іс жүзін­де жобаны басқаруда өзара іс-қимыл маңызды рөл атқарады. Қазір агенттік «өзара іс-қимылды» дамыту мақсатында ұйымдастырушылық ортаны өзгерту бойынша жұмыстарды жүзеге асыруда. Әртүрлі қызметтердің, департаменттердің және мамандардың өзара байланысы, ынтымақтастығы үшін жағдай жасалуда. Біздің барлығымыздың мақсатымыз бір, біз сындарлы өзара іс-қимылды бір жүйеге қоя алсақ, онда бұл жобалық басқаруды дамытуға одан әрі септігін тигізеді», деді ол.

Бұдан басқа, Б.Бақтыгереев Агенттік жобалық басқару бағытында іске асырып жатқан «i-kyzmet» жобасы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. «Бұл жоба мемлекеттік қызмет­ші­лерге күнде­лікті, қайталанатын және түрлі түйіткіл­дер­ден арылуға мүм­кіндік береді. Яғни мемле­кеттік аппарат кадрлық өзіне өзі қыз­мет көрсетуге көшеді және іс жүзінде ма­ңызды істерге көп көңіл бөлуге мүмкіндік береді», деді МҚІА аппарат басшысы.

Сондай-ақ агенттіктің мемлекеттік органдармен бірлесіп жобалық басқаруды енгізу бойынша жұмысы жалғасатыны атап өтілді. Өз кезегінде, Ұлттық экономика министрлігінің департамент директоры И.Шварцкопф жобалық басқарудың нормативтік-құқықтық базасын енгізу бойынша жұмыс барысы туралы сөз сөйледі.

Онлайн-конференцияда Мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік басқару­дағы жобалық менеджментті дамыту орта­лығының басшысы А.Евниев өзі басқа­ратын институт арқылы жүзеге асыры­лып жатқан жобалар туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, осы жылдың қазан айында мемлекеттік сектор үшін жобалық басқару бойынша ұлттық конкурс өткізу жоспарлануда. «Бұл байқау жобалық басқаруды дамытуға және мемлекеттік секторға түрлі жобаларды іске асыруға ықпал етуге серпін береді. Бай­қау­ды біз үш номинация бойынша өткі­зуді жоспарлап отырмыз: үздік жоба, жыл жобасының үздік менеджері, бағдарла­маны жүзеге асырудың үздік офисі», деді А.Евниев.

Мемлекеттік басқару академиясының кәсіби даму институтының директоры М.Қадырованың айтуынша, мемлекеттік басқару жүйесіне жобалық менеджментті енгізудің сәттілігі көбінесе мемлекеттік органдардың кадрлық құрамының білік­тілік деңгейіне, мемлекеттік қызмет­шілердің белгісіздік жағдайында күрделі мәселелерді шешуде жобалық басқару құралдарын сауатты пайдалану қабілеті мен дайындығына байланысты. Осыған байланысты, академия білім беру процесіне жаңашылдықтар енгізді, бұл 3000-нан астам мемлекеттік қызметкерді біліктілігін арттыру семинарлары мен қайта даярлау курстары шеңберінде жо­балық менеджментті оқытуға мүм­кіндік берді.

Сонымен қатар Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйе­сіне жобалық менеджментті енгізудің рөлі мен тарихы туралы пікірі­мен бөлісті. «Жобалық басқаруды енгізу жұмыстарын біз 2013 жылы бастадық. Ол кезде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жобалық басқаруды дамыту бағыттарын анықтап, осы салада алғашқы сертификатталған жаттық­ты­рушыларды даярлады. Жалпы алғанда, жобаны басқару – операциялық блоктың бөлігі. Қазір көптеген ел жобалық менеджментті дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Бұл өте тиімді құрал», деді Ә.Байменов. Сөз соңында ол жобалық басқару мемлекеттік қызмет жүйесіндегі маңызды міндеттерді шешудің ажырамас құралына айналатынына сенім білдірді.

Конференция қорытындысы бо­йынша қатысушылар жобалық басқару ашықтықты қамтамасыз етуге, есептілікті болдырмауға, мемлекеттік органдар арасында ынтымақтастық құруға мүмкіндік беретін және алға қойылған мақсаттарға қол жеткізудің тиімді құралдарының бірі екенін атап өтті.