Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен палатаның кезекті пленарлық отырысы болып өтті. Онда көршілес Қырғызстандағы жағдайды талқылау мәселесін күн тәртібіне қою ұсынылғанымен, ол депутаттар тарапынан қолдау таппады. Есесіне палата қарауы тиіс мәселелер оң шешілді.
Атап айтқанда, жақында депутат болып тағайындалған Мұхтар Алтынбаев Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелігіне сайланды. Сол сияқты палата отырысында әрбір 5 жылда Орталық сайлау комиссиясының 2 мүшесін сайлайтын Сенат бұл орындарға бұрыннан осы қызметтерде жұмыс істеп келе жатқан Бақыт Мелдешов пен Ләззат Сүлейменнің кандидатураларын лайық деп тапты. Сөйтіп, ол екеуі де ОСК мүшелері болып қайта бекітілді.
Мәжіліс мақұлдаған “Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы “Байқоңыр” кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобасын депутаттарға Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев таныстырды. Заңдық құжат “Байқоңыр” ғарыш айлағында теңдей қатынаспен бірлескен ғарыштық жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Агенттік төрағасының айтуынша, “Бәйтерек” ұшыру ғарыш айлағы бірлескен кәсіпорнының жұмыс істей бастауымен гептилмен ұшатын “Протон” зымыран ұшырғышы қолданыстан шыға бастайды. Жалпы мерзімі ондаған жылдарға созылатын жобаларға Ресей тарапы қаржы салу үшін “Байқоңыр” ғарыш айлағын жалға беру уақытының 2050 жылға дейін ұзартылуы сондықтан, дейді Талғат Амангелдіұлы.
Агенттік төрағасына депутаттардың қойған сұрақтары да аз болған жоқ. Мәселен, Қуаныш Айтаханов Ю.Гагарин атындағы Ғарышкерлерді даярлау орталығын бітіріп шыққан екі қазақ жігітінің “ғарышкер-сынақшы” дипломдарын алғанымен, олардың ұшу-ұшпауы неғайбыл жағдайда қалып отырғанын көлденең тартты. Депутат “Үшінші қазақ ғарышкері қашан ұшады?” – деп сұрақты төтесінен қойды. – Тек қана Құдай біледі”, – деп залды бір күлдіріп алған агенттік төрағасы өз сөзінен қысыла қызарақтағанымен, “Әзірге халықаралық ғарыш стансасында Қазақстанға орын жоқ”, деп ол да төтесінен жауап берді. Оның сөзіне қарағанда, Үкімет бұл мәселеге қаржы бөлмеген.
Осы ретте Сенат Төрағасы алдағы республикалық бюджетке өзгерістер енгізуді талқылау кезінде осы мәселені қарастыруға боларын айтып, мәселені ары қарай ушықтырмауға шақырды. Ғани Қасымов шетелдік коммерциялық ұшырылымдарға еліміз тарапынан кедендік төлемақы енгізілгенімен, артынша ол белгісіз себептермен алынып тасталғандығының себебін сұрады. Оның сұрағына жауап беретіндей залда құзіретті өкіл табылмады.
Т.Мұсабаев заң жобасының алты жылдан бері қабылданбай келе жатқандығының себебін Әділет министрлігі мен Мәжіліс тарапынан ұзақ пысықтаудан өтуімен түсіндірді. Тағы бір белгілі болғаны, Ресейдің бұрынғы президенті В.Путиннің 2007 жылдың 6 қарашадағы қол қоюымен Амур облысында “Восточный” ғарыш айлағын салу қолға алынуда көрінеді. Аталған айлақтан ғарыш кемесін ұшыру 2015 жылға жоспарланыпты. Алайда агенттік төрағасы Ресейдің “Байқоңыр” ғарыш айлағынсыз жұмыс істей алмайтынына 100 пайыз сенімді екендігін білдірді. Әйтсе де оның есебіне қарағанда, “Байқоңыр” ғарыш айлағының әлеуеті 10-12 жыл аралығына ғана жететін көрінеді. Одан кейінгі кезеңді қазірден ойластыруға шақырған агенттік төрағасы оған “Союз”, “Зенит” ұшыру кешендерінің жарап қалатындығымен де бөлісті. Осы ретте Қазақстан Ресей мен Украина жарғылық қорларына кіретін “РС-20” (Сатана) зымыран жасайтын кәсіпорнының 10 пайыздық үлесіне ие екендігінен хабардар етті. Енді бұл үлесті 33 пайызға жеткізу көзделіп отыр екен. Осылайша еліміз ғарыштық жобаларға қаржы салып, пайда табуды және технологиялық үдерістерге қатысуды қарастырып отырғаны белгілі болды. Қорытындысында заң жобасы қабылданды.
Депутаттар, сонымен қатар, жұмылдыру дайындығы, өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын қабылдады. Отырыс соңында екі палата арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының мәселелері қаралды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.