Қоғам • 26 Тамыз, 2020

Сенатор: Ұлттық ұлан пандемия кезінде азаматтарға көмек көрсетуге дайын

319 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қайрат Қожамжаров Ұлттық ұланның 5573 әскери бөліміне барды. Соның аясында сенаторға бөлімдегі қару-жарақ түрлері туралы және пандемия кезінде Ұлттық ұланның күшейтілген режимде қызмет көрсетуге дайын екені жөнінде ақпарат берілді, - деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатор: Ұлттық ұлан пандемия кезінде азаматтарға көмек көрсетуге дайын

Сондай-ақ бөлім басшылары әскери қызметшілерді материалдық-техникалық және әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етуге қатысты бірқатар мәселеге назар аударды.

Өз сөзінде Қайрат Қожамжаров қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде, жаппай тәртіпсіздіктің алдын алуда, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюда және діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдарда Ұлттық ұлан сарбаздарына үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.

Сонымен қатар Қайрат Қожамжаров бұған дейін Сенаттың салалық комитетінің отырысында қаралған әскери тәртіп, кадр мәселесі, әскерге шақырылатын азаматтардың моральдық-психологиялық жағдайы сияқты мәселелерге тоқталды. Кездесу барысында депутат пен әскери сала мамандары бірқатар заңға, оның ішінде биыл мамыр айында қабылданған Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша заңға енгізілген өзгерістер туралы пікір алмасты.

Іс-шара соңында сенатор кездесу кезінде көтерілген барлық мәселе мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты дайындау және алдағы үш жылға арналған республика бюджетін қабылдау кезінде жан-жақты пысықтауды қажет ететінін айтып, осы бағытта Сенат депутаттары тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.

 

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.