– Бүгінде дәнді дақылдардың орташа өнімділігі бір гектарға 9,8 центнерді құрайды. Қазіргі уақытта 59,1 мың тонна астық бастырылды. Картоп 275 гектар алаңнан жиналды, орташа өнімділік – гектарынан 156 центнерден келеді. Көкөністің жалпы жинағы 2 320 тоннаны құрайды, – деді басқарма басшысы.
Биыл болжам бойынша, жиналған астықтың жалпы мөлшері әр гектардан 9,9 центнерден болуы тиіс. Картоптың жалпы мөлшері шамамен 284,7 мың тонна болады деп жоспарланған.
Қазіргі уақытта астық жинау сынды жауапты науқанға 2 345 комбайн жұмылдырылған. Ал картопты алқапта 16 комбайн қарқынды еңбектің көрігін қыздыруда. Бұдан бөлек, картоп қазғыш 72 техника да дала төсін дүбірге бөлеп, іркіліссіз жұмыс істеуде. Өңірдегі шаруашылық басшылары қолдағы техниканы жаңартып отыруға баса мән береді. Мысалы, биыл егін орағына түскен комбайндардың 12-сі жаңадан сатып алынған.
Табиғатының ерекшеліктеріне байланысты биыл Арқа төсінде астық жинау науқаны 20 қазанда толығымен аяқталады деп жоспарланған. Ал диқандар алдына картопты қазан айының 1-жұлдызына дейін ысырапсыз жинап алу міндеті қойылды.
Биыл ауа райын болжаушылардың мәліметіне қарағанда, облыста қыркүйек айы жауын-шашынды болатын түрі бар. Диқан қауымы бұған да жан-жақты дайындық жұмыстарын қарастырып жатыр. Мысалы, ауа райы астық жинауға бөгет болмауы үшін, өңірлерде астық кептіргіштер әзірлену үстінде.
Жалпы, өңірдегі биылғы астық жинау науқаны облыс басшылығының тікелей бақылауында болмақ.
Қарағанды облысы