ГФР-де ұйымдастырылған байрақты бәсеке барысында барлығы 46 әлемдік және 100 олимпиадалық рекорд жаңартылды. Сол саңлақтар арасында АҚШ-тың жүзушісі Марк Спитцтің асқан шеберлігіне төрткүл дүние жұртшылығы тәнті болды. Калифорния штатына қарасты Модесто қаласының тумасы содан төрт жыл бұрын Мехико Олимпиадасында екі алтын, бір күміс және бір қола медальды иеленген еді. Ал бұл жолы ол айды аспанға бір-ақ шығарды. Мюнхенде түрлі қашықтықта сынға түскен 22 жастағы Марк жеңіс тұғырының ең биік сатысына жеті рет көтерілді. Сол сайыстардың барлығында әлемдік рекордты жаңартты. Осылайша, америкалық жүзушінің есімі бір ғана Олимпия ойындарында жеті мәрте топ жарған тұңғыш спортшы ретінде әлемдік спорттық шежіреге алтын әріптермен жазылды.
Жалпы, Марк Спитц осы белестерді ғана бағындырумен шектеліп қалған жоқ. Ол әлемдік рекордқа 33 мәрте өзгеріс енгізді. Үш рет төрткүл дүниенің теңдессіз жүзушісіне тиесілі арнайы сыйлықты иеленді. Басқа да көптеген аса ірі халықаралық додаларда дара талантымен оқшауланып, түрлі-түсті медальдарды «күреп» алды. Ал ең бастысы, Спитц Олимпия ойындарында олжалаған бас жүлделерінің санын тоғызға жеткізіп, осы көрсеткіш жағынан аты аңызға айналған Финляндияның жеңіл атлеті Пааво Нурми және КСРО-ның гимнасшысы Лариса Латынинамен теңесті. Кейіннен бұл нәтижені америкалық желаяқ Карл Льюис қайталаса, бертін келе АҚШ-тың тағы бір әйгілі жүзушісі Майкл Фелпс 23 алтынды олжалап, жоғарыда есімдері аталған саңлақтардың барлығының алдын орады.
Майкл Спицтен бөлек, спорттық гимнасшылар сайысында жапониялық Савао Като мен КСРО өкілі Ольга Корбут және аустралиялық жүзуші Шейн Гоулд үш реттен теңдессіз деп танылып, сан миллион жанкүйердің құрметі мен қошеметіне бөленді. 100 және 200 метрлік қашықтыққа жүгіруде Валерий Борзов пен Рената Штехер шашасына шаң жұқтырмады. Кеңес Одағының оғланы екі ретінде де АҚШ спортшысын артқа тастаса, неміс аруы әлемдік рекордтарды жаңартты.
Барша жұрт баскетбол алаңында нағыз «жан алысып, жан беріскен» айқастың өрбігенін осы күнге дейін жыр қылып айтып жүр. Мюнхен Олимпиадасына АҚШ құрамасын «баскетболдың профессоры» атанған 70 жасар Хенк Айба бастап келді. Кілең өрімдей жұлдызды жастардан құралған айтулы команда қарсы келгендердің барлығын қоғадай жапырды. Олар Чехословакия (66:35), Аустралия (81:55), Куба (67:48), Бразилия (61:54), Мысыр (96:31), Испания (72:56), Жапония (99:33) және Италияны (68:38) ойсырата ұтты. Енді бас жүлдеге иелік ету үшін бар-жоғы бір матчта жеңіске жету жеткілікті. Ал келесі топта КСРО құрамасы озды. Олардың да екпіні өте күшті еді. Сөйтіп, АҚШ пен КСРО баскетболшыларының жолы ақтық айқаста қиысты.
Шешуші матч КСРО-ның басымдығымен басталды. Олар бәсеке бел ортадан ауғанға дейін қарсыластарынан үнемі біраз ұпай озып тұрды. Кей кездері ұпай айырмашылығы 10-ға дейін де жетті. Ал кездесудің аяқталуына шамамен бес-алты минуттай қалғанда АҚШ құрамасы керемет прессинг қолданып, қарсы жақты біраз әбігерге салды. Хенк Айба қолданған тактика өз жемісін берді. Ал Владимир Кондрашиннің шәкірттері, керісінше, жиі жаңыла бастады. Соның салдарынан таразы басы теңесуге шақ қалды. Соңғы сегіз секунд қалғанда Кеңес Одағы құрамасы 49:48 ұпаймен алда келе жатты. Сол сәтте Александр Белов Зураб Саканделидзеге пас беремін деп, өрескел қателік жіберді. Оқтай зымыраған Дуг Коллинз допқа иелік етіп, шығыршыққа қарай ұмтылды. Саканделидзенің ережесін бұзудан басқа амалы қалмады. Айып добын мүлтіксіз орындаған Коллинз АҚШ-ты бір ұпай айырмашылығымен алға шығарды. Есеп – 49:50. Ал бәсекенің аяқталуына небәрі үш секунд қалған еді.
Үш секундта не бітіруге болады? Сол аз ғана уақытта жеңісті қарсыластардың уысынан жұлып әкетуге болатынын КСРО баскетболшылары осы ойында тайға таңба басқандай етіп дәлелдеді. Бір мезетте Әлжан Жармұхамедов (суретте) допты дереу Сергей Беловқа береді. Шабуылдың басталғаны сол еді, төрешінің ысқырығы естілді. Сөйтсе, айып добы орындалған соң КСРО бапкерлері бір минуттық үзіліс сұраған екен. Оны Ренато Ригетто естімеген. Бразилиялық қазы өз қателігін дереу түзеп, үзіліс берілді.
Кеңес Одағының баскетболшылары жиылып алып, жоспар құрды. Қарсыластары сол кезде «Үш секундтың ішінде не бітірер дейсіз» деп ойласа керек, бейқам тұрды. Үзіліс уақыты біткенде Иван Едешко допты Модестас Паулаускасқа, ол Александр Беловқа береді. Орталық шабуылшы нысананы көздей алмады. Сол мезетте төрешінің ысқырығы қайта залды жаңғыртты. Жеңіске жеттік деп ойлаған америкалықтар қиқуға басты. Бұлары бекер екен. Төреші электронды табло істен шыққанын алға тартып, біраз уақыттан соң екі команданың алаңға қайта шығуын талап етті.
Келесі мүмкіндікті КСРО баскетболшылары қалт жібермеді. И.Едешконың алаңның ана шетінен мына шетіне дейін лақтырған добын А.Белов қағып алды. Қос қорғаушының ортасынан саңлау тапқан ол нысананы дәл көздеді. Доп шығыршыққа түскенде сирена естілді. Есеп – 51:50! Бір айта кетерлігі, баскетбол Олимпиада бағдарламасына енген кезден бері америкалықтар бірде-бір ойында жеңілістің кермек дәмін татқан емес. 1936 жылдан бері олар үнемі бас жүлдені олжалауда. Ал Мюнхенде КСРО құрамасы америкалықтарды тұғырдан тайдырды. Жанкүйерлер мен журналистер тарапынан «Әйгілі үш секунд» деген атауға ие болған тарихи матч осылай өрбіген еді.
Неміс жерінде өткен Олимпиаданың жалпыкомандалық есебінде 99 рет жеңіс тұғырына көтерілген Кеңес Одағының спортшылары көш бастады. Олар 50 алтын, 27 күміс және 22 қоланы қоржынға салды. Екінші және үшінші орындарда – АҚШ (33+31+30) пен ГДР (20+23+23). Сондай-ақ ГФР (13+11+16), Жапония (13+8+8), Аустралия (8+7+2), Польша (7+5+9), Мажарстан (6+13+16), Болгария (6+10+5) және Италия (5+3+10) елдері озық ондықтың қатарынан көрінді.
Міне, ХХ жазғы Олимпиада осындай ымырасыз айқас және толассыз қызықтарымен есте қалды. Сонымен қатар келеңсіз жайттар және қайғылы оқиғалардың тіркелгені жайында да біз жоғарыда айтқан едік. Енді солар жайында әңгімелейік.
5 қыркүйек күні түнгі сағат 4:30-да Палестинаның радикалды ұйымының мұздай қаруланған сегіз мүшесі байқатпай Олимпиадалық қалашыққа еніп, Израиль делегациясы орналасқан жақты бетке алды. Кірген бетте ұйқылы-ояулы бірнеше спортшыны кепілдікке алады. Араларында қарсылық көрсеткендері аяусыз жазаланды. Кейбірін атты, кейбірін азаптап өлтірді, кейбірін жаралады. Террористер өздері «Қаралы қыркүйек» деп аталатын ұйымның мүшелері екендерін айтып, Израиль түрмелеріндегі «Палестинаны азат ету» қозғалысының 232 мүшесін сағат тоғызға дейін босатуды талап етті. Ал өздері Мысырға аттанатындарын айтып, «бізді ұшақпен қамтамасыз етіңдер» деді. Сағат таңғы алтыда бұл жаңалық жер-жаһанға тарады.
Әуелде бұл талапқа көнгендей сыңай танытқан жергілікті билік астыртын жоспар құрды. Террористер мен кепілдікке алынған адамдарды тікұшақпен Мюнхеннің әскери аэродромына әкеліп, «сіздерді Каирға дейін ұшақпен жеткіземіз» деп сендірді. Ал аэродром аймағында снайперлер оқ жаудыруға даяр тұрды. Террористер белгіленген жерге жеткенде, басшылар бұйрық берді де, мергендер дереу іске кірісті. «Қаралы қыркүйектің» мүшелері де қарап қалмады. Екі жақ бір-біріне оқ жаудырды. Теледидар арқылы күллі әлем бұл атыс-шабыстың куәсы болды. Нәтижесінде кепілдікке алынғандар түгелдей қаза тауып, сонымен қоса, бес террорист пен бір полицей оқиға орнында көз жұмды. Барлығы 17 адам о дүниеге аттанды. Қалғандары қолға түсті. Осы оқиғадан бір тәуліктен соң Олимпиада қайта жалғасты. Осы оқиға «Қаралы қыркүйек» деген атаумен тарихта қалды.
Израильдің премьер-министрі Голд Меир палестиналықтардан қалайда кек алуды көздеп, жоғарыдағы оқиғаға қатысы бар адамдардың түгелдей көзін жойыңдар деген бұйрық берді. Ол тапсырма мүлтіксіз орындалды. 16 қыркүйекте «Қаралы қыркүйектің» Рим қаласындағы резиденті Ваэл Әбу Цвайтер өз үйінің ауласында оққа ұшты. 8 желтоқсанда Париждегі резидент доктор Махмұд Хамшаридің телефонына жарылыс қондырғысы орнатылып, қаза тапты. Қаралы тізім сөйтіп жалғаса берді. Бас-аяғы жеті жыл ішінде Мюнхендегі оқиғаға қатысы бар радикалды топтың көптеген мүшесі көз жұмды.
Мюнхен Олимпиадасында Қазақстанның спортшылары да айшықты өнерімен миллиондаған көрерменнің жүрегін жаулады. Классикалық күрестен өткен жарыста Валерий Резанцев барлық қарсыласын жығып, алтын тұғырға көтерілсе, Анатолий Назаренко күміс медальды иеленді. Олардың екеуі де даңқты Вадим Псаревтің шәкірттері. 25 жастағы В.Резанцев Мәскеу облысында туып-өскенімен, оның спорттық мансабы Алматыда басталды. Мюнхенге дейін айтулы балуанның екі дүркін әлем чемпионы деген атағы болса, одан кейін айтулы жарыста тағы үш рет топ жарды. 1976 жылы ол Монреаль Олимпиадасында бас жүлдені олжалады. Үш рет Еуропа біріншілігінде алдына жан салмады. Ал 23 жастағы А.Назаренко үш рет әлемде, екі рет құрлықта теңдессіз деп танылды. Ол – Алматының төл тумасы. Олимпиаданың финалдық сайысында жерлесіміз мажарстандық Чаба Хегедюшке есе жіберді.
Волейболдан КСРО-ның әйелдер құрамасы алтыннан алқа тақса, ерлер қола медальды қанағат тұтты. Осы команда сапында Нина Смолеева мен Валерий Кравченко өнер көрсетті. Екеуі де Алматыда іргетасы қаланған әйгілі командаларда ойнады. Алғашқысы – АДК-ның, екіншісі «Буревестниктің» сапында шеберлігін шыңдады. 1968 жылы Мехикода алауы тұтанған ойындарда жоғарыда есімдері аталған екі волейболшы да чемпиондық атаққа қол жеткізген болатын.
Жеңіл атлеттер жарысында Вениамин Солдатенко күміс медальды еншіледі. Солтүстік Қазақстанға қарасты Аққайың ауданының тумасы 50 шақырымдық спорттық жүрісті 3 сағат 58 минут 24 секундтық нәтижемен аяқтады. Ол тек жергілікті спортшы Бернд Канненбергтен ғана қалып қойды. Семсерлесушілердің командалық сайысында Қазақтың Дене шынықтыру институтының түлегі Игорь Валетов қола медальды мойнына ілді. Су добынан өткен бәсекеде КСРО құрамасы күміспен күптелді. Финалда олар АҚШ-қа жол берді. Сол команданың намысын қорғағандардың бірі – қарағандылық Виктор Абоимов.
Жоғарыда біз баскетболдан КСРО-ның ерлер құрамасы финалда АҚШ-тан айласын асырғаны жайында егжей-тегжейлі баяндадық. Сол жарыста қандасымыз Әлжан Жармұхамедов жасындай жарқырағанын да айта кетуге тиіспіз. Ол 1944 жылдың 2 қазанында бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бостандық ауданының Табақсай ауылында туып-өсті. Солақай саясаттың салдарынан бұл аудан 1956 жылы Өзбекстанға өткені баршаға мәлім. Міне, сол жерде кіндік қаны тамған Мүсірбектің ұлы Әлжан уақыт оза баскетбол әлеміндегі беткеұстар ойыншылардың біріне айналды. Бұл азаматтың есімі қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде тарихта қалды. Сонымен қатар 1976 жылғы Монреаль Олимпиадасында Ә.Жармұхамедов қола медальды иеленді. Екі рет әлем чемпионатында жүлдегерлер санатына қосылды. Еуропаның үш дүркін чемпионы деген атағы тағы бар.