Сұхбат • 28 Тамыз, 2020

Кәріпбек Күйіков: Мені өмірге құштар еткен – өнер

1627 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ жерінде ядролық қару сынағының қасіретін тартқан отбасы аз емес. Талайдың тағдыры, өрімдей жастардың өмірі бір күнде үзілді. Ал енді біреуі адам жасаған зұлматтың зардабын өмір бойы тартты. Олардың арасында қиындыққа бой бермей, қайсарлық танытқандар өте көп. Солардың бірі – тағдырына мо­йы­май, керісінше бар күш-жігерін күреске арнаған суретші Кәріпбек КҮЙІКОВ. Бүгін біз Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнінің қарсаңында қайсар жанмен жүргізген әңгімемізді назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Кәріпбек Күйіков: Мені өмірге құштар еткен – өнер

– Кәріпбек аға, сізді Семей полиго­ны­­ның жабылуына атсалысқан бел­сен­ді­лердің бірі ретінде білеміз. Сіздің отбасыңыз сынақ жүргізілген аймақ­қа жақын жерде өмір сүрді. Сол қасірет өңір­де тұрып жатқан өзге тұр­ғындармен қатар сіздің де тағды­рыңызға тікелей әсер етті. Қазір сол кезді қалай еске аласыз?

– Мен Семей полигонынан 100 шақы­рымда орналасқан Егіндібұлақ ауылында туып-өстім. Ата-анам сол қорқынышты сәттердің куәгері болды. Кезекті жарылыс болғанда біз өмір сүрген шағын үй жермен бірге қозғалатын. Сол маңайдағы тұрғындардың денсаулығына қандай зиян келгенін барлығымыз білеміз. Отбасыларда ауру балалар дүниеге келіп жатты, көбісі кішкентай кезінде шетінеп кететін болған. Анам маған дейін екі бауырымның түсініксіз себептермен ауырып, бақиға аттанғанын айтатын. Ол кезде жарылыстың жер бетіне әсерін ешкім толық аңғармады, білсе де білмегендей болды. Сол жерде жайылған малдың етін жеп, сүтін іштік, сол қоршаған ортада күнделікті тіршілігімізді жасадық. Мен өзім ядролық сынақтарға қарсы қозға­лыс­тың белсендісі ретінде совхоздар­ды аралап, тұрғындармен сөйлесіп, барл­ы­ғын өз көзіммен көрдім. Ауру балалар­дың тізімі өте ұзақ болатын, ал шетінеп кет­кен­дері қаншама. Қанша ата-ана мүге­дек балал­арынан бас тартуға мәжбүр болды.

Кезінде елімізде басталған анти­ядро­­лық қозғалысқа Ресей, АҚШ, Жапо­ния, Түркия және өзге де елдер қосыл­ды. Жапониялықтар өздерін атом қаруынан зардап шеккен жалғыз халық деп санайтын... Кейін­нен біз жайлы толық білген соң ғана қоз­ға­лыс­қа белсене атсалыса бас­тады. Алматы­да телемарофон өтті, біз еліміз­дің ай­мақтарында, шетелдерде бейбіт шерулер өткіздік. АҚШ-тың Невада штатына бардық, оларды өзімізге шақыр­дық. Жарылыстың құрбаны бол­­ған отбасылардың үйінде болып, олар­­дың да ауру балаларын көшеге шы­ғара алмай қамалып отырғандығын көр­дік. Балалардың қиналғанын көріп жүре­гің ауырады. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың шешімімен қазақ жерінде бұл сынақтардың тоқтағаны қуантады. Нәтижесінде, Қазақстан бүкіл әлемге өзінің бейбітшілік пен татулықтың жаршысы екенін көрсетті және ол жолдан осы күнге дейін айныған емес.

– Қазір Елбасының бастамасымен қолға алынған халықаралық ядролық сынақтарға қарсы АТОМ жобасының құрметті елшісісіз. Осыдан отыз жыл бұрын бастаған миссияңыздан жаңылмай, ядролық қарусыз әлем құруға әлі де атсалысып келесіз. Осы игі бастаманың бет алысы қалай?

– АТОМ жобасына қатысуға ша­қырту алған сәтте ұсынысты бір­ден қабылдадым. Өйткені мен бұл тақы­рыпқа ғұмырымды арнадым десем артық айтпаймын. Осы бастама шеңберінде көптеген халықаралық деңгейдегі келіссөздерге, шараларға қатыстым, ядролық қарудан бас тарту тақыры­бына арналған көрмелерімді өткіздім. Жобаның интернет ресурсында мемлекет басшыларынан ядролық қару­сыз әлем құруды талап ететін онлайн пе­ти­ция бар. Оған қазірге дейін бүкіл әлем­де 400 мыңнан астам адам қолдап қол қойды. Қазақстан бейбітшілікті қол­дай­­ты­нын талай дәлелдеді, ал ел астана­сы осы мақсатта келіссөздер жүргі­зе­тін бірден-бір ашық алаңға айналды. Біз мұны мақтан тұтуымыз керек. Елі­міз­дің Тұңғыш Президенті Нұрсұл­тан Назар­баев өзге елдерді де Қазақ­стан­ның үлгі­сі­мен ядролық қаруды сынау­дан бас тар­туға шақырып келеді. Атом­дық, хи­­мия­­лық не биологиялық қару теріс мақ­­сат­ты топтардың қолына түс­кен жағ­­дайда адам­затқа үлкен қауіп төнеді. Мұ­ны түсін­ген Елбасы және жоба­ның жақ­тас­тары қолдарынан келгенше идея­ны халық­аралық қоғамдастыққа жет­кізуге тырысып келеді. Жастардың тарих­ты ұмытпай, адам баласының басты құн­ды­лықтарын әрдайым есте сақтауын мақсат етеміз.

– Сізді халық қоғам белсендісі ғана емес, дарынды суретші ретінде тан­иды. Әңгімемізді осы өнер тақырыбына бұрсақ. Басқа мамандық бойынша білім алсаңыз да, өзіңізді осы саладан таптыңыз. Жастайыңыздан сурет салуға қызықтыңыз ба?

– Өмір бойы сурет салып келемін. Арнайы сабақтарға бардым. Ресейден бухгал­терлік оқуды бітіріп келген соң әрі қарай немен шұғылданамын, мені жұмыс­қа қабылдар ма екен деген ой болды. Қолымнан сурет салу ғана келеді, алай­да бұл салада кәсіби білімім болмады. Сонда әкем Қарағандыдағы оқу орын­дарының біріне апарып, ректордан оқуға қабылдауын сұрағаны есімде. Алайда менің жағдайымда оқу процесін ұйымдастыру оңай болмайтынын айтып, арнайы мүмкіндіктердің жоқтығын алға тартты. Мен бұған еш қаймықпадым. Кітап­ханаға барып арнайы әдебиетті мең­гере бастадым, соңында өзім үйреніп шық­тым десем де болады. Ешнәрсеге өкін­бей­мін, мен суретті өзім үшін сала­мын. Ал егер еңбегімді біреу бағалап жатса, о­ған шексіз қуанамын. Алғаш  рет ақша тауып анама алып келгенде, мен де өзгелер секіл­ді өмір сүре алатынымды түсіндім.

– Қылқаламыңыздан туған  туындылар жайлы айтып берсеңіз.

– Картиналарым менің жан дүнием­нің, көңіл күйімнің көрінісі. Қиын бол­­ған сәтте суреттер қараңғы болып шы­ғады. Поли­гон құрбандарына ар­нал­ған сурет­терім­де трагедия, қасірет пен кү­йініш ба­сым. Негізі мен пейзаж салғанды жақсы көре­мін. Табиғаттың әдемі көрінісі арқы­лы Жер ананың адам қолы тимеген сұлу­лығын көрсеткім келеді. Осы­­лай­ша адам әрекетінің қоршаған ор­таға қан­ша­лықты зиян тигізуі мүмкін еке­нін жет­кізуге тырысамын. Соңғы жыл­дары ден­сау­лығыма байланысты бұ­рын­ғыдай көп туынды салмаймын. Алай­да қоғамда болып жатқан оқиғалар мені бейжай қалдырмайды. Қазір есіме бір­неше жыл бұрын салған картинам түсіп тұр. Бір қыз­дың жаңа босанған нәрес­тесін жолға тас­тап кеткені есіңізде болар. Сол оқиға ма­ған қатты әсер етті. Ақын­­дарымыз өлең арнап жатты. Мен кар­ти­намда аяқ-қолы сау тас­­танды бала­ның жолда жатқанын, ал жас қыз­дың шарасыздықтан осы амал­ға бар­­ғанын бейнеледім, себебі бұл оның өз шешімі емес еді, ол үлкендердің айтқанын істеді.

Мен әрбір туындыны жан-тәніммен сезініп, тура сол сезімдерді өз басымнан өткізіп барып саламын.

– Сізді қоғамда үлгі тұтатын адамдар өте көп. Жастармен де жиі кездесіп, өз басыңыздан өткен оқиғаларды айтып, дұрыс жолға бағыттауға тырысасыз... Жалпы, тағдырдың тәлкегіне ұшырап, өмірден өз еркімен қол үзбек болған жандарға не айтасыз?

– Студенттермен, мектеп оқушы­лары­­мен, мүмкіндігі шектеулі жандармен жиі кездесемін. Қиындыққа қар­сы тұра алмай, еңсесін түсіріп, күш-жігерін жоғалтқан жастар көп. Оларға өз өмірімді мысалға келтіре отырып, өзің­ді өнерден, спорттан не басқа сала­дан табудың маңыздылығын баса айтамын. Адам бұл өмірде өзін таппаса, күресуден қалады. Бұл ата-әжесінің зейнетақысына қарап отырған кейбір он екі мүшесі сау жастарға да қатысты. Әрдайым өзіңді іздеуден жалықпай, бір салада маман ретінде қалыптасуға ұмтылу керек деймін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»